Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында 5510 әскери бөлімнің құрылғанына жиырма толуына арналған салтанатты жиын болып өтті.
Әскери бөлім құрылған 1995 жылдан бастап сарбаздар мұнда өздерінің Отан алдындағы қасиетті борыштарын абыроймен атқарып келеді. Құқық қорғау саласының қызметкерлерімен бірге Көкшетау қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға, Астанада, өз облысымызда өтетін түрлі халықаралық саяси маңызды шараларда қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге белсене араласуда.
Салтанатта сөз алған әскери бөлім командирі, подполковник Жанболат Төлегенов осынау жиырма жыл ішінде өздерінің бірталай құрылымдық өзгерістерді бастан өткеріп, заманауи әскери құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгендерін айта келе, барлық әріптестерін мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде осы әскери бөлімнің іргесін қалаған Юрий Тращенко, Рамазан Атығаев, Арыстанбек Сағындықов сияқты офицерлердің есімдерін ерекше тебіреніспен ауызға алды.
Бұл күні әскери қызметте жеткен жетістіктері үшін бөлім ардагері Есентай Жылқыбаевқа және сержант Құралай Есләмоваға «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» екінші дәрежелі төсбелгілері салтанатты жағдайда табыс етілсе, жеке атқыштар ротасы бөлімшесінің командирі Еркебұлан Қозыкеев «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» белгісімен, басқа да офицерлер бөлім командирінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Шамрат Сәдуақасов әскери ұжымға қала әкімінің құттықтауын жеткізсе, мәдениет сарайының көркемөнерпаздары мереке иелеріне арнап тартымды концерттік бағдарламасын ұсынды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.