ақмолалық жас таланттар биылғы «Шабытта» олжа сала алмады
Астанада халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалі мәреге жетті. Конгресс-холлдағы салтанатты кеште фестиваль қорытындысы шығарылып, жүзден жүйрік шыққандар марапатталды.
388 қатысушының арасынан фестивальдың басты жүлдесі – Ел Президентінің Кубогы мен 500 мың теңгенің көлеміндегі ақшалай сыйлыққа қазылар алқасының бірауызды шешімімен «Классикалық музыка. Скрипка» аталымының бас жүлде иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Мақпал Жүсіпова лайық деп танылды.
Талантты жастар үшін нағыз өнер додасына «Халықтық музыка», «Спорттық бал биі», «Қолданбалы өнер» аталымдары бойынша 16 ақмолалық ұл-қызымыз да қатысқан болатын. Алайда, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжі мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжі, сондай-ақ, «Реверанс» спорттық би клубынан іріктелген бұл жастардың биыл «Шабыт» фестивалінде жолы бола қоймады.
Бұған дейін іргелі байқаудың Гран-при, басқа да жүлделерін алып жүрген ақмолалықтар үшін фестиваль мұнымен бітпейтіні анық. Сонда да, басқа өңірлердегі замандастарымен нық иық тірестіріп, «Шабыттың» жүлдесі үшін күресе алар талантты жас ақындарымыз, суретшілеріміз, әншілеріміз қайда дейсің? Келесі фестивальдарда баса мән беретін бір мәселе осы болса керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.