Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күрсінген әлем... - АРҚА АЖАРЫ

Күрсінген әлем…

Дүние нәзік бір үміт жібіне ғана байланып тұрғандай. Ол үзілсе бітті, әлемде от тұтана ма деп қорқасың. Соңғы айлар дүрбелеңге толы болып кетті.

Сирияда үкімет әскерлері мен «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы арасында етек алған қиян-кескі теке-тірес бір елдің шеңберінен шығып, бүкіл Таяу Шығыс, Еуропа мемлекеттеріне қауіп төндіруге айналды. Осы елден босқан мыңдаған босқындар онсыз да дағдарыс қыспағына іліккен еуропалықтарға екінші соққы болып тиюде. АҚШ-тың өзінде Ақ үйдің он мың сириялық босқынды қабылдау жөніндегі шешімін 10 штат құптамай  тастаған. Мұнда әр штаттың өз заңы бар. Соған сүйеніп,
Сириядан босқын қабылдамаймыз деп отыр.
Соңғы кезде қашан кәрі құрлықты, одан қалды, әлемді осыншама босқын кезіп еді?!. Көптен айтылып жүрген экономикалық дағдарысқа саяси дағдарыс қосылып, бір елден бір елге жалғасып кете барған мына дүрбелеңнің бет-әлпеті бізді де қалай қобалжытпасын. Бір жерлерде ұйқы-күлкіден айырылып, қайғыдан қан жұтып жатқанда, біздікі айт пен той ғой. Алла тағала бір өзі қолдап, осы тыныштығымызды әрі қарай да баянды қылғай.
Саясат әлемінде  тарысы піспейтіндердің бір-біріне сұстары жаман. Қару-жарақпен ойнау, кек сақтап, зұлымдыққа бару бұл жалған дүниеде ешкімге опа бермеген. Сириядағы соғыс өз алдына, Еуропаның да қазір көз жасы мөлтілдеп тұр. Жуырда ғана Синай түбегінде апатқа ұшыраған AirbusА 321 ұшағына жарылғыш зат қойылған деген БАҚ беттеріндегі бұған дейінгі жорамалдар да бүгін расқа айналған сыңайы бар. Күні кеше ғана Ресей жағы осыны ресми түрде мәлімдеп, 217 жолаушы мен 7 экипаж мүшесінің қазасына әкеп соқтырған лаңкестердің бір дерегін білетіндерге 50 миллион доллар сыйақы тағайындайтындарын жайып салды.
Бір ұшы Сирияға апарып тірейтін бұл содырлық әрекеттің өзі де кәрі құрлық пен соңғы апталар еншісіне аз қасірет емес еді. Одан сәл бұрын барлығы 102 адам қаза тауып, 500-ден астам адам ауыр жараланған Түркияның тарихындағы ең ірі қос теракті де «Ислам мемлекеті» ұйымына қатысы бар лаңкестердің қолымен жасалғаны бүкіл әлемді дүр сілкінткендей болған.
Енді міне, Париж. Бұл шектен шыққан сұмдыққа әлем тіпті күңіреніп кетті. 2015 жылдың 14 қарашасы Франция тарихында ең бір қаралы күн болып қалары сөзсіз. Бұл күні Париждің әр жерінде болған атыстар мен жарылыстардан 153 адам қаза тауып, 200-ден астам адам түрлі жарақат алды. Франция – Германия құрамалары жолдастық кездесу өткізіп жатқан «Стад де Франс» стадионының маңында, «Кіші Камбоджа» мейрамханасы мен «Батаклан» театрында ешкімнен қаймықпастан, қолдарына ашықтан ашық қару алып, қаншама жанды жазықсыз қырып салған лаңкестердің сойқанынан сырбаз Париж әлі де өз-өзіне келе алмауда.  
Содырларға лағнет айтып, қаншама мемлекет француздармен бірге қайғы жұтуда. Бұл қанды қырғынның артында да кімдер тұрғаны сол күні-ақ белгілі болған-ды. Бір мезгілде алты жерде орын алған террорлық акті барысында сегіз содырдың көзі жойылған. Қауіпсіздік қызметі мен полиция қалғандарының да ізіне түсуде. Әдетте, саясаткерлер бастап, қарапайым халық соның зардабын тартып жататыны белгілі. Мына жағдайға бұл ишарамыздың өзі де аздық еткендей. Лаңкестер ешкімге, ештеңеге  қарамайды, талғамай-таңдамай жүздеп қырып-жойып, кегімізді алдық деп ойлайды. Ал, сонда бұл жазықсыз құрбандардың обалы кімнің мойнында?..    
Осы жолы да бүкіл Франция Сириядағы «Ислам мемлекетін» атап отыр. Оған себеп те жоқ емес. Осы жылдың басында Париждегі Charlie Hebdo сатиралық апталығы Мұхаммед Пайғамбардың карикатуралық суреттерін басып, мұсылман әлемінің орынды ашу-ызасын туғызған болатын. Онда да мұның соңы бірнеше терактілерге ұласқан еді. Одан бері де Франция үкіметі Сириядағы «Ислам мемлекетінің» лаңкестік топтарына әуеден соққы беру жөнінде шешім қабылдап, ақыры солай істеген. Енді бұл теракті соның қарымтасы. Өзіндегі күшті жарылыстар мен атыстардан кейін Франция тағы қарап қалмай, Сирия содырларына қарымта шабуылды үдете түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде солай істеп жатыр.  Айта берсе, қаншама адамдарынан айырылған Ресей, тіпті,  Түркияның да ендігі ісі осы «Ислам мемлекетімен» болмақ. Бұл өз кезегінде екінші жақтан жаңа теке-тірестер туғызатыны өз алдына басы ашық мәселе.
Міне, манадан мына жарық дүниенің нәзік бір үміттің жібімен ғана тұр деуіміз де содан болар. Айтары жоқ, әлемнен бүгін маза кеткен. Ана қақтығыс, мына қақтығыстан жұмыр жердің де жүрек соғысы әлсіреп тұрғандай. Ортақ үйімізді соған әкеле түскен террорлық әрекеттерді біз де айыптаймыз. Оны өз апанында ауыздықтау керек. Әйтпесе, қасіреті бұдан да асып түспек…                 

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар