Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕНКИ: Сапалы кірпішке сұраныс жоғары - АРҚА АЖАРЫ

ЕНКИ: Сапалы кірпішке сұраныс жоғары

Бүгінде бүкіл жаһан қаржы дағдарысын бастан өткеріп отыр. Ол дүниенің төрт бұрышындағы үлкенді-кішілі мемлекеттердің барлығына өзінің  салқынын тигізіп, қыспағына алуда. Іргелі  дамыған елдердің өзі бұл дағдарыстың алдында шарасыздық танытып, өрлеудің емес, тығырықта қалмаудың қамында отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та  осынау экономикалық дағдарыстың бұрын-соңды болмаған қиындығын атап көрсетті.

Экономиканы жаңа индустриалдық бағытта дамытудың жемісі шығар, кей салада көшіміз алға кеткені де рас. Мысалы, бір кездері шикізат көзіне бай болсақ та, құрылыс материалдарын сырттан тасығанымызды несіне жасырамыз. Ал, бертін Көкшетауда кірпіш зауытының салынып, іске қосылуы осы жаңа экономикалық реформалардың айғағы  іспеттес.
Биыл  «Қазақстанның үздік тауарлары»  байқауының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылғанда облыс әкімі Сергей Кулагин аталған  өндіріс орнына лайықты марапат жасады. «Енки» кірпіш зауыты «Ең үздік өндірістік бағыттағы тауарлар» аталымында  бірінші дәрежелі диплом мен  ақшалай сыйлыққа ие болды.
Біз «Енки» кірпіш зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұритдин Сампиевке жолығып,  өндірістің қазіргі аяқ алысы жайлы сұраған едік. Сонда ол: «Біздің зауыт бірегей өнім шығаратын  кәсіпорындардың бірінен саналады. Қазіргі құрылыс қарқыны артып, заман жаңа үрдісте дамып жатқанда  уақыт талабына сай өнім шығару өте маңызды. Бұрындары қаптама кірпішті шеттен тасысақ, енді өзімізде   шығарудың  да  мүмкіндігі туды», – деді бізбен әңгімесінде.
Әрине, үздік өнім шығаратын кәсіпорынға айналу оңай  емес.  Ал, «Енки» кірпіш зауытының болашағы зор. Олар өздерін нарықта танытып та үлгерді. Демек, алар асулары алда. Шыны керек, сонау 2000-ыншы жылдардың басында  Көкшетау қаласында «Енки» қаптамалы керамикалық кірпіш шығаратын зауытының  алғашқы құрылысы бастау алғанда қуанғанымыз рас. Жылына 60 миллион кірпіш шығаруды межелеген бұл инвестициялық жобаға «Астана-қаржы» акционерлік қоғамының компаниялар тобы қаржылай қолдау білдіріп, айналасы төрт жылдың ішінде бұл зауыт толықтай іске қосылды.
Басты мақсат – жоғары сапалы құрылыс материалын шығару. Ол үшін жаңа технологияларға негізделген құрал-жабдықтар орнату қажет еді. Инвесторлар осы заманғы технологияларды саралай келе, испандық  компанияларының  құрал-жабдықтарына назар аударды. Сөйтіп, кірпіш шығарудың барлық өндіріс процесі толықтай автоматтандарылып,  компьютерлік техникамен қадағаланатын желілермен қамтамасыз етілді.
– Бұл зауыт солтүстік өңірдегі маңызы жоғары кәсіпорындардың бірі саналады. Сондықтан, біздің өнімдерімізге деген сұраныс та мол боларына сенім зор, – деді бізбен әңгімесінде «Енки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұритдин Сампиев. –  Осы заманғы технологияларға негізделген зауыттың жетістігі алдағы жылдарда анық көрінетін болады. Әрине, қаржы дағдарысы бізді де айналып өтпесі анық. Бірақ, қол қусырып отыруға  болмайтынын білеміз. Көрші елдерден де осындай өнімдердің ағылған шағында нарық бәсекесіне төтеп беру біздің – ең басты мақсатымыз.
Қазіргі әлемде болып жатқан қаржылық қауіптердің белең алған кезеңінде елімізді қарышты дамытудың маңызын айтып жатудың өзі артық. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу саясатының астарында да осы жайлар жатқанын білеміз. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғап, олардың өнімдерін әлемдік нарыққа шығару мәселесі басты назарға алынады. Осы арқылы Қазақстан экономикасының инновациялық негізде дамуы арқылы жаңа өнім түрлерін көбейту көзделеді.
 Бұл ең алдымен Елбасының 100 нақты қадам арқылы жаңа саясат ұстана отырып, ортақ мүддеге жұмылу, ел еңсесін көтеруге деген ұмтылысты аңғартады.  Мұндай заман тезінен  мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өте алады. Сондықтан, біздің еліміз өзінің еңселі істерімен көрініп, аяққа оралған қандай қиындықтар болса да, оны еңсеруге барынша күш салуға тырысуда. Бұл әр өңірдегі озық технологияға негізделген өндіріс орындарының сыртқы қауіптерге қарамай, бәсекеге қабілетті тауарларын шығаруы арқылы да көрініс табуы тиіс. Нарық талабының басты алғышарты да осы. Өрісіңді кеңейтіп, өрелі биіктерді бағындыру үшін экономиканы дамытудағы жаңаша белсенділік қажет. Қазір барша жұрт мұны түсінді,  көшіміз ілгері жылжуы үшін жаңа экономикалық саясатқа деген  мүдденің де ортақтығы өз ықпалын тигізеді.
Еуразиялық экономикалық одақтың да тиімді жақтарын өз мүддемізге пайдалану қажет. Енді өнімді ішкі нарыққа ғана емес, сыртқа да шығару жолдарын қарастырған абзал. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Онсыз да етектен тартқан жағдайларға төтеп беріп,  қолда бар мүмкіндіктерді кеңінен қарастырудың қамында екендерін зауыт басшысы да айтып қалды.  Кәсіпорын қаржы дағдарысы  жағдайында жаңа даму бағыттарын анықтап, жұмысқа кірісті. Үнемдеу арқылы тиімді инновациялық технологияларды қолданудың маңызды екенін кәсіпорынның бас инженері Владимир Бурикин де  өндіріс  ырғағымен таныстыру барысында тілге тиек етті.  Себебі, бұл  еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең іргелі кірпіш зауыты екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, инвестициялық қолдау бар жерде, табыс көзі де жатқанын анық аңғарамыз.
Немістің жаңа сипаттағы құрал-жабдықтарын орнатуға да қыруар қаржы жұмсалғанын естідік. Қазір бұл құралдар тиімді жұмыс істеп тұр. Әсіресе, кірпіш өнімінің бастапқы кездегі сапасы көп өзгергенін де айтады енкиліктер. Осының арқасында мұнда кірпіштің сыртқы қалыбының сапасы әлемдік талаптарға сай жақсара түсті. Кірпіш зауытының кіреберіс дәлізіндегі кірпіш қойылған сөредегі өнімдер көздің жауын алады. Кірпіштің сыртқы пішіні мен бітімі және оның  әрленуі жоғары деңгейдегі технологиялармен жүзеге асырылатын көрінеді.
Зауыт басшысы  жылдық өнім шығару қуаты жайлы да тоқталып өтті. Біз зауытты салу кезіндегі инвестициялық жоба құжаттарымен де таныстық. Онда жылына алпыс миллион дана кірпіш шығарылады делінеді. Мәселен, кәсіпорын іске қосылған жылы отыз миллион дана кірпіш шығарыпты. Соңғы уақытта жылына алпыс миллионға жуық кірпіш өндірілгенін де айтар едік. Бұл – 2 миллиард 553 миллион теңгенің өнімі. Егер зауыт толық қуатына енсе, жыл сайын 2,7 миллиард теңге табыс табатын мүмкіндігі бар. Биылғы жылдың алғашқы он айында ғана
1 миллиард 732 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, барлығы 40 мың 771 дана кірпіш шығарылды.  Ал, оның 39 мыңнан астам данасы  өткізілді.
Жалпы, сапалы өнім өндіру айтуға оңай. Оның сан қырлы процестері бар екенін де ұмытпау керек. Сонау бір қиырдан  кәдуілгі балшықты әкеліп, оған қоспа қосып, дайын өнім шығарудың астарында жүздеген адамның маңдай тері жатыр. Зауыттың өндіріс цехында шикізаттан дайын өнімді қалай шығаратынын да көріп, білдік. Негізінен, қыш құйып, кірпіш жасау мұнда оннан аса кезеңдерден өтеді екен. Алдымен, балшық өндіріс алаңына жеткізіліп, біраз уақыт жерсіндіріледі. Сосын барып, арнайы үгіткіш диірменде ұнтақталады да,  қалыптарға құйылады.
Сосын кесіліп, бөлшектелген өнім кептіріліп, күйдіріледі. Кірпішті күйдіретін арнайы пеш те шетелдікі. Ұзындығы екі жүз метрге жететін пеш бір сәтте үш жүз мың данаға жуық өнімді дайын етіп шығарады. Барлығы автоматты жүйеге қосылған. Ыстықты ұстау деңгейі де өз жүйесімен атқарылады. Яғни, барлығы компьютердің құзырында. Маман таза киіммен аппараттың басында отырып, жұмыс істейді. Бет-аузы күйе болып, пештің ішіне кіріп, кірпіш күйіп кеткен жоқ па деп әлекке де түспейді.
Кірпішті дайындау мұнымен бітпейді екен. Дайын өнім шығарылғанға дейін оның өн бойына әртүрлі технологиялық қадағалаулар жасалады. Бұған арнайы технологиялық бақылау бөлімі жауапты. Мәселен, өнімнің ылғалдылығы, салмағы және аязға төзімділігі ең басты талаптардың бірі ретінде қарастырылады. Шынымен, қазір бүкіл әлем экологиялық таза өнімге деген сұранысты өте жоғары бағалайды. Әсіресе, адам өміріне еш зияны жоқ бұл қыш кірпіштерге қызығушылықтың жоғарылап отырғаны  да содан.  Себебі, жоғары төзімділік пен аязға тұрақты бұл кірпіштердің  жарты ғасырға дейін сыртқы пішінін жоғалтпайтынын да мамандар жоққа шығармайды. Қыш та табиғи балшықтан жасалғандықтан,  демалу сипатын иеленіп, қыста жылуды өзінде сақтап, ал жазда қоңыр салқын ауаны ұстай алатыны қауіпсіз өнімнің сапасын арттыра түседі.
Сапалы өнім шығару мамандардың да қабілет- қарымына көп байланысты екенін білеміз. Негізгі өндірістік желілердегі  қызметкерлер дені  шетелдерде арнайы білімдерін көтеріп қайтқаны бұған нақты дәлел бола алады.  Қаржы дағдарысы қысқан шақта өндіріс ырғағын түсіріп алмай, қайта көтере түсу үшін көп жұмыстар атқарылуда. Нарық пен сұраныс айырмасын саралап, сол талап бойынша жұмыс істеу бүгінгі күннің басты қажеттілігі екенін зауыт басшылары да түсініп отыр. Қолбайлау болар қиындықтардан орайын тапса, шығуға болады. Ол үшін басшылық талабы мен жұмысшылар мүддесі ортақ болуы қажет. Ешкім жеке бастың қамын күйттеуге тиіс емес. Жалғыздың үні шықпайтынын әркім сезінсе деген тілекті кәсіпорын басшылары да айтып қалды.
– Нарықтың қытымыр қиындығы кім-кімге болсын оңай тиіп отырған жоқ. Шекараның ашылып, экономикалық кедергілердің алынып тасталуы бізге де жеңіл болды дей алмаймыз. Бірақ, өңірде құрылыс қарқыны үдесе, өніміміз де көбірек өтетініне сенім мол, – дейді кәсіпорын басшысы Нұритдин Сампиев.
Бір айтарлығы, мұнда жұмысшы күшін сырттан тасымалдау деген мүлде жоқ. Барлығы осы жердің тумалары болып табылады. Бұл да зауыттың өңір үшін маңызды нысан екенін айғақтай түседі. Кірпіш өз құнын ешқашан жоймайтын өнім екенін де білеміз. Тарихқа жүгінсек, сонау бағзы замандардан-ақ бабаларымыз оның ғасырлар бойы құнды құрылыс материалы болатынын сезген сияқты. Ал, қазір жаңа заман десек те,  құрылыстың ешқашан тежеу көрмейтін сала екенін айтар едік. Енкиліктер шығарған қыш кірпіштер әлі-ақ өңірдің ғана емес, басқа елдердің әр түкпіріне жол тартатынына сенім мол.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар