Орал қаласында қазақ күресінен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Жас барыс» республикалық турнирінде жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, спорттық жекпе-жек конфедерациясы, республикалық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарысқа барлық облыстардан 250-ден астам балуандар қатысты.
Республикалық жарыстың алдында Көкшетау қаласындағы «Қайрат» спорт залында іріктеу сайыстары өткізілген болатын. Облыстың барлық аудандарынан үш жүзден астам балуандар жиналып, үлкен жарысқа қатысатын жолдаманы сарапқа салды. Сөйтіп, облыстық жарыста жауырыны жерге тимеген мықтылар іріктелді.
Тартысты өткен республикалық балуандар белдесуінде 73 келі салмақ дәрежесінде 15 жасар Асығат Біләлов қола жүлдегер, 64 келі салмақ дәрежесінде Әділ Жақсылықов пен жүз килограмм салмақ дәрежесінде Нұрлан Аяпбергенов «Жас барыс» республикалық турнирінің күміс жүлдегерлері атанды.
Аталмыш жарысқа балуандарды қосуға шарапаты тиген Көкшетау қалалық, Ақкөл және Ерейментау аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріне бір ауыз алғыс айтқан да жөн. Ересектердің жарысынан есеміз кетіп жүргенде, жастардың жарып шыққаны облыс үшін мерей болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: күміс жүлдегер Әділ Жақсылықов.