Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бар мен жоқ - АРҚА АЖАРЫ

Бар мен жоқ

немесе қазақтың бүгінгі хал-ахуалы

Мынау дүние-жаратылыс ықылым заманнан, әлмисақ уақыттан бермен қарай тоқтаусыз тіршіліктің келіп-кететін, алмағайып заңдылықтармен ауысып, түрленіп, жаңарып, жоғалып отыратын гөй-гөй уіліне, аласапыран ащы зарына үнсіз ғана құлағын тосып, меңіреу қалып, сүлесоқ мінез танытып, еш өзгеріссіз өң көрсеткендей болғанымен, саналы һәм ойлы адам өзі өмір сүріп жүрген айналасын аңдамай, байыптап, бағамдамай отыра алмайтыны  рас. Уақыт деген ұлы құдіреттің алдында тұрып кешегі ымырт өткенін, сәскелік бүгінгісі мен таңжарық ертеңін барлай бажайлап өмір керуенінің бұйдасына өзінше жармасатыны тағы рас. Адам пенденің ғұмыры жаспен өлшенсе, табиғат бедері мезгілмен түрленіп біртұтас тіршіліктің уақыт айналымындағы шеңбер бойымен ауысып  келе беретіні мақшарға дейін жазылған заңдылық болса керек-ті. Абайша айтқанда, «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел… Туған өлмек, жас қартаймақ… Өлмек үшін туғансың ойлан шырақ… Өлсе өлер табиғат, адам өлмес…»  Адам баласының көркемдік-философиялық ой-санасында ұрық тастап, шешек атып, бүр жарған өмір мен өлім, жақсы мен жаман, ізгілік пен зұлымдық, ақ пен қара сияқты Мәңгілік категориялардың басы осы «Бар мен Жоқтың»  шыңырау шүңейт тереңінен шымшымдап шығып жатса керек-ті. «Бар мен Жоқ» – жаратылыстың заңдылығы, тіршіліктің ұстыны, болмыстың  айнасы! Ал, барыңның бағасына жету, жоғалтқаныңды түгендеу басқа әңгіме.
Бүкіл әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі ретінде Қазақ елінің қандай да бір мәселелерден шетін қалуы мүмкін емес. Жарайды, «көппен көрген ұлы той». Баяғы қазақ солай депті. Ал, бүгінгі қазақтың халі нешік? Орыс отаршылдығының  қамытын екі ғасырдай киіп, Кеңестік империяның темір ноқтасына күштеп көндірілген, сол тең жарымынан астамы аштан қырылып, туған жерінен еріксіз босып кеткен, бай-бағыланы итжеккенге айдалған, оқыған-тоқығандары ұлтшыл деп атылып кеткен, қалған қайманасы «тыңның» желеуімен тоз-тозы шығып, тілінен, ділінен, дінінен айырылуға шақ қалған ұлттың  көз жасы, обал-сауабы бар екен. Жанышталып  жаншылған, таланып тапталған, еңіреп езілген жасқаншақ сүлдерімен тәуелсіздіктің қақпасынан имене кіргеніне де ширек ғасыр болып қалыпты. «Жыртық үйдің құдайы бар». Баяғы қазақ солай депті. «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» дедік. «Қайтқан бағым қайта оралды» дедік. «Атам жетпеген арманға балам жетті» дедік. Қуандық, шаттандық, мәз болдық, тойладық! Қазір де солай. Абай айтқандай,  осы қазақтың  шын қуанғанда не істеп, не қойғанына да есеп бермей, босқа далақтап, даңғаза шудың дүрмегімен кетіп те қала жаздағанын енді байқап жатқандаймыз. Тәуелсіздік туралы ұғымның өзі жетілмеген балаң мінез танытып, «кедейдің бір тойғаны – шала байығаны» болып, сауын айтып, ас беріп, қара жарыс шапқыласпен біраз жылдарды қалай артқа тастағанымызды да аңдамай қалғандаймыз. Баяғы қазақтың ақ адал мінезі, ақ жайма көңілі. Осы дүниенің еркесіндей сезініп, керіліп, созылып, найқалып, шайқалып, керенау басып, кербезденіп,  айналаңдағының бәрі түп-түгел маңдайыңнан сүйіп, айдарыңнан сипайтындай көргеніміз де рас.  «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» деп Мағжан айтқандай қазақ та бір бала! Ақынжанды халықтың жүрегі таза, пейілі кең, ниеті  ақ қашанда. Сөйтсек, мынау Дүнияңыз – ғаламдағы ықпалдастық, ымырасыздық, ыңғайластық «күлшелі баланы» дәйім сүйе бермейді екен. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан». «Көсеудің бір басы қашанда ыстық». Жұмыр жерді әлдеқашан бөліске салып, бөлшектеп үйренген,  әккіленген алпауыттар алдап та, арбап та, үркітіп те,  қорқытып та барыңды басып қалуға дайын тұрады екен. Айналаңа сәби көзімен қарау – аңғалдық, ақылсыздық  болып шықты. Барыңды баянды, ғұмырлы ету  бәрінен де қиын, бәрінен де маңыздырақ екен. Қысқасы бар болу қиын, жоқ болу оңай. Қош, сонымен бүгінгі қазақ қоғамы не халде, нені базарлап, несіне өгейсіп жүр? Бары орнында ма, жоғы түгенделді ме?
Біз әмсе барға қанағат, жоққа салауат айтқыш халықпыз. Арғы тегімізден шүкір мен тәубесін ұмытпаған елміз. Сабыр мен төзімді серік еткен жұртпыз. Жақсыға да, жаманға да дағдыланғыш, кез келген жағдайға бейімделгіш ұлтпыз. Сондықтан да болар, «мұнан да жаман күнімде тойға барғанмын», «қанағат қарын тойдырады, қанағатсыз жалғыз атын сойдырады», «тарта жесең тай қалады, асай берсең атан да кетеді» деп осы күйіне, осы қалпына ырза көңілмен, үнем ғадетпен пейіл танытып, «дүние жалған.. барыңда оралыңның ойна да күл» деп өмірдің әр сәтінен ілгек, себеп іздеп, соны ұлан-асыр той-думанға айналдыруға бейіл жұрт едік. Әнсіз таңы атпайтын, күйсіз күні шықпайтын сауықшыл ел едік. Бар. Болған. Қазір де солай сыңайлы. Әйткенмен… Өмір-өзеннің ағысы бірде баяу, бірде қатты секілді сезілгенімен баяғы қалыпты жүрісінен жаңылмай кілкіп, беті жыбырлап жатқандай көреміз. Күнді-күнге жалғаған айлардың асығыс топаны жылдарға қалай апарғанын да білмей қалып, «апырма-ай, ол күні кеше секілді еді ғой, уақыт қандай жылдам»  деп анда-санда аңтарыла ойланып қалатынымыз бар.  Оны «күйбең өмір, күйкі тіршілік» деп қоямыз. Сол күйкі тіршілік, күйбең қарекет есектей жегіп, итше жетектеп алғанына көнгіміз келмей, кей сәтте тулағымыз келетіні бар. «Кедейдің аузы аққа тисе мұрны қанайдының» кері болып, ол «тулау» екі сағаттан әріге аса алмайды. Капитализмнің қатаң заңдылығы  сенің бас асау мінезіңе,  ұзын арқау, кең тұсау қазақы болмысыңа қарамайды да. Аяғыңды созып, ұзын көсіліп жатып, күн тас төбеге келгенде есінеп-құсынап оянып,  айналасын түгендемек болатын жатып ішер ғадетіңнің күні батқан. Айналаң жанталас. Қапы қалмайын деген қарбалас. Алас-күлес. Арпалыс. Таңның атысы, күннің батысы тырбаң-тырбаң әрекет, тық-тық жүріс. Не үшін? Ақша табу керек! Ақша – тіршіліктің кілті, байлығыңның көзі, алаңсыз өмір сүруіңнің кепілі! Не қылсаң да ақша тап! Сенің қалай тапқаныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Ұрла. Жымқыр. Ебін тап, екі аса! Ақшасыз  құның бес тиын, күнің қараң. Ешкім бөліп бермейді. Тірнектеп тапқаныңды өзің де иттей қорисың. Мына заманда ақша – бедел, абырой, сыйластықтың жол-жоралғысы. Ақшасы жоқ адамды ешкім сыйламайды. Ақша таппасаң отбасыңа да қадірің жоқ. Ақша – қаруың. Онымен қорқытасың, әлімжеттік етесің. Ақшалы болсаң ешкімнен қорықпайсың. Керек болса сатып, паралап аласың. Ақша – абыройың! Қайда барсаң да басыңа емес, байлығыңа қарайды. Соған сай сый-сияпат қылады. Ақшадан құнды нәрсе жоқ. Ақша – би, сен – құл. Ақша болса…. бәрі болады! Осындай психология мамыражай қазақтың мінезіне дерт болып жабысты. Бесіктегі баладан бастап ақшаны жақсы көретін болды. Ақыл сұрамайды, кеңес тыңдамайды. Тек ақша сұрайды, ақша алғысы келеді. Ақшаң болмаса ағайының да алпыс шақырым алыс жүретін болды. «Кедей бай боламын, бай құдай боламын» деген зауал заман ұлттық мінезімізге салқындық, немқұрайлылық, өзімшілдік секілді жат пиғылдарды сіңіре бастады. Анау  жылдары осы қазақ бір-біріне келіп-кеткіш, сәлем-сауқат сұрағыш, барын бөліскіш, жоғын түгендегіш, көпшіл секілді еді. Шақырусыз шапқылап бара беретін, бұлданбай, тұлданбай келе беретін. Барың да, жоғың да бірдей. Жылы қабағың, кең пейілің, бар мәзірмен дастарханың жиналмай тұрса болды. Сағынып табысып, қимай қоштасып, өмірдің бір сәтінен риясыз көңіл-күй жасайтын-ды.  Ал, қазір ше? Айналасы он-он бес жылдың ішінде мүлдем өзгеріп сала берді. Шақырмаса бармайсың. Кел демесе кірмейсің. Оның өзінде таңдап, талғап. Әншейін көңіл жықпастыққа. Әншейін  бір міндетті атқару секілді. Борыштан құтылу сыңайлы. Сен де албырап бармайсың, олар да жалбырап қарсы ала қоймайды. Астыңа мінген көлігіңе, қызметіңе, киген киіміңе, атақ-абыройыңа қарай. Сылыңғыр, сұлу-сыпайы сыйластық. Әншейін сіз бен біз. Өзімсіну атымен жоқ.  Жақыныңа да жатсың. Баяғыдай еркін емессің. Қаладағыларды қойып, ауылдағы қазақ та баяғыдай кіріп-шығып мидай араласып жатпайды. Томаға-тұйық. Тоңторыс. Бұрын осы қазақ жақсыға да, жаманға да елең ете түсуші еді. Жақсысына қуанып, жаманшылығына кейіп. Қазір селт етпейді. «Ее, солай болып па?» деп те ерін жыбырлататындар аз. Жандары сірі, іштері  мұздай, жүректері тастай. Еш нәрсеге шімірікпейді. Құлағының еті өлген. Жүрек еті берішке айналған. Қайыңның безінен қатты. Бұрындары «сағыну», «аңсау» деген жақсы көңіл-күй болушы еді. Осы қазір адамды адам сағынбайтындай көрінеді. Керісінше жалыққан сыңайлы. Сағынышты сәлем хаттарды айтсайшы! Әппақ параққа жылы жүрегіңнен, ыстық көңіліңнен  мөлдіреп, тізіліп түсетін сол маржандай сөздерге толы хаттар расында «Сағынышты сәлем хат» деп басталушы еді ғой.  Сол хаттарды апталап, айлап күтесің. Он қайтара оқисың. Жүрегіңнің сыртына басасың, жастанып жатасың, қылау тигізбей сақтайсың. Сол сағыныштарды материалдық байлықты мақсат тұтқан мына қоғам мен технократтық үрдіс сағымға айналдырып жіберді. Құрттай жеп бітті. Ақпарат пен телекоммуникациялық байланыс қаншалықты жақындаған сайын, жиілеген сайын адамдардың жан дүниесі соншалықты алыс-тап барады. Сағыныш тек көркем әдебиеттегі кейіпкерлерде ғана қалғандай сезіледі! Сіз кімді сағынып жүрсіз?! Сізді біреу сағына ма?
Қазір қазақы ортада тойдан көп дүрмек жоқ. Заман тыныш, ел түзу, тойдан құдай айырмасын  деп жөптеп жатамыз. Ежелден ұрпақтың қамын ойлайтын, солардың табанына қадалған шөгір менің маңдайыма кірсін дейтін халықпыз ғой. Барымызды бала-шағамызға шашамыз. Алайда, осы тойыңыз ашық бәсекеге айналғалы қашан. «Иттің арты тырқ етсе Бүйенбай» демекші,  болмашыны  той-томалаққа  айналдыру салт болды. Әр жерде өзінше ғұрып жасап әуре. Бұрын ата-бабасында болмаған. Қазақ бауырларымыз көп топтасқан бір өлкеде тойдан кейін міндетті түрде берілетін «Қайтару шайы», «Тойтару шайы» дегендерді ойлап тауыпты. Тойға беделді, атақтыларды шақыру – сол тойдың мәртебесі, той иесінің беделі. Астана жақта бір тойда «әкім әне келеді, міне келедімен»  барлық тойшыларды екі сағаттай күттіріп қойғанын естіп жағамды ұстадым. Сонда бұл әкімге арналған той болғаны ғой?! Шетелде немесе өзімізде танымал болған әншілерді жалдап шақыру әлгі тойдың абыройын одан әрі аспандатып жібереді. Асабасы арзан болса, той да арзан секілді. Бар жиғанын шашады, жоғы банктерден несие алады. Тыраштық. Дарақылық. Арзан мақтан. Ат оздырмақтық. Абырой асырмақтық. Тойдың жөні бір басқа. Топырақты өлім де солай болып барады. Осы қазақ бәсекелестікті басқа жағынан өрістетіп, ақыл-ойын оздырып жатса ғой, шіркін!.. Иә, айтпақшы қай жерде де уақытында басталған қазақтың тойын көргем жоқ. Басқаның алтын уақытын сыйламайтын бір халық болса, ол – қазақ! Сіздің жақта той қалай?
Соңғы кезде қазақтың болмысына дендеп еніп бара жатқан әлеуметтік-психологиялық дерт, ол – жағымпаздық.  Пайымдауымызша осы  бір жәркеш мінез құлдық психологиядан жұққан  кесел. Анау патша заманында  ұлықтың алдында құрша жорғалау деген төменшектік қазір тіпті асқынып кеткендей. Осыны ойлағанда С.Мұқановтың «Өмір мектебіндегі» Нұртаза еріксіз еске түседі. Жалтақ жағымпаздық көзбояушылықты туғызады. Қазір қайда да дөкей біреу келе жатыр десе ауланы, көшелерді, ғимараттарды бояп, сырлап, әлеміштеп қоятын әдет пайда болды. Сосын жаппай жалған мақтау, көпірме көпшік сөздер! «Мықтының», өзінен зордың көзіне түсіп қалмақтық. Содан мақтау, марапат  күту. Иіліп тұру, имиіп жүру, итаяғын жалау. Осындай мінез қалыпты нормаға айналып барады. Жасы үлкенді сыйлау, ел ағасын қадір тұту, басшыны құрметтеу секілді дәстүрлі қалыпты жалбағай жағымпаздықпен шатастырып алдық. Жағымпаздыққа кімдер барады? Жантықтар. Білімсіздер. Дарынсыздар. Адамды қойып ит жиіркенетін сорақы жағымпаздықты көріп тұрған әлгі «мықтылар» неге қой демейді?! Тыйып тастамайды? Мынандай бір жағдайды бір танысым айтып еді. Қиыр шалғайдағы бір аудан әкімінің әкесі қайтыс болып, қара құрым жұрт зират басына марқұмды жерлеуге жиналады. Әкесінің қазасына қайғы жұтқан әкім зират басында қара көзілдірік киіп тұрса керек. Топырақ салу – әр мұсылманның парызы. Қадамы сауаптан болады. Солардың ортасында  жағымпаз да бар екен. Сырт көз сыншы емес пе, біреу байқап тұрған. Сірә, әлгінің сондай қасиетсіздігін бұрыннан білсе керек. Қайта-қайта күрекке таласып-тармасып жүріп, әкімнің әкесіне төрт рет топырақ салыпты.  Топырақ салып жатып әкім жаққа жалтақтап қарап қояды дейді. Сондағысы әкімнің көзіне түсу екен. Жайлы бір орыннан дәмесі бар сыңайлы. Әлгі имансыз найсап өлім-топырақ үстінде тұрып өзінің бақай есебін жасап жатыр.  Былай қарасаңыз жай ғана нәрсе сияқты. Бірақ, мұндай адамдар өте қауіпті! Осындайлар көбейіп бара жатқандай. Тегінде Шыңғыс хан өз патшасын жамандап келген адамның басын неге алдырды? Жағымпаз адам – жәдігөй! Жәдігөй – құбылғы! Ол – шайтан! Ондайлар  опа таптырмайды. Сіздің жаныңызда жағымпаз жоқ па?
Қанша бүркемелегенімізбен қазақ рушыл, жершіл. Ұлттық тұтастыққа бейілді емес-ау. Осы кеселді қоздырушылар негізінен қазақтың оқыған-тоқығандары, сырмақ шетінде жүргендері. Өз басым «біздің жақтың, өзіміздің жігіт қой ол» дегендерді талай естідім. География мен биография туралы әңгіме тегін айтылды дейсіз бе? Кезінде Ғабең, Ғабит Мүсірепов айтты дейтін «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген аталы сөз ашынғандықтан айтылған болар. Қазақтың өз ішінен жүзге, руға бөлінуі орыс отаршылдары үшін жақсы көзір болды. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген баба қазақ. Қазақтың кең даласында тарыдай шашыраған аз қазақтың іштен іруі кімге де болса да керек. Ғабең демекші, «Қыз Жібек» кинофильмінде Төлеген айтатын мына бір  ащы шындық бар: «Мына далаға сен де сыясың, мен де сыямын. Сыймай жүргеміз жоқ, сыйыса алмай жүрміз ғой!».  Шеттен келген қандас бауырларымызды «қытай», «мұңғұл», «қарақалпақ» деп атауға құлақ та үйренді. Қазақ жат бауыр емес еді ғой, осы қайдан келген?! – дейсің де қоясың. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген  аталы сөз қайда қалды? Республикалық, облыстық деңгейдегі әртүрлі байқау, конкурс, мүшәйраларда таланттың жолын кесіп, дүлдүлдің бағын байлайтындар аз ба?! Талайлардың тауы шағылып, рухтары жасып, қазақты жек көріп кетті. Талайлар әділет, шындық  бар дегенге иланбай жүр. Оған мысалды мыңдап келтіруге болады. «Өзіміз шыққан төбе биік болсын» дейтін іштарлық, көреалмаушылық, қызғаныш, надандық осы қазақтың етегіне қашанғы кәріқыздай жабыса береді? Тегіңді таны, жеті атаңды біл, бірақ,  өзгеден өзіңді артық қойма. Рас, қазақ жүзге, руға бөлінбейді, ол жүзден, рудан құралады. Мұндай әлеуметтік-тектік институт Әз Тәукелердің заманында керек болды. Рушылдық пен жершілдік биліктің жоғары буынына дейін  дендеп кетсе кімге не өкпе артарсың. Қазақтың жүзге, руға бөлінуі – қанына сіңген қасиет емес. Ол мысықтілеулі біреулер үшін ғана керек. Тегінде Абай «Атаның баласы емес, адамның баласы бол» дегенде осыны меңзесе керек.  Маған сіздің атаңыздың кім болғандығы емес, қаны бір, жаны бір, арманы, мақсаты ортақ  қазақтығыңыз керек!
Тәуелсіздікпен бірге қасиетті дініміз ислам қайта оралды. Мұсылманшылдыққа, имани ілімге, діни құндылықтарға бой ұра бастадық. Қаншама мешіттер салынды. Әсіресе, жастардың жан дүниесінде ізгі ислам бүр жарып, ізгілік пен қайырымдылық қанат жайып келеді. Ең аяғы арақ-шарапсыз той өткізетін болдық. Қуаныш па? Қуаныш! Алайда, дін атын жамылған радикалды бұзық ойлы секталар да ашық қоғамның есік-терезесінен ентелеп еніп алды. Құлшылығы бөтен жат діндерді айтпағанда, қырық пышақ болған исламның содырлы, сойқан жат ағымдары жастардың санасын улап бара жатқандығы бізді алаңдатуға тиіс. Ұлтын сүймейтін, ата-анасын қадірлемейтін, тілін, тарихын, салт-дәстүрін түбегейлі мансұқ ететін, айналасына тек қана арабизммен қарайтын фундаменталист қазақ жастарының күн санап көбеюі ұлт үшін өте қауіпті. Ұлы мен қызының мешітке барып жүргеніне сырттай мәз болған талай ата-аналардың бармағын тістеп қалғанын көріп, естіп жүрміз. Гейлерді, гомосексуализмді насихаттайтын топтар ашықтан ашық шыға бас-тады. Бірі әсіре исламшыл, енді бірі көзқаман батысшыл.  Ұлт, ұрпақ тәрбиесі құлдырап кетті. Білім нәрсіз, оқулық сапасыз.  Мұхтар Әуезовтың бір әңгімесін оқымаған, ұлы жазушының суретін танымайтын баладан қандай қазақ шығады?! Қазақ баласының қолындағы оқулықтағы «Қамбар батыр» жырында арақ-шарап, темекі насихатталып жатса, оған кім жауапты? Әрине, оқулықты жазған авторлар, Білім министрлігі! Қазақтың ежелгі тәрбиелік дәстүрін, өмірлік ұстанымын, философиялық көзқарасын атам заманғы ырым-тыйым деңгейінде қалдырып, оған мән бермеушіліктің ақыры осыған әкеліп отыр. Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» дегенде осыны біліп айтқан болар. Бесігінен түзелмеген елдің ертеңі бұлдыр. Ұлттың рухани тұтастығы әуелі осыдан бастау алса керек. Сіз не дейсіз?
Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі, тілдің мемлекеттік мәртебесі туралы айта-айта жауыр болғандай. Президент Нұрсұлтан
Назарбаев «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деді. Қоғамда аз да болса, қазақ тілін үйренуге деген құшыныс та бар. Әсіресе, басқа ұлт өкілдері тарапынан. Алайда, өз тілінде сөйлемей, сөйлегісі келмей жүрген өз қазақтарымыз. Өзің сөйлемейтін тілді басқаға үйрен деп қалай айтарсың. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдай болып қалды. Әлі күнге ұлттық ой-санасы оянбаған мәңгүрт қазақ  әлі қаптап жүр. Санаға сарытап болып сіңген не деген құлдық психология десеңізші! Мемлекеттік тіл мемлекеттік органдардан, жоғары шенеуніктерден басталуы керек еді. Ол да ойдағыдай болып тұрған жоқ. Жалпы, тіл мәселесі өте шетін, нәзік һәм қуатты дүние. Күні кеше Президентіміз БҰҰ-ның 70-ші сессиясында тұңғыш рет қазақ тілінде баяндама жасап еді, саналы қазақ қауымы дүр сілкініп қалды. Осы бір тарихи сәт қанша жүрекке үміт отын жақты десеңізші, қанша көңілді марқайтты десеңізші?!.  «Өз тілінде сөйлей білмейтін бір халық көрдім. Олар – қазақтар» деген италия саяхатшысының жер қылған сөзіне де селт етпедік. Намыстанбадық, ұялмадық, һәм ойланбадық. Сіз ұялған жоқсыз ба?
VIII ғасырда алып Еуразияны дүр сілкіндірген түріктер «Түркі иелігі үшін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым… қызыл қанымды, қара терімді төктім, бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!» деген сөзін тасқа мәңгілікке қашап жазып кетіпті. Арада он бір ғасыр өткенде
Махамбет «Мен кескекті ердің сойымын!.. Еменге біткен иір бұтақ болғанша, қарағайға біткен қарсы бұтақ болсамшы!» деп өр рухын намысқа жанып үн қатыпты! Қазақ баласының «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» болғандығын көрген Абай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» деп күңіренсе, жиырмасыншы ғасырдың басында Міржақып «Оян, қазақ!» деп ұран тастай тіл қатыпты. Сол  қайран жұрт марғау, енжар қалпында сілкініп ояна алмай, есеңгіреп әлі жатыр.
Өкінішке орай, бүгінгі қазақтың іші алай- дүлей, сырты ала-құла!
Ерболат БАЯТҰЛЫ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының ғылыми қызметкері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар