Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыздан шыққан сөздің аңдушысы бар - АРҚА АЖАРЫ

Ауыздан шыққан сөздің аңдушысы бар

Қанат ҚЫДЫРМИН,
Қазақстан  Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола   облысындағы өкіл имамы, Науан Хазірет атындағы  орталық мешіттің бас имамы

«Сен жаратқан Раббысының атымен оқы!» деген осы бір қастерлі де ұлық сөздің астарында тағылымға толы сыр жатыр. Адам дүние есігін ашқасын-ақ «оқы!» сөзін ұғыну арқылы Жаратушы Иеміздің құдіретін сезінеді. Сол түйсік-санамен сезінген сенім бізді Алла тағаланың тылсым сырларына жетелейді. Құранның  сыр-мағыналарының  тұңғиығына бойлап, тереңіне үңілсек те, оның жұмбақтарының жауабын таба аламыз ба? Шарқ ұрып,  сандалысқа түсіп, құдіреті күшті  Жаратқан Иеміздің нұсқаған жолынан адаспай, өз бағдарымызды табуға тырысамыз.

 Демек, «оқы!» сөзі қасиетті Құранның ең алғашқы уахи етілген ұлық сөзі ғана емес, әр пендеге түзу жол көрсетер бағыт-бағдар да болып табылады. Барша адамзатты иманға ұйытып, ізгілікке  бастаған  пайым-парасат тұрғысында да өзінің астарлы арнасымен асқақ көрінеді.
Адамды сол пайым-парасатқа жетектеп, сана-сезімін имани сенімге ұластырған асқақ ұғым – Жаратушы Иемізді барша әлемдер иесі ретінде мойындау болса керек. Олай болса, адамды өзге хайуаннан өзгешелеп тұратын не? деген сауал әркез алдымызды орайды. Шынында, біз қай сипатымызбен адамшылықтың тағылымын сезініп жүрміз. Жаратқан Иеміздің адамға  сыралғы сый ғып тартқан қазына көзі – сана мен тіл шығар.
Біз адамның тілін Аллаһ тағаланың ең көркем етіп жаратқан  жаратылысы ретінде қабылдаймыз. Осы тіл арқылы өз пендесін тура жолға меңзеп, өзіне құлшылық еткізеді. Себебі,  «сүйектен өтіп», мірдің оғындай алысқа жетелейтін өрісі де кең, өресі де биік тілдің қарымы қашанда биік көрінеді.
Мұсылман үшін тіл  тек иманға ұйытудың басты құралы болып қала береді.  Жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыятын негізгі арна – осы тіл екенін әркез жадымызда  ұстасақ  абзал  болар еді. Әйтпесе,  тілді керек жерде де, керек емес орында да беймезгіл безей берудің кесір-кесапатын көріп жүргендер жоқ дейсіз бе?! «Басқа пәле – тілден» екенін де  қаперден  еш шығармасақ керек.
Қасиетті Құранның  Қаф сүресінің 18-інші  аятында: «Аузынан  бір сөз шығарса-ақ болды  алдында аңдушы дайын» делінеді. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Кімде-кім сөйлемей, тыныш тұрса, бәледен құтылады» деген.
Қарап отырсақ,  бұл шариғат танымдарының қазақы даналықтармен де орайлас келетіні тегіннен-тегін емес. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген  қазақ мақалының астарында пайғамбар даналығы жатыр. Бұл «аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кебі екенін аңғарамыз. Отыз тістен шыққан сөз қырық рулы елге тарайтынын да осындай хадис сөздерінен ұғынғандай боламыз.
Ауыздан шыққан әрбір сөздің аңдушысы дайын екенін айтқан Құран сөзі де сөйлер сөзіңе есеп бер дегенді нұсқайды. Өйткені, аңдамай сөйлеген сөз кейде  адамды көрсоқырлыққа  апаратынын неге ұмытамыз? Тіліне сақ болып, тыныш тұру – даналықтың бір белгісі екенін әрдайым санада берік ұстаудың өзіндік маңызы бар.
Бірде Муғаз ибн Жабал пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Қандай істер жақсы?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тілін шығарып, үстіне саусағын  қойып, тілге сақ болу  керек  дегендей ишара жасайды. Сосын «Кімде-кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне сақ болуды ләзім тұтсын» дейді.
Бұл сөздердің  үлкен ұлағат болғанын пайғамбардың көзін көрген және кейін өмір сүрген ғұламалар да айтып кеткенін білеміз. Мысалы, Әбу Хурайраның  риуаятында  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірсе,  жақсы сөйлесін немесе тіліне ие болып, тыныш тұрсын» делінеді.
«Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екі жүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді» деген даналықты Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінен оқысақ, осындай хадистердің тағы бірінде: «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады» делінеді.
Адам шынында күнәнің көбін тілінен табады екен. Шындықты бетке айттым деп  біреуді еш негізсіз ғайбаттау көріністері аз кездеспейді. Осылай адал адамды қаралап, өзі осы қылығы арқылы күнә арқалайтынын біле ме екен, ондайлар. Сөйлеген әр сөзіне есеп бере алмай, ғайбат істің жетегінде жүргендерге иман ғана таразы бола алады. Алланың елшісі кімде-кім тілін жамандықтан  жасырса,  Аллаһ  ондай адамның айыбын жасыратынын ұдайы айтқанын әркім өз санасына берік түйсе ләзім болар еді.
Қазір әр мүмін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммедтің басқаға тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген  мұсылман нағыз мұсылман деген сөзін шынайы сезінеді деп ойлаймыз. Сондықтан, күнделікті өмірде әр адам осы шынайылықты ұстанғаны абзал. Жалған сөйлеу – екіжүзділік қана емес, мұсылмандыққа жат істер қатарынан саналады. Бір хадисте: «Шыншылдық жақсылыққа, ізгілік жәннатқа алып барады. Өтірік жамандыққа, жамандық тозаққа жетелейді» дегеннің астарына үңілген адам түсінетініне сенімдіміз.
Міне, «басқа пәле – тілден» деген сөз пайымын түсінген адам басқаға ғана емес, ең алдымен өзіне төнер қауіптен құтылады. Баяғыда бір дана: «Менің тілім – бір жыртқыш аң. Егер бетімен жіберсем, өзімді жеп қояды» депті дейді. Өз тілінен опық жеп, тағдырын тәлкекке салғандар да бар ғой. Әбубәкір Сыддық өзін көп сөйлеуден сақтау үшін аузына кішкентай тас салып жүреді екен. Неге деп сұрағандарға: «Пайдалардың маған келтірген пайдасы» деп жауап қатады екен.
«Аузың сөз тұрмайтын жеңіл болса, аузыңа тас салып ал» деген  даналықтың осындай шариғат ұстанған даналардан қалған сөз екенін енді білгендейміз. Ал, егер осы ұғымды тағылымды әңгімеге ұластырсақ, бірде қаһарлы бір патша өз уәзірін базарға өзі сүйсініп жейтін тәтті тағам алып кел деп жұмсаған екен. Сонда әлгі уәзір еш ойланбас-тан тіл сатып әкеледі.
Келесі күні сынамақ ниетпен уәзірін қайта жұмсаған патша ең ащы тағам әкелуді тапсырады. Ал, ол бұл жолы да тіл сатып әкелген екен.  Мұның сырын сұрағанда уәзірі: «Уа, патшам, алғашқы күні тіл сатып әкелгенім, тілден тәтті ештеңе жоқ. Тәтті сөз жаныңды шуаққа бөлеп, сәулесімен нұрландырады. Жаратушы Иеміздің уахи сөздерін уағыздап, адамдарды иманға ұйытады. Ал, келесі күні тағы тілді  әкелгенім, тілден ащы ештеңе жоқ. Ащы тіл адамдардың арасын ашады, жалған сөйлеп, ренжітеді. Ең бастысы, тілден басына пәле тауып, Алланың қаһарына ұшырайды» деген екен.
Шариғат сабақтары қазақы қоғамның барлық тұстарында көрініс беретінін де жоққа шығара алмаймыз. Шешендік сөздердің өн бойы осындай сырларға толы. Қазақ бір ауыз сөздің қадірін ұққан жұрттың бірі. Басынан сөз асырмаған бабаларымыз да бір ауыз сөздің қарымын қадірлей білген. Себебі, қазақтың ақыны да, шешені де, батыры да ұйқастырып, бір ауыз сөз айта алатын дәрежеде болған. Мысалы, Абылай ханның үзеңгілес батыры болған Жәнібек Бердәулетұлының  атақты Тіленші шешенді  сөзден жықты дейтін бір әңгімесі былай айтылады:
Бір жиында екі төренің ортасында шалқасынан жатқан Жәнібек батырды көрген Тіленші шешен: «Мына ақсақ керейдің (Жәнібектің бір аяғы ақсақ екен) жатысы қалай? Әкесі Бердәулет он екі аталы Абақ керейдің жаманы еді. Көпті көргенсіп, бір төреге басын, екіншісіне аяғын иіскетіп жатқанын қарашы» депті. Сонда Жәнібек батыр басын көтеріп алып былай дейді:
Тіленші, рас айтасың,
Мен көрмеген нәрсе жоқ,
Қалмақты да мен көрдім.
Он бесімде бурадай,
Үюлі тасты төңкердім.
Жиырма бесімде қазақтың
«Ұлын құл, қызын күң етем» –
деп даурыққан қалмақты
Қызыл қанмен жуып ем,
Отыз бесте талай шешенді,
Қара сөзбен буып ем.
Сенің әкең Бекболат атаның жақсысы еді,
Мен Бекболаттан тусам қандай болар едім?
Менің әкем атаның жаманы-ақ болсын,
Сен Бердәулеттен тусаң қандай болар едің?
Мен шынарға шыққан оқпын ғой,
Сен жақсыдан туған боқсың ғой.
Сөз тапқанға қолқа жоқ. Мұндай мысалдар қазақ арасында жиі ұшырасады. Басына пәле тапқан Тіленшідей талай шешендер де сөзден жығылған. Қолынан найзасын тастамаған батырлар да қас жауын қуып, елін қорғап қана қоймай, ел ішінде ақындыққа татыр сөздерімен де еңсесі биік болғанын көреміз.
Ал, сонау тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыз былай деп тіл құдіретін паш етеді:
Аллаһ адамдарды жаратты, үздік етті,
Оған өнер-білім, ақыл-сана берді.
Ақыл мен білімнің тілмашы – тіл
Ердің мерейін көтеретін тілді біл.
Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл кететұғын бас болар.
Хакім Абай не дейді? «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпанын білсеңіз» дегенде Абай атамыз сол бес дұшпанның үшеуі – өсек, өтірік, мақтаншақтық тілмен өрбитінін айтады. Өсек айтып, ғайбат сөйлеу – адамды күнәға итермелесе, ал мақтаншақтық тәкәппарлыққа жетелейтінін ащы сынмен түйреп  өтеді. Шынында, қазақ арасында имани ұғымға қайшы келетін мұндай мінез-құлықтар көптеп кездеседі. Ол бүгінгі күннің ащы да болса шындығына саяды. Себебі, надандық жаманды жарға жығады. Сөйлер сөзін па-йымдай білмеу – абыройын айрандай төккізіп, беделінен айырады. Мың күн жинаған абыройы бір-ақ күнде жермен-жексен болады. Өзін де жылатады, өзгенің де обалына қалады. Ал, тіл бас жармаса да, тас жарып, сүйектен өтетінін біле тұра, адамдар оның өз бастарына пәле болып жабысатынын неге қаперге алмайды екен дейсің. Әбубәкір Сыддық (р.а.): «Пенденің тілі бұзылса, адамдар жылайды, ал, егер жүрегі бұзылса, періштелер жылайды» деп айтқандай, осы даналықты түйсінген жан адамдарды жылатқан пенделердің бүгінде тым көбейіп бара жатқанына қабырғасы қайысар еді.
Бір имани әңгімеде бір қауым Мұғауияның (р.а.) алдында сөз бермей тұрғанда, Ахнаф ибн Қайыс қана сабыр сақтап, үндемей қалғаны айтылады. Сонда оған Мұғауия сауал қойып, неге сөйлемей тұрғанын сұрады дейді. Сонда Ахнаф ибн Қайыс: «Жалған сөйлеуге Аллаһтан қорқамын, шындықты айтуға сенен қорқып тұрмын» деп жауап берген екен.
Бұл да тағылым алар оқиға ғой. Өтіріктің қазанын судай сапырып, Аллаһтан да қорықпай, шайтанның адастыруына түскен пенделер өздерінің барар жері – тозақ екенін ескермейтіні жаныңды жегідей жейді. Ондайды Аллаһ та, пайғамбарымыз да, тіпті, кешегі және бүгінгі ғұламалар да ескертумен келеді. Ғұламаларымыздың айтуынша, адам баласы қабірде үш нәрсенің себебінен азапталады. Біріншісі – ғайбат айтудан, екіншісі  –  
сөз тасудан, үшіншісі – кіші дәреттегі ұқыпсыздықтан екен.
Демек, ғайбат айту мен сөз тасу – ең ауыр күнәлардың қатарында деген сөз. Егер біз фәни өмірдің жетегінде кетпей, ахирет күннің де қамын ойлап, тозақтың отына кімдердің шыжғырылатынына қайғырсақ, ғайбат сөйлемек түгілі, сөз тасудан да бо-йымызды аулақ салар едік қой. Әттең, әттең дейсің де қоясың. Өз тілінен опық жегеніне қайғырмаған пенделер шынымен  бақи өмірде азап шегетінін білмегені ғой. Білсе, осылай өзіне жамандық ойлар ма еді.
Иман ғана жалған сөйлеп, сөз тасудың мол күнә екенінің ара-жігін ажыратып бере алады. Олай болса, басқа пәле болып жабысатын тілге де сақ болып, қасиетті Құраннан тағылым алғанда ғана екі дүниенің қызығын көре аламыз!..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар