Шынайы құрмет
Елімізде жыл сайын қараша айының 15-і күні Ұлттық валютамыз – Теңгенің төл мерекесі ретінде аталып өтіп, қаржы саласында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. Биыл да салтанатты жиналыста облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйледі.
– Сонау 1993 жылы ұлттық валютамыз – теңгені алғашқы рет қолға ұстаған сәтім әлі есімде. Содан бері 22 жыл өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде теңгеміз Ту, Әнұран, Елтаңба сияқты мемлекеттік символымызға айналды. Еліміздегі қаржы мәселесіне қатысты шаруалар ұлттық теңгеміз арқылы жүзеге асырылады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту бағытына жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Бұл әрине, қаржы саласы қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асырылады. Сондықтан, алда да бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қаржыгерлер өз үлестерін молынан қосатынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, шара барысында өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген осы саланың бір топ кәсіп иелері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Аслан ОСПАНОВ.