Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нанды қалай сатқан дұрыс?.. - АРҚА АЖАРЫ

Нанды қалай сатқан дұрыс?..

 10 қарашада республикалық телеарналар арқылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров елімізде нанды үнемді тұтыну үшін  оны кесілген түрінде және аз бөліктермен сатқан дұрыс деген пікірін білдірді.

  Бұл ұсыныс бекерден-бекер туындап отырған жоқ. Бұрын Кеңес Одағы кезінде нанның ысырабы қалай көп болса, қазір де солай. Жұрт нарық заманы, қымбатшылық деп қарап жатқан жоқ. Әрбір үйде нан рәсуа болып қалуда. Бұған кей жағдайда үй иелері де кінәлі емес. Қазіргі дүкеннің наны қалай сақтасаң да, тез қатып,  көпке бармай көгеріп кетеді. Сондықтан, олардың қызығын қоқыс төгетін контейнерлер көруде. Оның үстіне отбасы мүшелеріне күніне қанша нан жұмсалатынын дөп басып мөлшерлеу де қиын. Адамның тәбеті ас үстінде келеді деген бар. Келім-кетім қонақ та болып тұрады. Мәселен, атам заманнан ас-судың қорын үзбей үйренген біздің қазақ дүкеннен нанды да жеткілікті алады. Ал, жегеннен артылған ескі нанды амалсыз қоқысқа тастайды. Әрине, «ас атасы – нан» дегенді естен шығармай, қадір-қасиетіне жеткендер оны целофан қалташаға салып, тым болмаса, далада үйсіз-күйсіз жүргендер алсын деп контейнерлердің шетіне қойып жататынын да талай көзіміз көріп жүр.
Ал, енді нанды кесілген түрінде аз бөліктермен сатқан дұрыс  деген әңгіме неден шығып отыр? Бұқаралық ақпарат құралдарында бұдан бұрын хабарланғанындай, Үкімет 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап нан бағасын реттеуден бас тартып,  оны белгілеудің нарықтық тетіктеріне көшу туралы шешім қабылдап отыр.
– Біз осы уақытқа дейін жылына
11,5 миллиард теңге  қаржы жұмсап, нанның бағасын ұстап тұрдық. Бірде-бір дамыған елде нанның бағасын былай ұстамайды. Сондықтан, жоғарыдағы қаражатты одан да ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жіберген жөн ғой деп ойлаймын. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға  нан мәселесінде атаулы көмек көрсеткен тиімді, –  дейді бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі  Асылжан Мамытбеков.
Алдын ала есептеулерге қарағанда, келешекте мұндай әлеуметтік жәрдемақы алатындарға кететін шығынның да мөлшері белгілі. Ол шамамен 2 миллиард теңгені құрайды. Әрине, бұл нанды субсидиялауға жұмсалатын шығыннан әлдеқайда аз.  Бірақ, мұның өзі министрлікке қолайлы болғанымен, негізгі тамағының бірі осы нан болып отырған халықты қайда қоясыз?!
Рас, нанды кесілген түрінде және аз бөліктермен сату керек деген сөз айтуға оңай. Көпшілік мұны құптағанымен, сауда орындары қолдай қояр ма екен? Өйткені, нанды сөрелерге турап қою, әрі туралған нанның кеуіп кетпей, жұмсақ күйінде сақталуы, бес-он кесіммен сатылуы,  осының бәрі оларға қосымша жұмыс. Онсыз да азық-түлік бағасын үстемелеп отырған бүгінгінің кәсіпкеріне салсаң, оған нанды турамшылап сатқаннан да, тұтастай бөлкемен сатқан әрі оңай, әрі пайдалы. Олардың содан танбайтыны ақиқат. Жоғарыдан пәрмен болмаса, дүкендер сияқты, наубайханалардың да ә дегеннен мұны қолдай қоюы екіталай. Өйткені, сауда орындарымен екеуінің жұмысы бір. Екеуі де істің өздеріне тиімді жағын ойлайды.
Бұл арада, біздіңше, аз бөліктермен деген сөзге қосылуға болады. Мәселен, қазіргі қолданыстағы бөлкелердің жарты көлеміндей етіп пісірген нан өнімдерінің нан ысырабын болдырмауға әжептәуір септігі тиер еді. Айталық, қара бидайдың наны көптен бері осындай шағын қалыпта пісіріліп жүр ғой. Міне, ақ нан да солай пісіріліп, сатылса, вице-министр көтеріп отырған мәселе  өз нәтижесін беретініне сөз жоқ. Өйткені, біреулер қалауы бойынша сондай  бөлкені  таңдап, біреулер үлкенін алып, сайып келгенде, нан ысырабына белгілі бір тосқауыл қойылатыны айдан анық.
Қалай айтқанда да, көптің маңдай терімен келетін ас атасының рәсуалығына жол бермейік десек, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровтың сөзі көп болып ойлануға да, одан бір қорытынды шығарып көруге де тұратын сияқты.
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар