Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық рух пен құндылықтар кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық рух пен құндылықтар кепілі

Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Қажыбаев Көкше жұртшылығына кеңінен танымал. Кезінде облыстық газет редакторының орынбасары, «Көкшетау» газетінің редакторы болған. Ағамыз қол қусырып қарап отырған жоқ. Зейнетке шықса да тәуелсіз «Бұқпа!» газетін, «Жер шоқтығы» журналын басқарады. Сондағы мақсат не? Жауабын мына бір ұзақ өлеңінің екі тармағынан тапқандай болып, Көкшетау қаласының Құрметті азаматын сұхбатқа шақырған едік.
…Тілім барда өлмеймін, өрістеймін,
Тілім үшін шайқаста беріспеймін, – деп толғанады ақын.

– Төке, Тәуелсіздігіміздің жемісін көріп жүрміз. Ал, сіз «шайқас біткен жоқ, беріспеймін» дейсіз. Ойыңызды таратыңқырап айтыңызшы.
– Мәселе – Тәуелсіздікте. Елбасымыздың: «Тәуелсіздікті ай са-йын, апта сайын, сағат сайын, сәт сайын қорғап, күшейте беру керек», деген сөзі бар. Сондықтан, қарнымыз тоқ, киіміміз бүтін, еліміз тыныш болғанына мәз болып жүре бермей, қазіргі заманда ұлттық рухымызды асқақтата беру – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған асыл парыз. Өйткені, рухы күшті халық жасампаз келеді. «Айбарлы болсын десең азаттығың, қадірле қасиетті қазақ тілін» демекші, қазіргі күннің қабырғалы мәселесі – ана тілінің мәртебесі. Ендеше, адамның арын қозғатып, қоғамдық ой тастайтын бұл мәселеге бел буып кірісіп, белсенділік танытқанымыз жөн.
– Тіл мен рухты байланыстырып отырсыз. Мәнісі неде?
– Тіл – рухтың ғана емес, халықтық құндылықтарымыздың қайнары. Тілдің әлсіздігі ұлттың рухани жағынан әлсіреуіне алып келеді. Себебі, тіл ұлттық дамудың басты белгісі, оның тағдыршешті жиынтық көрсеткіші. Мынаған қараңыз: «О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде». Осы жолдар халқымыздың ана тілін қалай қастерлейтінін көрсетіп тұрған жоқ па?
– Тәуелсіз қоғамның ұстанымы да осы. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеру үнемі назарда болып, нақты қадамдар жасалып жатқанына талас бар ма?
– Қазір құдайға шүкір, ана тілін мемлекеттік тіл деп жариялаған Қазақ елі ұлттық мемлекетін құрып, жер жүзіне таныла бастады. «Тіл туралы» заңымыз да бар. Бұл мемлекеттік деңгейдегі саясатты жүргізудің құралы болуы керек. Әйтсе де, қазір қазақ тілінің қоғамымызда атқарып отырған қызметі көңіл көншіте бермейді. Бұл орайда, үнемі айта беретін жарнамалардың қателігін, тілімізді біліп-білмей бұрмалаудың, тіпті шалажансар жаңа сөздердің пайда болғанын тізбелеудің қажеті жоқ шығар.
– Сонда, сізді тілге қатысты қандай толғаныс мазалап жүр?
– «Мәңгілік Ел» ұранын көтерген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жуырда БҰҰ-ның биік мінберінен қазақша сөйледі. Қатты қуандық. Бүгіндері «Тіл туралы» заңды іске асыру үшін қыруар қаржы бөлінуде. Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға респуб-лика бойынша 10 миллиард теңге жұмсалған. Елбасы Н.Назарбаевтың өзінің бастамашылдығымен құрылған «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» да нәтижелі істерімен белгілі. Таяуда ғана Президентіміз Қытай елі марапаттаған «Жібек жолы» сыйлығының қомақты қаржысын осы қорға аударды. Оның үстіне Елбасының «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде», «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», «Он бес жылда аю да қазақша үйреніп алатын уақыт болды» деген қанатты сөздерін білесің. Осының бәрі тегін айтылды ма?..
– Мәселеге басқаша тұрғыда қарап, терең мағынада ой қозғамақсыз ғой.
– Данышпанситындай емес, әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік деректеріне пайымдап қарайтын күн туғандай. Бүгінде жер-жаҺанда 6 мыңнан астам тіл болса, шамамен бүкіл әлемнің 50 пайызға жуығы бір тілде сөйлейді екен. Ал, осы ғасырдың аяғында 6 мың тілдің 10-ақ пайызы қалып, 90 пайызы жойылады деген болжам бар. Сол 10 пайыздың ішінде қазақ тілі қалуы үшін қазіргі мә-дениетаралық, ақпараттық шабуылдар кезінде барымызды салуымыз керек.
Ойланатын жайлар жоқ емес. Бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызы үй-ішілік қарым-қатынастарда қазақша, 11 пайызы орысша, ал 27 пайызы екі (қазақ, орыс) тілде сөйлейді екен. Бұл дегеніміз, қазақтардың 60 пайызы қазақ болып қалғанда, 40 пайызының 11-і орыстанып, 27-сі орыстанудың сәл-ақ алдында тұр деген сөз.
Мұны сарыуайымға салыну деп те қарамаған жөн. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ХХІ ғасырға аман-есен жетіп, тәуелсіз ел болып өмір сүруде. Елдің еңсесінің биіктігі рухының биіктігіне байланысты. Ал, рух дегеніміз, тікелей тілдің аясында ғана жүзеге асады. Қазақ елінің рухы әманда биікте болатындығына сенеміз!
– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар