Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЖҮРЕГІНЕН НҰР ТӨГІП... - АРҚА АЖАРЫ

ЖҮРЕГІНЕН НҰР ТӨГІП…

Әлі есімізде, батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллиннің есімі біздің ауылға ән болып, жыр болып, аңыз болып жетті. Ауылымыз Қарашілік деп аталады. Бертін келе өзгеріп, неге Қарашілік болғанын кім білсін, ертеректе ол Олжай ауылы деп аталыпты.

Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ

Өйткені, осы ауылдың негізгі тұрғындарының арғы атасы Орта жүз Арғынның Қарауылынан тарайтын Олжай деген кісі екен. Сол кісінің Малкелді, Жанкелді, Барақ, Жәмеңке, Құлғара, Кенжеғара деген балаларынан өсіп-өнген ұрпақ сол Қарашілік ауылын күні бүгінге дейін мекен етіп отыр. Олар өздерін Олжай балаларымыз деп атайды.
Иә, 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын алған Мәліктің есімі біздің сол Қарашілік ауылына ән болып, аңыз болып асқақтай жетті. Соғыс уақыты болғандықтан ол кезде, әрине, ойын-той өте сирек өтеді. Алайда, өмірдің аты – өмір. Қырық жыл қырғын болса да өмір жалғаса береді, шыжығы мен қызығы қатарласа жүріп жатса да өмір тоқтамайды, ілгері баса береді. Ілуде бір үйде болса да дүниеге сәби келеді. Бала туған үйде шілдехана болмай тұрмайды. Шыбын жаны аман қалып, үйге жаралы болып оралған майдангердің туған жер топырағын басқан хабары да ауыл үйді қуаныш болып аралайды. Міне, сондай-сондай қуаныштарға арналып әлдебір үйде дастархан жасалып кішігірім той өтеді, ойын-сауық болады. Қатулы қабақтар жадырай жазылып, ән есігі ашылады. Жабырқап жүрген жарым көңілдердің ажарын кіргізіп, көптен бері ұйқылы-ояу күй кешкен жүректерді ән оятады. Осындайда шырқалған ән соғыс ауыртпалығынан еңкейген еңселерді көтеріп, ой мен бойға қанат бітіреді. Сонда айтылатын әндер мен шертілетін әңгімелер негізінен өзіміздің ауданнан шыққан батыр Мәлік туралы болып келеді. Ән мен жырға өзек болған Мәліктің қаһармандық бейнесі үлкеннің де, кішінің де мақтаныш сезімін шалқыта түсетін. Үлкендер жағы «айналайын, Мәлікжан, үмітімізді ақтадың, төбеміз көкке жеткендей болды. Алла амандық беріп, абыройың аса берсін!» – деп ақ бата, ақ тілектерін ақтаратын. Ал, біз – балаларға Мәлік бейнесі өзіміз әжелерімізден, аталарымыздан естіп, санаға сіңірген ертегілердің отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін батырларындай болып көрінетін. Мәлікті біз әсіресе, Қобыланды батыр сияқты елестететінбіз. Оның өзінің де қазақ халқының батырлық жырын, оның ішінде Қобыланды батыр жырын бала күнінен жақсы көргенін, институтты бітірген соң ауыз әдебиетінің осы саласын ғалым ретінде одан әрі зерттей бастағанын біз ол кезде білмейтін едік. Атақты жазушы Борис Полевойдың Мәлік туралы «Рождение эпоса» атты очерк жазғанын, ол очерктің 1943 жылғы 25 сәуірде «Правда» газетінде басылып шыққанын біз, ауыл балалары, қайдан білейік. Қазақтан шыққан тұңғыш Батыр туралы бұл очеркке сол кезде аса үлкен маңыз беріліп, көңіл бөлінгені сонша, ол 1943 жылғы 8 мамырда «Казахстанская правда» газетінде басылса, шұғыл аударылып 12 мамыр күні «Социалистік Қазақстанда» жарық көреді. Ол – ол ма, очерк тап сол жылы 5 мың дана таралыммен Қазақтың Мемлекеттік Біріккен Баспасынан жеке кітапша болып басылып шығады. «Ердің ері» деген атпен Ғабит Мүсірепов аударған бұл кітапшаға белгілі әдебиет зерттеуші ғалым Бейсенбай Кенжебаев редактор болыпты. Кітапша орыс тілінде де жарық көріпті. Мұның бәрін біз, әрине, кейін білдік.
Есімі мен ерлігі сырттай таныс Мәліктің өзін біздің елдің адамдары Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін 1946 жылы ғана көрді. Мен онда он-он бір жас шамасындағы баламын. Қай сыныпта оқитыным да есімде жоқ. Мамыражай жаздың жаймашуақ күндерінің бірі. Шамасы ел көктемгі егісті бітіріп, шөп шабуға әлі кірісе қоймаған кез болар деп ойлаймын. Ауыл қотанына аудан орталығы Зеренді жақтан ең үлкен басшы – бірінші хатшы ғана мінетін қаракөк түсті жеңіл автокөліктің шаңдата келіп тоқтағанын көріп қалдық. Көшеде ойнап жүрген бір топ бала мәшине тоқтаған жерге шапқылап лезде жетіп бардық. Келгендер автокөлікті жүргізетін шопырдан басқа үш кісі екен. Шопырмен қатар алдыңғы орында отырған жігіт шапшаң қимылдап мәшиненің артқы есігін ашты. Іштен екі кісі шықты. Олардың біреуі әскери киінген, денесі тартқан сымдай өте жинақы, тұлғасы мен тұрпаты аса келісті сұлу жігіт екен. Фуражкасын шешіп, басын изеп ізет көрсеткенде даланың самал желі желпи сыйпаған толқынды қалың қара шашы бізге біртүрлі ыстық көрініп кетті. Кеудесінде күн сәулесімен шағылысып, балғын жүзіне нұр таратып тұрған Алтын жұлдызынан шамаладық, бұл – өмірдегі өзінің ақиқат қалпымен ортамызға келіп жеткен аңыздағы батыр Мәлік Ғабдуллин еді.
Ентіге шауып келіп, қос танауын делдите дем алып тұрған бізді Мәлік ағатайымыз емірене бауырына тартып, басымыздан бір-бір иіскеді, тулай соққан жүрегіміздің астындағы тасырайған қарнымызды автомат емес, қалам ұстау үшін ғана жаратылғандай жұп-жұмсақ қолының сұқ саусағымен бір-бір түртті. Жалаң аяқтарымен шаң көтеріп, күн көзіне күйіп тотыққан мына қара домалақтарға батыр ағамыздың өзгеше бір сүйіспеншілікпен, аса бір ыстық мейіріммен көрсеткен әлгі бір ерекше ықыласы бойымызға таусылмас қуат болып дарыған біз тұрған орнымызда бір-бір секіріп алдық та:
– Ура, Мәлік ағамыз, батыр Мәлік ағамыз келді, – деп ауыл қотанын басымызға көтере жан-жаққа жамырап тұра шаптық.
Мәлік бар қазақты түгел айтпағанның өзінде осы Қарашілік ауылының адамдарына еш бөтендігі жоқ, тіпті өте жақын, мүлде таныс есім болатын. Оның туған жері мына тұрған Қойсалған ауылы. Осыдан он бес-жиырма шақырым жерде. Мәліктің сол Қойсалған ауылында тұратын Елеместің Ғабдолласы деген кісінің баласы екенін осы ауылдағылардың бәрі білетін. «Ғалымның хаты ортақ, жақсының аты ортақ» дегендей, Мәлікті әркім өзіне тартып, өз бауыры, өз батыры деп санайтын. Бұл ауылда Мәлік есімі әр ауызбен айтылып, әр жүректің жылуымен әрленіп, айшықталатын.
– Мәлік ағамыз, батыр Мәлік ағамыз келді! – деп уралаған біздің айқайымыз бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызып, ауданнан келген жеңіл автокөлікті көп адам қоршап алған екен. Ауыл үлкендері Мәлікті ыстық құшақтарына алып, айналып-толғанып жатыр. Әжелеріміз бен аналарымыз, апаларымыз бен жеңгелеріміз үйлерінен асығыста қолдарына түскен құрт-ірімшіктерін әкеліп шашу шашып олар мәз. Кембағал ауыл қотаны әлгіндей болмай кемерінен асып-төгілген зор қуаныштың үлкен дүрмегіне айналып шыға келді. 1943 жылы Мәліктің Кеңес Одағының Батыры деген атақ алғанын естіп бір қуанған Олжай балалары енді сол батыр ұлдарының өзін көріп мың қуанды. Әркім Мәлікті өз үйіне тартады, «дастарханымыздан дәм татып кет» деп шақырады. Қарашілік ауылы ол кезде өз алдына колхоз болып есептелетін.
Мәлікті үйіне шақырушылар кимелеп бара жатыр екен, колхоз басқармасының төрағасы Молдабек Мақышев тізгінді өз қолына алыпты. Мәлікке еріп жүрген қошаметшілердің бірі – аудандық партия комитетінің хатшысы екен. Молдабек сол кісімен ақылдасып, Мәлікпен ауыл еңбекшілерінің кездесуін өткізуге келіседі. Мәліктің келгеніне қуана елеңдеп отырған ауыл халқы кездесуге тез жиналды. Маңайдағы Ортағаш, Қызылегіс, Көктерек сияқты колхозды ауылдардан да келіп қалғандар бар. Айта кетейік, біздің ауылдың ең басты мақтанышы – атақты Қарашілік орта мектебі еді. Бұл өзі бір кезде бүкіл Көкшетау облысындағы санаулы қазақ орта мектептерінің бірі болатын. Мәлік келген кезде ол жетіжылдық орталау мектеп еді. Өйткені, соғыс тауқыметіне байланысты жоғары сыныптар жабылып қалып, кейін елуінші жылдары қайтадан орта мектеп болып ашылды. Сұрып қарағайдан бұрап, асқан шеберлікпен салынған бұл мектеп бүкіл Зеренді ауданындағы айта қаларлықтай ғимараттардың бірі еді. Екі жүз шамалы кісі сиярлықтай ұзын залы бар.
Мәлікпен кездесуге келгендер сол залға сыймай кетті. Біз сияқты балаларға орын да болмай қалды. Дегенмен, есіктен қуса, тесіктен кіріп дегендей, батыр ағамыздың жұмсақ қоңыр дауыспен айтқан әңгімесін үзіп-жұлып болса да тыңдап, бар зейінімізбен көңілге хаттап жатырмыз. Мәлік ұзақ сөйледі, сұрақтар да көп қойылды. Біз, балалар, айтылған сөздердің мән-мағынасын тереңдеп ұқпасақ та әңгіме төркіні кеше бейбіт жатқан елімізге тұтқиылдан басып кірген қаскөй жауды қалай жеңгеніміз жайлы екенін ұқпайды емес, жақсы ұғамыз. Әсіресе, Тоқтаров Төлеген есімі көп айтылды. Залдағы жұрт «өзің туралы айт, өзіңнің ерлігің туралы айт» – деп қанша сұраса да Мәліктің «мен сөйттім» дегенін естіген жоқпыз. Генерал Панфилов, батыр Бауыржан, полковник Капров, полк комиссары Мұхамедияровтан бастап Коваленко, Сахнов, Рүстемов, Әбдірахманов, Шашко, Костя-Құсайын, батыр барлаушы Бақтияр Меңдіғазин, көкшетаулық жауынгер композитор Рамазан Елебаев сияқты қанды көйлек достары туралы әңгімеге қайта айналып соға берді. Бірлік, тірлік туралы көп айтты. Іргелі ауылдарың, егетін егіндерің, ұқыптап бақса өніп, өсіп, мол дәулетке айналар төрт мүлік малдарың бар екен. Жұмыла еңбек етіп, ел дәулетін еселей беріңдер деген тұрғыда тілек айтты жиналғандарға.
Ауданнан келгендердің, ауыл басшыларының ұйғарымы солай болған шығар, сол күні кешке Әбіжан деген кісінің қос бөлмелі үлкен үйінде Мәлікке арналып қонақасы берілді. Қонақтарға тай сойылды. Ол кезде бір үйде үлкен жиын немесе ойын-той өтіп жатса, бүкіл ауыл болып барын ортаға салатын тамаша дәстүр бар. Қарынға салынған сары майдың қалғаны, кебеже түбіндегі қыстың сүрі, әлдеқалай сақталған қоспа-жент, кепкен сары ірімшік пен сықпа құрт болса, бәрі-бәрі ортаға түседі. Әсіресе, ата-бабаларымыздың аруағы қолдап, ел абыройын аспанға асырған Мәлік сияқты ұлағат тұтар ұланы келіп жатқанда аянатын не бар?!.
Бұл осы ауылдың Мәлікке арнап жасаған тойы еді, Мәлік тойы еді. Мәлік тойына маңайдағы ауылдардың, яғни, колхоздардың басшылары да шақырылды. Бұл сияқты той-думандарда ол уақытта қазіргідей көп арақ құйып, даңғаза қылмайды. Оның есесіне ас-суға бап, үстіне қылау түсірмейтін қолы-басы таза деген әйелдердің үйлерінен ғана таңдап-талғап әкелінетін пісуі жетіп, майы бетіне шыққан бал қымыз қанғанынша беріледі. Осындай сыбағасы толық, сияпаты өзгеше ұйымдастырылған той ұзаққа созылып, оның аяғы дәстүрлі жастар ойынына ұласты. Және бір есте қаларлығы, сол кездің үлкендері, ақсақал, қарттары не деген есті, бәрін әріден ойлайтын ақылды болған десеңізші. Мәліктің келіп-кетуіне байланысты бар жауапкершілікті ешкім айтып, нұсқау бермесе де ауыл үлкендері өз мойнына алды. Әркімнің үлкенді қалтқысыз сыйлайтын, сөзін екі етпейтін кезі. Үлкендер той үстінде артық-ауыс анайы сөздің айтылмауын, қияңқы, жат мінез көрсетілмеуін қатты тапсырды. Аяқшы-табақшы болатын жігіттер де іріктеліп, олардың қимыл-қызмет аясы да дәл белгіленді. Дастархан жабдығын реттеп, шай құйысатын, артынан ойынға қалатын қыз-келіншектерге сыпайы ғана таза киініп келу керектігі ескертіліп жатты. Тіпті батыр балаларымен сәлемдесуге көрші ауылдардан кешігіп келген ата-әжелер болса, оларға да «алтын асықтай, күміс қасықтай Мәлігімізді жаман ауыздарыңмен жалп-жалп бетінен сүйіп жүрмеңдер, басынан, маңдайынан иіскеп, еміренсеңдер де жетіп жатыр» деп әзіл-шыны аралас нұсқау бергенін өз құлағымызбен естіп, еске түйген едік. Ауылдың қара сақал, ақ сақал қарттары ойын-той өтіп жатқан үйді түнімен сырттан торуылдап, батыр балалары Мәліктің амандығын күзетті.
Ертеңіне ескі дәстүр бойынша ауылдың кейбір үйлеріне кіріп сәлем беріп, ас ауыз тиіп, түстік жеп дегендей, Мәлік бесін кезінде біздің ауылдан аттанып, өзінің туған жері Қойсалғанға бет түзеді. Артынан естідік, сол сапарында Қойсалғанда Мәліктің өзі той жасап, оған Зерендінің бірқатар ауылдарынан кісі шақырылыпты. Оған біздің ауылдан да барып келгендер болды. Сол тойда Мәлік ендігі жерде өзінің Алматыда болатынын, алдында үлкен міндеттер тұрғанын, кешегі майдандас достары туралы кітап жазбақ ойы бар екенін, басты мақсаты – соғыс үзіп кеткен ғылыми қызметін қайта жалғастыру екенін айтып, ел үлкендерінің ақ батасын алыпты. «Алла амандық беріп, дегеніңе жет, еңбегің жемісті болсын, абыройың аса берсін, батыр Мәлік!» деп қоштасқан екен Желтаудың ығындағы Қойсалған ауылына Зеренді ауданының жер-жерінен жиналған аузы уәлі қариялар.

 

«Жауынмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деген ғой бұрынғылар. Көптің ақ батасын алған неге теріс болсын. Жас жігіт кезінен ғылым қуған Мәліктің соғыстан кейінгі кезеңде бұл саладағы еңбегінің өте жемісті болып, абырой-атағының биіктей бергені баршаға мәлім. Өзінің тынымсыз еңбегінің, биік ақыл-парасатының арқасында ол жазушы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері атанды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ССРО Педагогика Ғылым Академиясының академигі болды. Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері деген құрметті атақ алды. Оған Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Қатарынан үш рет КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды.
Біздің Мәлік ағамыз өзінің қысқа ғұмырында осындай-осындай зор құрметке бөленді. Оның атағы шын мәнінде жер жарып тұрды. Бірақ, Мәлік табиғатынан өте қарапайым, ешқашан ашу шақырып, ызғар шашпайтын аса жайсаң, иі жұмсақ, оның үстіне керемет кішіпейіл жан еді. Бұл қасиеттер оған әкесі Ғабдолладан дарыған деседі. Менің әкем Айтмағамбет Ғабдолламен құрдас әрі өте сыйлас болған кісі еді. Әкемнің айтуына қарағанда, Ғабдолла көп оқыған молда кісі екен. Ел-жұрт өте қатты сыйлаған. Оның үстіне адамның ішкі сырын, жан дүниесін айтқызбай біліп отыратын сезімтал болса керек. «Көз жанары ерекше еді, – деп әңгімелейтін әкем. – Әрқашан жанары кісіге тура түсіп, ерекше бір жылылық төгіп тұрғандай болушы еді, жарықтық».
Біздің ауылда Құсайынов Қажыбай деген кісі тұрды. Негізі, Мәлік шыққан сол Қойсалған ауылынан. Мәлікке аталас аға болып келеді. Маған нағашылығы бар. Біз орта мектепті бітіретін жылы біздің ауылда Олжай сельпосының – селолық тұтынушылар қоғамының төрағасы болып істейтін. Көзі ашық, көңілге түйгені көп және жаны жомарт қайырымды кісі еді. Оныншы сыныпты бітіріп, ертең түлеп ұшқалы жүрген біздің жақсы адам болып шығуымызға тілектес екені әр сөзінен білініп тұратын. Бізге әрқашан Мәлікті үлгі етіп сөйлейтін. Мәлік туралы, оның әкесі Ғабдолла туралы көп-көп әңгіме айтатын. «Кішкентайынан-ақ өте талапты еді, – дейтін Мәлікті. – Ауылдан ұзап Көкшетауға, одан Алматыға барып оқуы осы өр талабының арқасы. Және де бала күнінен мінезге бай, кісіге аса жақын тұратын сүйкімді еді». Шынында да Мәліктің институтта оқып жүріп атақты Би-ағаңның – Бейімбет Майлиннің көзіне түсіп, назарына ілігуі, Сәбеңнің – Сәбит Мұқановтың баласындай болып кетуі оның «кісіге аса жақын тұратын сүйкімділігінің» арқасы емес пе?! Қажыбайдың айтуына қарағанда, әкесі Ғабдолла да көпке жаққан елге сүйкімді кісі екен. Ағайынға әрқашан ұйытқы, қамқор болып, қолынан келген көмегін аямаған. Тірі жан иесіне қылдай қиянат жасамайтын әділ әрі момын болыпты. Өмірінде тіпті, тышқан өлтіріп көрмесе керек. «Үйіне қонақ келіп қой сою қажет болса, көршілердің біреуін шақырып сойғыздыратын еді. Қойды бауыздайтын кезде соны көруге батылы жетпей, үй сыртына шығып кетіп, біраздан соң барып келетін. Сондай кісінің баласы Мәліктің кімге тартып батыр болғанын білмеймін, – деп күлетін Қажекең әзілдеп. – Шамасы арғы аталарына тартқан ғой».
Соғыстан кейін Ғабдолла Мәліктің айтуы бойынша Қойсалғаннан көшіп барып Көкшетауда тұрды. Мен 1953 жылы орта мектепті бітіріп, оқу іздеп Алматыға аттандым. Әкем мені Көкшетауға бірге келіп шығарып салды. Көкшетауға келген соң әкем мені «сәлем беріп, батасын ал», – деп Ғабдолланың үйіне ертіп барды. Екеуі өткен-кеткенді әңгімелеп мәз болып, ұзақ отырып шай ішті. «Балам, талабың дұрыс екен, жолың болсын. Алла бағыңды ашып, мұратыңа жет», – деп қол жайып, бата берді.
Сол сапарым сәтті болды. Мен Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түстім. Ол кезде жатақханаға орналасу өте қиын еді. Оқуға түсуін түскенмен, жатақханадан орын тимеді. Көкшетауда Ғабдолла атамыз: «Көмек керек болып қысылсаң, Мәлікке барып тұр, ол кісі жатырқамайды» деген еді. Сол сөз есіме түсіп, Мәлікке бардым. Онда Мәкең Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының ректоры еді. Қызметі үлкен, аты зор болса да алды кең, кішіпейіл кісі екені бірден байқалады. Жағдайды айтып едім, алдыңғы бөлмеде отырған хатшы қыз ректордың кабинетіне сөзге келместен бірден кіргізді. Қарашілік ауылында осыдан жеті жыл бұрын көргендегідей емес, толысып сымбаттана түскен. Толқынды қою қара шашы, кең иықты келісті тұлғасы қомданып, тұғырынан көтеріліп ұшқалы тұрған қыран құсты елестетеді. Менің Көкшетаудан, Зерендіден екенімді хатшы қыз хабарлаған болар:
– Қай ауылдансың? – деп сұрады.
Мен Қарашіліктен екенімді айттым. Әлде нені ойланып есіне түсіріп:
– Е, әлгі үлкен мектебі бар ауылдан екенсің ғой, білемін, білемін. Молдабек, Қазесхан, Сыздық сияқты ауыл азаматтары аман ба? – деп біраз жағдайға қаныққан соң менің бұйымтайымды сұрады. Сонан соң менің көзімше ҚазМУ-дың ректоры Закарин Асқарға телефон соқты. Телефонмен сөйлесіп жатқанда тұра беруді ыңғайсыз көріп мен қабылдау бөлмесіне шығып кеттім. Бес-он минөттен кейін хатшы қыздың алдындағы қоңырау сылдырлап, кабинетке қайта шақырылған маған Мәлік ағам:
– Ректорларыңа жатақханадан саған бір орын сұрап ходатайство жаздым. Соны алдындағы қызға апарып бер, – деп қолыма ортасынан бір бүктелген қағаз ұстатты.
Былай шыққан соң ашып қарасам: «Депутат Верховного Совета СССР Габдуллин Малик» деген жазуды әр бетіне баспаханада бастырған арнаулы үлкен блокноттың бір парағына А.Закариннің атына: «Прошу Вашего содействия в предоставлении общежития студенту первого курса Казахского государственного университета им. С.М.Кирова Айтмагамбетову Е. Так как его родители в престарелом возрасте и не имеют возможности оказать ему материальную поддержку» – деп жазылған ресми хат екен. Ол кезде ректордың кабинеті ҚазМУ-дың Совет көшесіндегі ескі корпусында болатын, ҚазПИ-ден көп алыс емес. Сол сәтінде апарып бердім. Хатшы қыз: «жауабын жатақхана комендантынан біліп тұрыңыз», – деп сыпайы шығарып салды. Көп ұзамай жатақханаға орналасып, Мәліктің шынында да кісі жатырқамайтынына, қолынан келген көмегін көрсетуге әзір тұратын қамқор жан екеніне көзім жетіп, бір қуанып едім.
Артынан кабинетіне тағы кіріп, жатақханаға орналасуға көмектескені үшін алғысымды айттым. Сол жолы Мәлік өте жылы сөйлесіп, мені өзіне жақын тартты. Үйге қысылмай келіп жүр деп әдрісін де айтты. Студент деген халық жалаңаш батыр болып келеді ғой. Өзі айтқан соң не қысылатыны бар, жексенбі күндері ара-тұра үйіне де барып жүрдім. Ол кезде пәтерлері бұрынғы Мир көшесінің бойында Киров көшесінен төмен қарай орналасқан үйдің бірінші қабатында болатын. Екі не үш бөлмелі болар-ау деп шамалаймын, әйтеуір, пәтері онша үлкен емес еді. Менің байқауымша қонақ жиі болып тұрады. Демалыс күні барғандықтан, не қонақты қарсы алуға әзірленіп жатқандары, не әлгінде ғана шығарып салғандары білініп тұрады. Әйтеуір, ас үйдегі үстел үсті тураған ет, суытылған қазы-қарта сияқты тағамдарға толып тұрады. Жеңгеміз Нәзия ашық-жарқын, кең қабақ кісі еді. Жатырқамай қарсы алып, бар тамақты алдыма тосады.
Бірінші курста оқып жүрген кезім. Қысқы каникулдың қарсаңы болатын. Бір жолы Мәкеңнің үйінде болғанда қысқы каникулда елге баратынымды айттым. «Онда, – деді Мәкең, – жүреріңнен бірер күн бұрын үйге телефон соғып хабарлас».
Қысқы сессия аяқталып, каникулға шығардың алдында үйіне телефон соқтым.
– Қашан жүрмексің? – деп сұрады. Пойызға билет алудың қиын кезі. «Білмеймін, билет алған соң белгілі болады» – дедім.
– Ендеше, ертең таңертең үйге кел, – деді. Күн демалыс еді. Айтқан уақытында үйіне бардым. Әлде біреуге телефон соқты. Сонан соң маған:
– Тезірек қалалық кассаға барып билет ал, сосын осында кел, – деді де, қайда, кімге барып, не дейтінімді түсіндіріп берді.
Теміржол билетін сататын касса сол Мир көшесімен төмен жүргенде Горький көшесінің қиылысында болатын, көп алыс емес. Тездете барып, тиісті терезе тесігінің ар жағында отырған кассир келіншекке жөнімді айттым. Көп ұзартпай, ол қолыма билет ұстатты. Қалтамнан ақша іздеген болып қипалақтай беріп едім, кассир келіншек: «ақшасы төленген, әуре болмаңыз», – деді күлімсіреп. Қолыма алып қарасам, плацкарт вагонның билеті екен. Құны 16 сом екенін күні бүгінге дейін ұмытқам жоқ: біздің сол кездегі айлық стипендиямыздың жарты сомасынан көп.
Үйіне келіп, билетті көрсеттім. «По-йыз кешкі жетіде жүреді екен, – деді де билетті өзіме қайтарды. – Кешкі бестің кезінде осында кел, Көкшетаудағы үйге беріп жіберетін бір аз-маз сәлемдеме бар еді, ана жеңгең дайындап қояды, соны ала кет. Жүгің көп емес шығар».
Мен өзім ҚазМУ-де оқығанмен, көп уақытым ҚазПИ-дің маңайында өтеді. Өйткені, біздің Қарашілік орта мектебін бітіргендердің біразы осында оқиды. Сондықтан, жолға алатын жалғыз шамаданымды ҚазПИ-дің жатақханасына әкеліп тастадым да, қасыма осы институтта оқитын досым Ахатов Кеңесті ертіп, Мәкеңнің үйіне тарттым. Кеңесті де Мәлік жақсы білуші еді. Өйткені, Кеңес те Зеренді ауданының баласы, менімен бірге Қарашілік орта мектебін бітірген. Ағасы Қазжан Темірбаев сол жылдары Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін, Мәлік екеуі бірі мен бірі көптен таныс, сыйлас адамдар екен.
Үйіне барған соң Мәлік бізге «тоса тұрыңдар, машина шақырттым, қазір келеді», – деді. «Машина шақырттым» дегеніне түсіне алмай қысылып-қымтырылып біз отырмыз. Сұрайық десек ұяламыз. Ол кісі бір жерге қайта-қайта телефон соғады, бірақ, жауап жоқ. Сөйтсек, Мәкең бізді вокзалға жеткізіп салу үшін машина шақыртыпты. Сол екі ортада машинасын біреу сұрап мініп, кешкі сағат бесте қайтаруға тиіс екен. Машина келе қоймаған соң Мәкең менен «шамаданың қайда еді?» – деп сұрады. Мен ҚазПИ-дің жатақханасында екенін айттым. «Ендеше сендер жүре беріңдер, уақыт болып қалды, машина келіп қалса, аялдамаға дейін қуып жетер», – деді бізге.
ҚазПИ-дің жатақханасының дәл жанында Карл Маркс көшесімен теміржол вокзалына апаратын трамвайдың аялдамасы бар болатын. Студент дегендер бауырмал әрі ұйымшыл келеді ғой. Кеңес екеуміз жүгіріп жатақханаға келсек, тағы төрт-бес жігіт тосып отыр. Бәріміз трамвай аялдамасына бара бергенімізде, институт ректорының өзіміз бұрын талай рет көріп жүрген сары «Победасы» жетіп келді. Өз көзімізге өзіміз сенбедік, шопырдың жанында Мәліктің өзі отыр. Не істерімізді білмей сасқалақтап қалып едік, Мәкең:
– Кәне, жігіттер, қайсың барушы едіңдер, тез мініңдер, – деді машинаның алдыңғы есігін ашып.
Артқы орындарға сыйғанымызша сығылысып отырып алдық. Мәлік сияқты атақты адамның машинасына мінудің өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Әсіресе, менің төбем көкке аз-ақ жетпей отыр. Жолшыбай Мәкең бізден «оқуларың қалай, емтиханнан өттіңдер ме?» – деп сұрап қояды. «Жақсы, жақсы», – деп жатырмыз жамырай. Жолшыбай бізді МАИ қызметкері тоқтатты. Шопыр машинасын тоқтатып түсе бастап еді, Мәлік оны «отыра бер» дегендей иығынан басып, сыртқа өзі шықты. «Победаның» арт жағында тауықтың балапанындай сығылысып біз отырмыз. Бар кінә өзімізде екенін біліп тым-тырыспыз. Алдыңғы есіктен сыртқа шығып өзіне жақындай берген Мәлікті көргенде автоинспектор тартқан сымдай сіресе қалып, «кешіріңіз, байқамай қалдым», – деп орысша тақ етті, оң қолы да самайына сақ етті. «Мәлік ағамызды бұл Алматыда білмейтін пенде жоқ екен-ау», – деп біз отырмыз мақтаныштан жарылып кете жаздап. Бәріміз мақтаныш ететін Мәлік сынды асыл ағамызды өз көзіммен көріп, өз жүрегіммен сезінген аса қарапайым кішілігі мен асқан кісілігінің бір қыры осындай еді.

ҚазМУ-ге оқуға түсуім сәтті болғанымен, оны кейін сырттан оқып бітіруге тура келді. Басқадай сенері жоқ кәрі әке-шешемді асырау үшін төртінші курстан бастап сырттан оқитын бөлімге ауысып, ертерек қызметке тұрдым. Бұл шешімім жөнінде Мәкеңе де айтып, алдынан өттім. Жыл сайын келіп, оқу сессияларына қатысып, емтихан тапсырып тұрамын. Бұл үшін жылына 40 күн жұмыстан үзіліс беріледі. Сол 40 күнді әдейі жаз айларына алып, емтиханды жазда тапсырамыз. Сол тұста менің тұңғыш редакторым, журналистік жұмыстың жілігін шағып, бізге майын ішкізген тамаша ұстазым Зеренді аудандық «Социалистік жол» – «Социалистичес-кий путь» газетінің редакторы Айдархан Әбдірахманұлы Темірбаев та сырттан оқып жүрді. Алматыға бірге келіп, бірге жүреміз. Осы әңгіменің бас жағында аттары аталған Қазжан Темірбаевтың туған інісі, Кеңес Ахатовтың ағасы. Мәлікті сырттай жақсы білгенімен жүзтаныс емес екен. Бір жолы сол кісі Мәкеңе сәлем беріп танысқысы келетінін айтты. Институттағы кабинетіне бардық. Ешқашан киіп-жарып әдептен озуды білмейтін Айдархан Әбдірахманұлы: «Әуелі сен кіріп айтып шық», – деп тұрып қалды. Мен кабинетіне кіріп, жағдайды айттым. «Ендеше, – деді Мәлік ағай, – сен екеуің кешке үйге келіңдер. Ол жігітпен кеңірек отырып әңгімелесейін».
Межелі уақытта үйіне бардық. Аяекең әдеп сақтап, тағы да сыртта қалып қойды. Үйге кірсем, Мәкең көрінбейді. Есік ашқан қызы Майданға «Папаң қайда?», – дедім. «Папам өз бөлмесінде. Неге екенін білмеймін, сөйлеспейді», – деді біртүрлі ренжи сөйлеп. Кереуетте теріс қарап жатыр екен. Жақындап барып «Аға», – деп дыбыс бердім. Мәкең басын көтеріп: «Айдархан қайда, келді ме?», – деп сұрады. Мен: «Келді, есік алдында тұр», – дедім. «Ендеше, – деді Мәкең, – кухняда пісіп тұрған еттің сорпасын татып көрші». Барып қасықпен татып көрсем, сорпа удай. Етінің де дәмі сондай, ауызға алып болар емес. «Көрдің ғой, – деді Мәкең, – Нәзия жұмыста. Қонаққа ет асайық деп едік, мына балам екеуміз бүлдіріп алыппыз». Майдан ол кезде шамамен он бес-он алтыдағы бала ғой, тұзын байқамай көп салып қойған.
– Айдарханнан ұят болды-ау, – дейді Мәкең өзінен-өзі қарадай қысылып. Бөлмесіне барып теріс қарап жатып қалуы да содан екен. – Бәрін түсіндіріп айт. Ертең таңертең институтқа алып кел. Одан арғысын көре жатармыз.
Сонымен не керек, қысылып-қымтырылып ертеңінде институтқа барған соң, бізді қоярда-қоймай ресторанға апарды. Күн демалыс. Ол кезде, жаңылмасам, Фурманов көшесінің бойында ең алғашқы Үкімет үйінің маңайында «Главпочтамттан» көп алыс емес жерде екі қабатты мейманхана болатын. Оған негізінен, Орталық партия комитетінің пленумдары, Жоғарғы Кеңестің сессиялары сияқты жиындарға келген мәртебелі қонақтар орналасатын. Осы үйдің үстінде «Иссык» деп аталатын ресторан бар еді. Мәкең Айдарханды, міне, осы мейманханаға апарып сыйлады. Ас үстінде Мәкеңнің елдің жайын қазбалай сұрап, Айдарханмен ескі таныс-тардай еркін әңгімелесіп отырғаны, ара-арасында қалжың айтып, ішек-сілемізді қатыра күлдіріп алатыны әлі есімде. Осы оқиғаны Айдархан да жиі-жиі еске алып, Мәліктің сол жолғы мінезіне қайран қалғанын, ондай қарапайымдылықтың,
ондай кішіпейілділіктің сирек
кездесетінін сүйсіне айтатын көрінеді.
Сол елуінші жылдардың басында біздің ауылдан шыққан Әміренов Рахымбек деген офицер ағамыз осы Талдықорғанның маңайында шекара әскерінің қатарында қызмет етіп жүргенде, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Алматыға жиі келіп тұрады. Бір келгенінде сәлем беріп танысамын деп мені ертіп, Мәкеңнің үйіне барды. Өзінің жерлес інісінің әскери қызметте жүріп, осындай зор абыройға ие болғанына қатты қуанған Мәлік оны ашық-жарқын қарсы алып, ашыла әңгімелесті. Сөздің бір ретінде: «Бәрі дұрыс екен, – деді Рахымбекке, – мына әскери қызметің де, депутаттығың да басыңда ылғи тұра бермейді. Қазіргідей атақ-абыройың бар кезде сырттан болса да институқа түсіп, жоғары білім алып ал. Ертең әскери қызметің аяқталып, ел жаққа барсаң, білім керек, диплом керек».
Мәлік ағамыз, міне, осылай кімнің де болса оқу оқып, білім алуға талаптанғанын қалайтын және қолынан келген көмегін аямайтын. Оған мынандай бір мысал. Менің Әбілов Қабден деген туған ағам болды. Өмірін ұстаздық етуге арнап, елу жылға жуық бала оқытты. Ертеректе Қарағандының екі жылдық мұғалімдер институтын бітірген екен. Бұл бірақ, жоғары білім болып есептелмейді. Сол себепті кейінгі кезде қиындық көре бастапты. Бір жолыққанда соны айтып, Мәкеңнен ақыл сұрадым. «Соған да қинала ма екен, – деді Мәкең сәл қабақ шытып. – Баяғыдан бері осы институтты сырттан оқып бітіріп алмай ма, Қабден. Айт өзіне, ендігі күзде осында келіп, сырттан оқуға түссін. Үшінші курсқа емтихансыз алады. Өзің ертіп келіп, маған жолықтыр».
Қабден менің Мәлікпен жақын жүретінім туралы айтқаныма онша сенбейді екен, жас адамның әдеттегі мақтаншақтығы деп ойлаған ғой, шамасы. Содан да болар, келесі күзде ҚазПИ-ге тиісті уақытынан екі-үш күн кешігіп жетті. Сырттан оқитындарды қабылдау, тіркеу аяқталып та қалса керек. По-йыздан түсе салысымен дедектетіп алып бардым. Мәлік: «тез сырттан оқытатын бөлімге барып, сондай-сондай кісіге жолық, мен жіберді деп айтсаң түсінеді», – деді жөн сілтеп. Қабден уайымшыл, әрі сөзі аузынан түскен болбырлау жуас кісі еді, дұрыстап айта алмаған болар, сырттан оқитындарды қабылдау аяқталған, – деп қайтарып жіберіпті. «Айттым ғой мен саған – бәрі бос сөз деп, текке әуре болдым саған сеніп», – деп ағам зарлап қоя берді. Енді мен састым. Қабденді сүйрелеп, Мәкеңе бардым. Ол кісі Қабденге «отыр» деді де, хатшы қызға әлдебіреудің фамилиясын атап, соны тез шақыр деп жатты. Ұзын сөздің қысқасы, Қабденнің оқуға түсу мәселесі сол сәтінде шешілді. Үш жылдан кейін оқуын ойдағыдай бітіріп, қолына жоғары білімді маманның дипломын алған Қабден ағам сол бір жанашырлығы үшін Мәлікке өмір бойы алғыс айтумен өтті.
Көкшетау облысынан, оның ішінде Зеренді ауданынан барған жастардың Мәлікке басқалардан жақын жүруі, оның жақсылық, жанашырлығын көп көруі, әрине, заңды құбылыс. Бірақ, менің білуімше, Мәкең көмектескісі келсе, кімнің қай жақтан екеніне қарамайтын. Мынадай бір жағдай әлі есімде. Мен оқуға түскен жылы Жамбыл облысының бір жігітімен таныс болдым. ҚазПИ-дің тарих факультетіне жақсы тапсырып түсті. Оқуға зерек, алғыр екені бірден білінеді. Сол жігіт оқу жылының бас кезінде өте ауыр айыппен институттан шығарылатын болды. Жастықтың мастығымен түн ішінде қыздар жатақханасына кіріп кетіп, лаңқа жасап тәртіп бұзыпты. Милиция шақырылған. Факультет басшыларының талабы бойынша институттан шығарылды. Артынан сол жігіт жылап-еңіреп Мәлікке барыпты. Бірақ кеш еді. Шешім шығарылып, болар іс болды. Жігітке жаны ашыған Мәлік: «Енді менің қолымнан бар келері – сәті түссе, басқа институтқа ауысуыңа көмектесейін», – депті. Ақыры, сол жігіт Мәліктің ректорына арнайы хат жазып сұрауы бойынша шетел тілдері институтына ауысты. Кейін оның осы институтты жақсы бітіріп шыққанын да білемін. Осы оқиғаны сол кезде Алматыда бірінен-бірі естіп, бүкіл студенттер сүйсіне айтып жүрді.
Осы әңгіменің бас жағында мен сол жылдары ҚазПИ-дің студенттерімен көп араласқанымды айттым. ҚазПИ-дің студенттері Мәлікке деген сүйіспеншілікке әрі мақтанышқа толы әңгімелерді жиі айтатын. Әсіресе, Мәліктің жатақхана бөлмелеріне күтпеген сәтте кіріп келіп, студенттермен шахмат ойнайтыны, студенттің қара шайын ішіп отырып, олармен еркін әңгімелесетіні, тосын сұрақ қойып састыратыны немесе күлкілі әңгіме айтып, мәз-мейрам қылатыны туралы сөздер аңызға айналып кететін. Біз Көкшетау облысынан, оның ішінде Зеренді ауданынан келіп оқып жатқан студенттер Алматы жастарының өміріне белсене араласатынбыз. Туған күн сияқты оқиғаларға немесе әртүрлі мемлекеттік мерекелерге арналған кештер жиі өтеді. Сондай кештерде біз Мәлік туралы әндерді бастап жібереміз. Өзінің қай жер, қай облыстан екеніне қарамастан, жастар бұл әндерді үлкен мақтаныш, зор шабытпен қосыла орындайды. Сонау 1943 жылы Батыр атағын алып, есімі бүкіл одаққа танылғаннан бастап, Мәлік туралы қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ шығар. Жыр алыбы Жамбылдан бастап, ақындар Мәлікке өлең арнады, жыр шығарды. Баспасөзде Мәлік туралы әңгіме, очерктер басылып жатты. Мәлік есімі сол кезде ең көп, ең жиі айтылатын есім еді. Бірақ, Мәлік соның бірде-біріне масаттанып, асып-тасқан жоқ. Ғылымға шындап бет бұрып, өзінің бала жастан қуған сүйікті ісімен ерінбей-жалықпай айналыса берді. Соның жемісі емес пе, айналдырған бір жылдың ішінде – 1959 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі атағын алды. 1947 жылы «Менің майдандас достарым», 1948 жылы «Алтын жұлдыз», 1949 жылы «Майдан очерктері», 1971 жылы «Сұрапыл жылдар» атты кітаптарын шығарды. Батыр Алтын Жұлдызына қоса, Ленин орденін, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері мен көптеген медальдарды омырауына тақты.
Даңқты жерлесіміз, Батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллин өзімен жақындасқан, маңайында болып, ақыл-кеңесін алған үлкен-кішінің бәріне жүрегінен нұр төгіп, бар жанының жарығын түсірген жайсаң жан, абзал азамат, тамаша адам еді. Оның жарқын бейнесі мен биік тұлғасы бүгінгі ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да үлгі алар ұлағаты болып қала бермекші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар