Облыс әкімі Сергей Кулагин кеше қасиетті жұма күні Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет атындағы орталық мешітте болды.
Жаңадан ашылған имандылық үйінің жұмысымен танысқан сәтінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды. Аймақ басшысы имандылық үйінің маңындағы абаттандыру жұмыстарына тағы бір мұқият көңіл аударып, бір мезетте 1200 адамды қабылдай алатын жаңа мешіттегі ерлер мен әйелдердің мінажат залдарын аралап көріп, жұма намазына жиналған жамағатпен пікір алмасты.
Облыс әкімі әсіресе, мешіт ішіндегі инженерлік құрылымдардың жай-күйіне, мешітке жылу беру жайына ерекше көңіл аударды. Жаңа мешіт ашылғалы қамқор іске дән риза болып жүрген жамағат облыс әкіміне мешіт құрылысын абыроймен аяқтап, ел игілігіне жаратқаны үшін тағы да ақ алғыстарын жаудырды. Облыс әкімі мешіттің кіреберісіне жылы леп беретін құрылғы қондыру керектігіне назар аударды. Аталмыш құрылғыдан соққан ыстық жел сырттағы суықты мешіт ішіне кіргізбес еді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.