Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астаналық облыста игілікті істер көп - АРҚА АЖАРЫ

Астаналық облыста игілікті істер көп

Елімізде жыл мәресі жақындаған тұста әрбір облыс әкімінің Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникация-лар қызметінде өзі басшылық жасайтын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізуі соңғы жылдары берік дәстүрге айналып отыр. 2015 жылғы 17 қарашада биылғы осы брифингтер легін еліміз бойынша   Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бірінші болып бастап берді. Аймақ басшысы журналистер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған  «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында және «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» Стратегиясында алға қойылған міндеттерді  Ақмола облысы еңбеккерлерінің қалай іске асырып жатқандығы жөнінде келелі әңгіме қозғады. Облыс әкімінің сөзінен аймақта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, білім беру, тағы басқа салалардың қай-қайсысында болсын, айтарлықтай ілгері басушылықтардың бары жан-жақты әрі айқын көрініс тапты.

Брифингке қатысушылар облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігін және әр саланың жай-күйін, Елбасы тапсырмаларын орындау жолындағы серпінді қадамын LSD бейне көрсетілімдері арқылы слайд түрінде көріп, нақты цифрларға қанығып отырды. Мұның өзі жиналғандардың облыста ел мүддесі үшін атқарылып жатқан ұлан-ғайыр жұмыстар туралы неғұрлым толық мағлұмат алуларына мүмкіндік туғызды.
– Ең алдымен, осындай бір ұтымды форматта сөз сөйлеуіме мүмкіндік берген Орталық коммуникациялар қызметіне алғысымды білдіремін, – деп бастады өз сөзін облыс әкімі Сергей Кулагин. –  Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған  Жолдауын, сондай-ақ, негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды ескере отырып, жыл басында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары айқындалған еді. Осы жұмыстарды іскерлікпен жүзеге асыра түсудің нәтижесінде өңірде 2015 жылы жиынтық өнім көлемі 102,3 пайызға жетіп, алғаш рет 1,2 триллион теңгені құрайды деген болжамымыз бар.  
Облыста бұл межеге қол жеткізу үшін барлық алғышарттар жасалып отыр. Мұның өзі өткен 10 айдың жұмыс қорытындыларымен де расталады.  Биыл өңір экономикасына бағытталған инвестициялардың көлемі
152 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда
9,5 пайызға артық. Оның жартысынан астамы өзіндік және несие қаражатына тиесілі болып отыр.  2015 жылы біз инвестициялық белсенділіктің есебінен экономиканың барлық дерлік негізгі салаларында оңтайлы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл  әлеуметтік салада маңызды жобаларды және іс-шараларды ойдағыдай іске асыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда облыста инфляцияның өсуіне жол бермеу бағыты бойынша да тиісті шаралар қолданылуда.  
10 айда инфляция деңгейі 9 пайызды, соның ішінде өнеркәсіп тауарларына – 5,1, азық-түлікке жатпайтын  тауарларға – 18,7, ақылы қызметтерге – 3,9 пайызды құрады. Облыста бағаны ұстап тұру үшін апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп тұрады, онда азық-түлік  бағалары нарықтық бағадан 15-25 пайызға дейін төмен. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының өнімдерін өткізу үшін 64 әлеуметтік сауда орны ашылды. Бұл бағытта 410 тонна азық-түлік тауарларына келісім-шарттар жасалды.
Баяндамашы өз сөзінде осыны айта келе, әрі қарай облыста атқарылып жатқан жұмыстарға әр сала бойынша жеке-жеке тоқталып өтті.    

Индустриалды сала

Бұл саладағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы да өсу қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 251 миллиард теңгеге немесе өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда  106,1 пайызға жетті.  Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 108,6 пайыз болды. Әсіресе,
131,6 пайыз өсім байқалған металлургия, 161,7 пайыз өсімге қол жеткізілген химия, 102,3 пайыз ілгерілеу қамтамасыз етілген тамақ өнімдері өнеркәсібінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Ортақ іске Индустрияландыру картасы бойынша қолға алынған жобалар қомақты үлес қосуда. Олардың үлес салмағы жалпы өнеркәсіпте  29, соның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 38 пайызды құрап отыр. Бұл екі көрсеткіш те өткен жылдағыдан
4 пайызға жоғары.  Республика көлемінде облыстың үлесі подшипник шығарудан  100, жүк автокөлігін құрастырудан 60, алтын өндіруден 30, құрылысқа кірпіш шығарудан  22 пайызды құрайды.    
«Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижесінде жергілікті құрылыс индустрия-сын құрайтын кәсіпорындар өздерінің өндірістік қуаттарын  арттыруға мүмкіндік алды. Сөйтіп, бүгінде осындай өндіріс орындарының саны 8 кәсіпорынға жетті. Жыл қорытындысы бойынша да қолда бар қосымша резервтер өнеркәсіп саласында өсу қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік береді.  
Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдық жоспарын іске асыру кезеңінде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2 есеге дейін артып, 2014 жылы 19 мың АҚШ долларына жетті, ал, үстіміздегі жылдың 9 айында бұл көрсеткіш  12,1 мың долларды құрап отыр.  Екінші бесжылдықта да көзделген жобаларды іске асыру жұмыстары бо-йынша іргелі міндеттерді көздеп отырмыз. Инвестициялық портфельде 595 миллиард теңгенің 115 перспективалық жобасы бар. Соның ішінде 40 жоба Индустрияландыру картасына енгізілді. 496,9 миллиард теңгенің бұл жобалары қосымша 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.   
Инвестициялар сомасы бойынша қазіргі жобалар 2010-2014 жылдары іске асырылған жобалардың құнынан 4 есеге артық.  Олардың басым көпшілігі, яғни, 40 жобаның 33-і өңдеу өнеркәсібі  салаларына жатады.  Жоғары қосымша құнмен цемент, байытылған каолин сияқты өнімнің жаңа түрлері игерілетін болады. Бұл қатарда астықты тереңдетіп қайта өңдеу арқылы алынатын глютен, крахмал өнімдері де бар. Тек биылғы жылдың өзінде облыста дәнді және майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорын – «Ақмола-Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, темір-бетон өнімдерін шығаратын «Сапа Су» зауыты  іске қосылды.  «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің қарсаңында Ерейментау ауданында құны 18 миллиард теңгені құрайтын алғашқы жел электр станциясы салынып отыр.  
Облыста жыл аяғына дейін тағы 8 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың ішінде «Бижан» ет өңдеу кешені, жылына 20 мың тонна бройлер етін өндіретін «Capital Projects Ltd»  құс фабрикасы сияқты ірі жобаларды ерекше атап өтуге болады. Соңғы уақытта «ҚазГерҚұс» Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны да өндірістік қуаттылығын 2 есеге арттырды. Мұнда құс фабрикасының жылына 150 миллион дана жұмыртқа өндірілетін
2 кезегі де іске қосылмақшы.
Жалпы, облыста тек биыл ғана 11 нысанды іске қосудың есебінен 900 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта Масальск темір рудасы кен орнының негізінде  ірі металлургиялық комбинат құрылысын жүргізуді қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Бұл жобаның құны – шамамен 260 миллиард теңге немесе 879 миллион  АҚШ доллары.
Агроөнеркәсіп кешені

Ақмола облысы аграрлық өңір болғандықтан, облыс экономикасында агроөнеркәсіп кешенінің үлес салмағы зор. Облыста 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар, оларда еңбекке қабілетті тұрғындардың 36 пайызы жұмыспен қамтылған.  Биыл осы салаға 16,2 миллиард теңге қаржы салынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Мұның өзі ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы  мүмкіндік туғызып, өткен 10 айда  228 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 101,1 пайызды құрады.

Ауа райының қиыншылықтарына қарамастан, егін орағы науқаны ұйымшылдықпен өткізіліп, әр гектардан орта есеппен 11,2 центнер өнім алынуының арқасында барлығы 4,6 миллион тонна астық жиналды.  Алынған бұл сапалы өнім ішкі қажеттілікті қанағаттандырумен қатар, астықты еліміздің басқа өңірлеріне және экспортқа шығаруымызға мүмкіндік береді.
Енді мал шаруашылығына тоқталсақ, бұл салада да ілгерілеу байқалады. Айталық, төрт түлік мал санының өсуі қамтамасыз етіліп, соның ішінде асыл тұқымды ірі қара бұрынғы 40 мың бастан 62 мың басқа дейін жетті. Биыл 9 мың асыл тұқымды  мал төлін алсақ, оның 2 мыңнан астамы республика бойынша сатылды. Сөйтіп, облыс тек өзінде ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де мал шаруашылығын асылдандыруға өзіндік үлесін қоса бастады. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы еттің экспорттық әлеуетін молайту мақсатында жергілікті шаруалармен 2 мың ірі қара сатып алынуына қол жеткізілді. Жалпы, осы бағдарлама жұмыс істей бастаған 2011 жылдан бері 22 мың мал басы сатып алынғанын да айта кеткен жөн. Бұл – бүкіл республикамыздағы  жалпы көрсеткіштің  төрттен бір бөлігі.  Облыста құс шаруашылығының жедел дамуы құс етімен облысты және елордамыз Астананы қамтамасыз етіп қана қоймай, оны респуб-ликадан тысқары жерлерге де экспортқа шығаруға   мүмкіндік беруде.
Басымдылық негізінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу дамып келеді. Ағымдағы жылы өңдеу кәсіпорындары үшін субсидия көлемі 2 есеге өсіп, 129 миллион теңгеге жетті.  Ол  ет өнімдерін өңдеуді  18,2, сүт өнімдерін өңдеуді 3,5 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде облыс өзінің сүтке, етке, жұмыртқаға, бидай ұнына, картопқа деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді. Құс етін өндіру көлемін ұлғайтуға нақтылы мүмкіншіліктер бар. Осы бағытта Целиноград, Бұланды аудандарында екі  бройлер құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде.   
Облыста Астананың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Соның нәтижесінде  ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 10, жұмыртқамен қамтамасыз ету  9,2 пайызға артты. Биыл  Елорданың сүт өнімдері бо-йынша қамтамасыз етілуін 48, ет өнімдерімен қамтылуын  52 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ұн, жұмыртқа және картоп бойынша қажеттілік 100 пайызға қамтамасыз етілді.

Шағын және орта бизнес

Облыста 51 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бұл сала жұмысқа қабілетті адамның әрбір үшіншісін жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 8 миллиард теңгенің 124 жобасы мақұлданды.  Ұлттық қордан өңдеу өнеркәсібінің бизнес-жобаларын іске асыруға 1,6 миллиард теңге бөлінді. Мұнымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту үшін 712 миллион теңге көлемінде шағын кредит бөлінді.  

Құрылыс

Құрылыс саласында да көлемді жұмыстар атқарылуда. Саланың  өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда  114,6 пайызға жетіп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру жұмыс көлемінің артуына игі ықпал етіп, осының нәтижесінде  облыс бойынша
2 миллиард теңгенің 13 жобасы іске асырылды.    
Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізіліп, қаржыландырудың барлық көздерінен осы салаға инвестиция салу 20 миллиард теңгеге арта түсті. Үстіміздегі жылдың 10 айында барлығы 218 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп,  өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда бұл көрсеткіш  138 пайызға өсті.  Жыл ішінде 256 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын  пайдалануға беру жоспарланса, жыл аяғына дейін бұл тапсырма сөзсіз орындалады. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартып отыр.  

Ауыз су және жол

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету маңызды жұмыс  бағыттарының бірінен саналуда. Облыс бойынша бір орталықтан ауыз сумен қамту деңгейі 80 пайызды құрайды. Тұрғындардың 1 пайызы  тасымалданатын суды пайдаланады. Биыл тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге және  су құбырларын жаңартуға  3,2 миллиард  теңге қаржы бағытталды. 2015 жылы
6 сумен қамтамасыз ету нысаны  іске қосылып, ол тұрғындардың бір орталықтан берілетін суға  қолжетімділігін тағы да
14 мың адамға арттырады. 27 елді мекенге тасымалданып берілетін ауыз су мәселесі біртіндеп кезең-кезеңмен  өз шешімін табуда.
Бүгінгі таңда 18 елді мекенде су қорын іздестіру-барлау  жұмыстары аяқталды. Ал, 9 елді мекен бойынша ауыз су берудің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бұл жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы институттары есебінен қарастырылуда. Мәселен, қазір Көкшетау қаласын ауыз сумен қамтамасыз етудің және су құбырларын жаңартудың 3 ірі жобасын іске асыру барысында Еуразиялық реконструкциялау және даму банкінің көмегіне жүгіну көзделіп отыр. Биыл сондай-ақ, жол қатынасын жақсартуға  6,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, жергілікті маңызы бар 80 шақырымнан астам жол жөнделді.  

Жұмыспен қамту

Дағдарысқа қарсы қолданылған нақты шаралар  өндіріс орындарында 90 мыңнан астам жұмыс орнын қысқартпай, сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жаңа нысандарды іске қосу, шағын және орта бизнесті дамыту, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын орындау есебінен облыста 10,7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 5 мыңнан астамы тұрақты  жұмыс орны.  Жұмыспен қамту орталықтары арқылы өтініш білдірген жұмыссыздардың  88 пайызы жұмысқа орналастырылды.   Осының барлығы жұмыссыздық деңгейін былтырғы 5 пайыздық деңгейде сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.  

Білім беру

Елбасы өз сөзінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауының маңызды бағыттарының бірі ретінде «Балапан» бағдарламасын одан әрі іске асырудың қажеттілігін ерекше атап көрсетіп келеді.  Осыған орай, облыста мектепке дейінгі мекемелер ауқымын кеңейту бюджет есебінен жүзеге асырылуымен қатар, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында да жүргізілуде. Осының арқасында өткен он айда бала бақшалар мен шағын орталықтарда қосымша 1300 орын ашылды. Бұған мектеп жасына дейінгі  тәрбие беретін 15 мекеменің жаңадан ашылуы игі ықпалын тигізді. Жыл соңына дейін осындай жолмен тағы 1280 орын ашылатын болады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды бала бақшалардағы орынмен қамту  91 пайызға дейін жеткізілуі осы бағыттағы жұмыстардың толассыз жүргізіліп отырғанын аңғартса керек.  
Қазіргі уақытта облыс мектептерінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдайлар жасалған. Апатты және  үш ауысымда оқитын  мектептер жоқ.  Білім ордаларында оқушылар санының тығыздығын азайту үшін тек биылдың өзінде  884 орындық 3 мектеп үйі пайдалануға берілді. 2016 жылы тағы 7 мектеп жаңадан қатарға қосылады. Сөйтіп, оларда 2500 бала білім алатын болады.
    
Денсаулық сақтау

Облыста «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар түрлі сырқаттар мен аурулардың алдын алу, медициналық мекемелердің  материалдық-техникалық базасын нығайту, маман кадрлардың тапшылығын жою және біліктіліктерін көтеру сияқты бағыттарды қамтиды.  Жылдан-жылға облыс көлеміндегі  емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып келеді. Бұған тек биыл ғана осы мекемелерге 11 санитарлық автокөлік, әртүрлі 82 құрал-жабдық сатып алынғандығы да дәлел.  
Бүгінгі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан 2 аудандық емхана, 1 аудандық аурухана,
9 дәрігерлік амбулатория мен 1 фельдшерлік-акушерлік пунктке республикалық және облыстық бюджеттен 4,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылдан бастап жоғары және орта буын медициналық кадрларға деген тапшылық жергілікті бюджет, сонымен бірге, мемлекеттік-жеке әріптестік есебінен де шешілуде. Қазір әкімдердің гранты бойынша медициналық жоғары оқу орындарында 81 студент білім алуда.  

* * *   
Бұдан соң облыс әкімі Сергей Кулагин аймақтағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екеніне және оның ұдайы бақылауда ұсталып келе жатқанына тоқталды. – Енді облыста кейінгі кезде орын алған және қалпына келтірілуіне бар күш-жігерімізді салып отырған түйткілді үш мәселені шешудің барысы туралы ақпарат бере кетуіме де рұқсат етіңіздер, – деді облыс әкімі әрі қарай.   
1. Соңғы уақытта біраз әңгіменің өзегіне айналған Қоянды ауылының жер мәселесі кезең-кезеңмен шешіліп келеді. Бұл үшін бас жоспарға түзету енгізіліп, жер учаскелері ретке келтірілді. Қабылданған іс-шаралар бұл жерлердің бір бөлігін меншік иелігіне заңдастыруға мүмкіндік берді. Осылайша, жұрт өз еркімен басып алған учаскелердің саны 195-тен 113-ке дейін қысқартылды. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі  жалғастырылуда.  
2. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы көктемгі су тасқынынан Атбасар қаласының тұрғындары қатты зардап шекті. Содан бері Елбасының және Үкіметтің қолдауының, облыстың қолдан келген барлық  шараларды қарастыруының арқасында зардап шеккендердің мәселелері толығымен шешілді. Осы мақсатта баспанасыз қалған тұрғындар үшін   төрт 45 пәтерлі тұрғын үй салынып, бір жатақхана 29 пәтерлі тұрғын үйге лайықталып қайта жаңартылды,  357 тұрғын үй жөнделіп,  басқа да нысандар қалпына келтірілді.
2015 жылы да облыс бойынша көктемгі су тасқынының орын алуына жол бермеу мақсатында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралардың барлығы кешенді түрде уақытында жүзеге асырылды.  Алайда, соған қарамастан, су ағызу көлемінің артуына және Нұра өзенінің арнасынан асуына байланысты Целиноград ауданының  Оразақ ауылында 400-ден астам үйді су басты. Үкіметтің резервінен бөлінген 3,6 миллиард теңге қаржының есебінен бүгінгі таңда  осы ауылда екі пәтерлі 70 үй пайдалануға берілді, ал, қалған екі пәтерлі 30 үйді 1 желтоқсанға дейін пайдалануға беру көзделуде.  
Осы аталған мерзімге дейін Целиноград ауданының Ақмол және Қосшы ауылдарында да екі 45 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын толық аяқтау жоспарланып отыр. Көктемгі су тасқынының зардаптарын жоюға ақмолалықтар бүкіл облыс болып жұмылғанын ерекше айта кету керек. Мәселен, тұрғындар мен еңбек ұжымдары, шаруашылық жүргізетін субъектілер қайырымдылық қорына 70 миллион теңге қаржы аударды. Осы орайда, ауылды қалпына келтіруге 50 миллион теңгеден астам көмек көрсеткен республиканың өзге өңірлеріне де шын жүректен алғысымды білдіремін.
3. Биыл сондай-ақ, ұйқы ауруына шалдыққан  Есіл ауданының Калачи селосы мен Красногорск қаласының тұрғындарын қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты облыстың өзге  өңірлеріне көшіру туралы шешім қабылданды. Мемлекет тарапынан бұл шешімге де қолдау көрсетіліп,    республикалық бюджет есебінен осы мақсатта Есіл қаласында 45 пәтерлі бір тұрғын үй және Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласында  75 пәтерлі бір тұрғын үй салынды.
Есіл қаласындағы тағы бір 73 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау  желтоқсан айына жос-парланып отыр. Бүгінгі таңда аталған елді мекендерден 138 отбасы жайлы қонысқа көшірілді. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табуда. Тұтастай алғанда, астаналық облыста Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерді одан әрі ойдағыдай жүзеге асыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға  барлық мүмкіндік бар.  Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс еселенген күш-жігермен алдағы уақытта да өзінің нақты шешімін таба түсетін болады.
Осылай деп ақмолалықтардың бұдан былай да ел игілігі жолындағы ерен істерде алдыңғы лектен көріне түсетіндігіне нық сенімін білдірген облыс әкімі бұдан кейін журналистердің қойған сауалдарына да толыққанды жауап берді. Сөйтіп, Орталық коммуникациялар қызметінде биыл облыс әкімдері ішінен осындай алқалы жиында бірінші болып сөз алған Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің бұл баспасөз мәслихаты жоғары деңгейде, бір деммен өтіп, киелі Қараөткел мен көрікті Көкше шоқтығын бүкіл ел алдында тағы бір биікке көтеріп тастады десек, артық емес.

 

Талғат ҚАСЕН,
Аслан ОСПАНОВ.

 

 

Брифингте қойылған сауалдар мен берілген жауаптар

 

– Today KZ. – Сергей Витальевич, айтыңызшы, Калачи селосы тұрғындарының жағдайы не болып жатыр? Оларды көшіру мәселесі қалай шешілуде? Соңғы рет қабылдағанда тұрғындарға  дауыс көтеріпсіз деген сөз шықты.
– Өздеріңізге белгілі, Калачи ауылындағы жағдай осыдан 4-5 жыл бұрын туындаған болатын. Менің Ақмола облысына әкім болып келгеніме 1,5 жыл болды. Осы лауазымға мен 27 мамырда тағайындалсам, келесі күні жұмыс сапарымды су тасқынынан зардап шеккен Атбасар қаласынан бастаған едім. Одан арғы күні сіз айтып отырған Калачи ауылына бардым. Шамамен 160-200 тұрғын жиналып, кездесу өткіздім. Мәселені талқыладық. Шынын айтайын, әңгіме өте қиын өрбіді. «Осы уақытқа дейін неге мәселені шешпейсіңдер?», «Үкімет қайда қарайды?», «Әкім не бітіріп отыр?», «Неге бірінші кезекте балалы отбасыларын көшірмейсіңдер?» деген   сияқты сұрақтар қардай борады.
  Әрине, тұрғындарды түсінуге болады. Мен өз кезегімде жағдайды рет-ретімен шешуге уәде бердім. Жалпы, мен 9 ай ішінде Калачиге 8 рет барып, тұрғындармен кездестім. Сонымен, Үкімет қаржы бөліп, басқа да қаржы көздерін қарастыра отырып, біз 80 отбасын басқа елді мекендерге көшірдік. Сіздер біле жүріңіздер, бір отбасын көшіру үшін шамамен 6-8 миллион теңге қаржы жұмсалады. Оның ішінде  мал сатып әперу, отын түсіру сынды бірінші кезекте қажет шығындар бар. Соңғы рет мен ол ауылға Премьер-Министрдің сол кездегі орынбасары Бердібек Сапарбаевпен бардым. Ол жолы да көшіру мәселесі қозғалды.
  Бұл тұрғыда айта кететін тағы бір жай, осы ауылдағы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындардың мәселесі. Шыны керек, олар біраз жылдар бойы айналысқан кәсіптерін тастап кетуге келіспей отыр. Қалыптасқан нарықтық орта бар, тұрақты табыс көзі деген сияқты. Өкінішке орай, ол адамдар басқа бағытта үгіт жүргізіп, алауыздық туғызып отыр.   Осындай жағдайларды ескере отырып, мен оларға «Қазір көшпейтін болсаңыздар, маған жазбаша қолхат беріңіздер» десем де көнбейді.  Жалпы, менің тұрақты пікірім, ол ауылды толық көшіру керек. Рас, бүгінде «ұйқы ауруы» біршама тоқтады. Дегенмен, ертең тағы қайталанбасына кім кепіл?   Ал енді, сіз айтып отырған «дауыс көтеру» жайына келетін болсақ, ортақ пікірге келе алмай, сәл қаттырақ сөйлескен болармын. Егер біреудің көңіліне келсем, ғафу етсін. Алдағы уақытта ондай жағдай болмайды деп ойлаймын.
– Власть KZ. – Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету қазан айында толық жүзеге асырылады деген едіңіз. Екінші сұрағым, Астананың жанында орналасқан ауылдардың жағдайы туралы.
– Біздің облыста барлығы алты жүзден астам ауыл бар. Әкім болып тағайындалғалы солардың жартысынан астамын аралап шықтым, жағдайларымен таныстым. Енді міне, осы айдың 25-інен бастап 10 ақпанға дейін аптасына екі күннен ауылдарды аралаймын. Сіз айтып отырған ауылға да сол кезде жолым түседі. Ал, енді су тасқынынан зардап шеккендерге келелік. Құлаған үйлердің тұрғындарына арнап үй салуды маусым айында бастадық. Рас, жоспар бойынша
15 қазанға дейін бітіреміз деп межеледік. Алайда, біз құрылысты бастағанда материалдардың бағасы  күрт өсіп кетті. Сондай-ақ, бөлінген қаржы да тек тамыз айында түскендіктен, алғашқыда құрылыс компания-ларына өз қаржыларын жұмсай тұруға көндіруге тура келді. Кейіннен Үкімет қажетті қаржыны толық берді. Ол үшін алғысымызды білдіреміз. Әрине, құрылыс материалдарын әкелу мәселесі, кейбір құрылыс компанияларының өз істеріне немқұрайлы қарағандығы сынды проблемалар болды. Бүгінгі күнге дейін 100 екі пәтерлі үйлердің құрылысы толық бітуге жақын. Нақтырақ айтсам, Оразақта жаңа ауыл пайда болды. Жұмыс әлі де жалғаса береді.
– Қазақ радиосы. – Президент бекіткен «100 нақты қадам» бағдарламасында елімізде ет өндіруді, ет өнімдерін экспортқа шығаруды ұлғайту бірінші кезекте орындалуға тиіс мәселелер қатарына жатқызғылғандығы белгілі. Бұл тұрғыда облыста қандай шаралар қолға алынды?
– Біріншіден, облысымызда мал басы 10 пайызға, құс  17 пайызға өскендігін айтқым келеді. Сондай-ақ, облыс бойынша 20 мың бас мал бордақылауға арналған  арнайы алаңдар бар болса, олардың 7-і ірі кешен. Бұл орайда, облысымызда 28 тауарлы-сүт фермасы бар екендігіне де назарларыңызды аударғым келеді. Экспорт мәселесіне келетін болсақ, Мәскеу қаласына 700 тонна ет жіберуді межелеген едік. Осы уақытқа дейін оның жартысы орындалды. Жыл аяғына дейін толық жібереміз. Міне, осы жайларды айта келе, жақын арада қара мал етінен Астананың қажетін 65 пайызға өтейміз деген ойымыз бар. Бұған облыстың мүмкіндігі толық жетеді.
– СТВ телеарнасы. – Астананың айналасында орналасқан елді мекендерді абаттандыру, ондағы инфрақұрылымдарды жетілдіре түсу мәселелері қалай шешілуде?
– Облысқа екінші рет әкім болып келген соң, Елордаға жақын орналасқан ауылдарды толық аралап шықтым. Рас, әзірге Астананың шет аймақтарының өзі іргелес жатқан ауылдарға қарағанда, біршама жақсы дамыған деуге болады. Бұл орайда,  Астананың айналасында 30 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдарды көркейту үшін 105 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ол қаржыға  168 шақырым электр желісі жүргізіліп, 44 шақырым жол жөнделді. Сондай-ақ, 24 әлеуметтік нысан іске қосылды. Бұл тұрғыдағы жұмыстар әлі де жалғасын таба беретін болады.
– «Хабар» телеарнасы. – Сергей Витальевич, жаңа брифинг басталғанда Сіз бізбен таза қазақ тілінде амандастыңыз. Осыған орай, мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергеніңізді білгім келеді. Екінші сұрағым тамыз айында әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен оқиға туралы болмақ. Онда Сіз Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдерімен бірге хауызда облыстық театр әртістерінің тек сіздер үшін қойған концертін тамашалады делінген еді.
– Қазақ тілін білемін, ауызекі тілде сөйлесе аламын. Брифинг аяқталған соң келіп, менімен сөйлесуіңізге болады. Ал, енді сұрағыңыздың екінші бөлігіне келетін болсақ, бұл жүйкеме тиген әңгіме болды. Жауап беруден жалықсам да, бүгін соңғы рет жауап берейін. Біріншіден, ондай оқиғаның болуы тіпті де мүмкін емес. Өздеріңіз білесіздер, сол күні облысымызға Елбасы келген болатын. Президенттің қатысуымен өткен жиынға Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдері де шақырылды. Шынымды айтайын, менің әріптестеріммен пікір алмасуыма да уақытым болмады. Олар тоқтаған жерге барып, бар-жоғы
15 минут аялдап, кешірім сұрадым да кеттім.
  Әлеуметтік желіде айтылған уақытта менің қайда болғанымды білетін жүзден астам адам бар. Мұны мен арандату деп білемін. Біреулер әдейі ұйымдастырған болуы керек. Яғни, бұл әңгіме осымен тыйылса деймін. Тағы да қайталап айтайын, менің  тап сол күні моншаны айтпағанның өзінде әріптестеріме уақыт бөлуге мұршам болған жоқ.
– Еуразия телеарнасы. – Биылғы жыл өте күрделі болып тұрғандығы белгілі. Қаржы дағдарысы өршіп барады. Ал, 2016 жыл тіпті күрделі болады деген болжам бар. Осыған орай, облыста қандай шаралар қолға алынуда? Толып кеткен тойлар мен корпоративтерді қысқарту, тағы басқа да үнемшілдік мәселелері жайында білгім келеді.
– Әрине, тойлар мен корпоративтерге тыйым салу арқылы мәселені шешуге болады дей алмаймын. Рас, мен де жан-жаққа сауын айтып, той тойлауға қарсымын. Ал, енді нақты шараларға келетін болсақ, ішкі резервтерді пайдалану керек деп ойлаймын. Мәселен, қаржы дағдарысына орай, биылғы қыс маусымына дайындық күрделі жағдайда өтті. Сондықтан, біз тап бүгін сонша маңызды емес, кешеуілдетуге болатын нысандар құрылыстарын тоқтата тұрдық. Соның нәтижесінде 1,5-2 миллиард теңгедей қаржы үнемдеу арқылы қыс маусымына тыңғылықты әзірлікпен келдік. Сондай-ақ, бюджетті оңтайландыру, мүмкіндігімізге қарай қимылдау керек. Қысқаша айтқанда «көрпеге қарай көсілеміз». Дегенмен, қолға алынған, Елбасы тапсырған істер толық орындалуға тиіс.
Облыс әкімінің брифингінде Ақмола облысы мен республикалық басылымдардың тілшілерімен және телеарналар журналистерімен қатар, басқа облыстардағы әріптестеріміз де өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
– «Қызылжар». – Сергей Витальевич, Шаңтөбе руднигінің жабылып қалуына байланысты онда еңбек еткен адамдарды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?
– Рас, онда көптеген адам жұмыссыз қалды. Бұл мәселені де рет-ретімен шешудеміз. Мәселен, 230 адам өздері жұмыс тауып алса, 40 адам зейнеткерлікке шықты. Біз өз тарапымыздан әлеуметтік көмек қарастырып, біраз адамды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнына жұмысқа орналастырдық. Басқа да мүмкіндіктер қарастырылуда. Сондай-ақ, біраз адам уақытша демалысқа жіберілсе, әзірге толық емес жұмыс күні бойынша еңбек ететіндер бар.
– Биньюс KZ. – Бүгінгі таңда жұмыс орындарын мүмкіндігінше көбірек сақтап қалу ең өзекті мәселелердің қатарына жатады. Бұл тұрғыда мәселе қалай шешілуде?
– Біз осы уақытқа дейін кәсіпорындар басшыларымен көптеген кездесулер өткізіп, бес мыңдай меморандумға қол қойдық. Мүмкіндігінше жұмыс орындарын қысқартпауға тырысамыз.
– БАҚ KZ.  – Ақмола облысының рес-публикамыздағы астықты көп өндіретін аймақ екендігі белгілі. Жаңа сөзіңізде мол өнім жиналғандығы туралы айтып өттіңіз. Осыған орай, егіс алқаптары толық орылды ма, бидай сапасы қандай екенін білгіміз келеді.
– Өздеріңіз білетін боларсыздар, биылғы көктемде ауа райы диқандар қауымы үшін қолайсыздау болып, егіс науқаны он күнге кешігіп, дән сіңіру маусым айының 10-ына таман ғана аяқталды. Егіс науқанын дер кезінде аяқтаудың маңызы өте зор. Яғни, астық уақытында пісуі үшін бұл жұмыстарды маусымның 1-іне дейін бітіру керек. Абырой болғанда, күн қолайлы болып, алқаптардағы егін толық жиналып алынды. Бұл арада сонымен қатар, бидай сапасының да өткен жылға қарағанда жоғары екендігін айтқым келеді. Мәселен, өткен жылы жиналған барлық астықтың 68 пайызы ІІІ класты болса, биыл бұл көрсеткіш 84 пайызды құрап отыр. Біз биыл барлығы 4,6 миллион тонна астық бастырдық.
– 24  KZ. – Ақмола облысындағы ірі өндіріс ошағы саналатын Степногорск қаласындағы ахуалға тоқталсаңыз. Ал, екінші сұрағым бос қалған шахталардан заңсыз «алтын жуумен» айналысып жүргендермен күрес туралы.
– Сұрағыңыздың екінші жартысынан бастасам, шахталарда заңсыз әрекет жасайтындармен ымырасыз күрес жүргізілуде. Кейбір заңдарға өзгерістер енгізілуіне байланысты қолданылатын шаралар да пәрменді болмақ. Жалпы, кейінгі уақытта бұл үрдіс біраз саябырлады. Мәселен, бұрындары ондай жұмыстармен айналысатындар көп болса, бүгінде сирек кездесетін болды. Ал, облысымыздағы ең ірі өндіріс ошағы болып табылатын Степногрск қаласына келетін болсақ, мұндағы кәсіпорындар облыста шығарылатын барлық өнеркәсіп өнімдерінің 24 па-йызын береді.  Қаладағы подшипник зауыты жаңаша жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Мәскеудегі осындай зауыттың жұмысы тоқтауына байланыс-ты біздің зауытқа жаңа нарықтарды игеруге тура келеді. Осы уақытқа дейін мұнда подшипниктердің 40 түрі шығарылатын болса, алдағы уақытта 170 түрі шығарылатын болады. Осының өзі-ақ, өндіріс ауқымының қаншалықты өсетіндігін көрсетсе керек.
  Сондай-ақ, тау-кен химия комбинатының жұмысы да жандана түспек. Әрине, заман талаптарына сай, үлкен сұранысқа ие тауарлар өндіру қажет. Осыған орай, осындағы химия зауытында жылына 180 мың тонна күкірт қышқылы шығарылатын болады. Сонымен қатар, пестицидтер шығару да назардан тыс қалған емес.
– «Орталық Қазақстан» газеті.  – Ақмола облысында «сақалды құрылыстар» көп пе? Оларды аяқтау тұрғысында қандай шаралар қолға алынды?
– Рас, бұрын бізде де басталғанымен, аяқталуы жылдарға созылып кеткен құрылыс нысандары болған. Оның түрлі себептері болды. Осыған орай, нақты шаралар қолдана отырып, жағдайды біршама қалыпқа түсірдік деп санаймын. Нақтырақ айтсам, бүгінде дер кезінде құрылысы аяқталмаған бір мектеп пен бір бала бақша бар. Бәрі ойдағыдай болса, жақын уақытта олардың екеуі де пайдаланылуға берілуге тиіс.
– «Казахстанская правда» газеті.  
– Ақмола облысының ЭКСПО-2017-ге қосар үлесі қандай болмақ?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, Ерейментау ауданындағы жел станциясы, күн батареясы сынды «жасыл экономикаға» тікелей қатысты жобалар бар. Сондай-ақ, Щучье-Бурабай курортты аймағы мен Қорғалжын мемлекеттік қорығын мақтанышпен атап көрсетуге болады. Әрине, ол үшін әлі біраз жұмыстар атқару қажет. Бурабай маңында да бұл мәселе өз шешімін таба бастады. Ал, Қорғалжын мемлекеттік қорығына дейін талап деңгейіне сай жол салу қажет. Әзірге бұл проблема болып тұр. Дегенмен,  алдағы уақытта шешімін табуға тиіс мәселе.
– Маңғыстау облысы. – Облыстарыңызда жерді жекешелендіру мәселелері, пайдаланылмай бос жатқан жерлер проблемалары қалай шешілуде?
– Облысымызда 1 миллион 100 мың гектар жер пайдаланылмай, бос жатыр. Менің пайымдауымша, нақты цифр бұдан да көп болуға тиіс. Бүгінде біз оның 500 мың гектарын қайтадан мемлекет меншігіне алдық. Сондай-ақ, тағы 500 гектар жер ауыл шаруашылығы үшін нақты пайдаланылатын болды. Яғни, жермен жұмыс істей алатын адамдарға берілді.
– КТК. – Қараөткел ауылының кейбір тұрғындары осы уақытқа дейін электр жарығының жоқ екендігін айтады.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, ондай проблема бар. Жалпы, мұның бәрі кезінде ешқандай жоспарсыз жер телімдерін таратудан туындап отыр. Электр жарығы, ауыз су сынды тұрмысқа қажетті мәселелер шешілмей, үй салуға рұқсат беру дұрыс емес. Бүгін біз сондай жауапсыздықтың зардабын тартып отырмыз. Бұл қиындықтардың бәрі де шешіледі.
– Оңтүстік Қазақстан облысы. – Ақмола облысында инвесторлар тарту мәселесі қандай деңгейде?
– Жоғарыда айтып өткен жел күшін, күн сәулесін пайдалану арқылы электр қуатын өндіру мәселесінде инвесторлар қажет-ақ. Жалпы, экономиканы қарқынды дамыту үшін инвесторларға жүгіну барлық елдерге тән. Біздің елде, оның ішінде Ақмола облысында да бұл мәселеге баса назар аударылуда.
– Жанар Сердалина.  –  Сергей Витальевич, қаржы дағдарысына, теңгенің құнсыздануына байланыс-ты көптеген тауарлар бағасы күрт өсіп кетті. Бұл орайда алдымен, «әлеуметтік нан» бағасын ұстап тұру үшін  қандай әрекет жасамақ ойыңыз бар? Әр облыста баға әрқилы болатын болса, Ақмола облысында ол қанша болмақ? Жалпы, елімізде бидай мол ғой. Яғни, нан бағасының өсуі қисынға келе ме?  Екінші сұрағым, Астана-Бурабай тас жолымен жүру бағасына байланысты. Неге екені белгісіз, бірдей қашықтыққа бағаның әртүрлі болуы кездеседі. Үшінші сұрағым, Бурабай курортты аймағында қауіпсіздік шаралары қандай деңгейде екендігіне байланысты. Әлемде түрлі лаңкестік оқиғалар орын алып тұрғанда «сақтықта қорлық жоқты» ойлаған да дұрыс шығар.
– Астана-Бурабай тас жолымен жүру бағасына келсек, мен де ақы төлеп жүремін. Бұл сұрақты тиісті министрлікке жолдаған дұрыс болар. Ал, мен де өз кезегімде анық-қанығын білуге тырысамын. Қауіпсіздік шараларына келетін болсақ, бұл мәселе тұрақты назарда. Жуырда осы мәселеге арналған жиын өтті. Сонда жан-жақты талқыланып, тиісті қорытындылар шығарылды.  Әрине, әлеуметтік нан бағасын бірқалыпты ұстау қажет. Бұл арада ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің табыстарына шектеу қоюға болмайтындығын ескеру керек. Шындығында, нан бағасы қазіргіден едәуір қымбат болуға тиіс. Дегенмен, табысы төмен отбасылары мен аз қамтылған азаматтар үшін нан бағасының өсуі қиындық тудыратындығы белгілі. Сондықтан, бұл орайда белгілі бір шешім болады. Біз барлық шығындарды, мүмкіндіктерді саралап, есептей отырып бір тоқтамға келдік. Нақтырақ айтсам, облыста әлеуметтік нан бағасы 50 теңгеден аспайды. Ал, нанның басқа түрлеріне нарықтық қатынастар жағдайындағы нақты бағалар қойылады. Бұл – өмір талабы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар