Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақия қажы - АРҚА АЖАРЫ

Жақия қажы

Бұл отызыншы жылдардың аяқ шені еді. Омбының іргесіндегі бір ауылға  келіп түскен мейман Жақияның үйінде қонақ болды. Қонақ дегені болмаса, мұның да ата-анасы сол қысылтаяң кезеңдегі жұтаң өмірдің күйкі тірлігінен өз мейманына дұрыстап дастархан жая алмады. Алайда, ақ пейілмен ішілген қара шай да мейманның мерейін  тасытты. Жақия жастайынан өзін толғандырған көп сауалға сол күні жауап тапты. Алла тағала және оның уахи сөздері жазылған Құран жайлы көп мағлұмат алып, танымын жоғарылатты. Бала жүрегі Аллаға деген сүйіспеншілікті алғаш рет шынайы сезінген кезі де осы еді.

Әке байғұс баласына Алла жайлы болған бұл әңгіме турасында ешкімге тіс жарып айтпауды қатты тапсырды. Ал, өзін Жаратушы құдіретке деген сырға толы әлеммен қауыштырған адамның кім екенін кейін де білген емес. Үйіне молданы  қондырғаны үшін талай адам нақақтан-нақақ жазаланған заман еді ғой. Бала Жақияға әкесі сол сақтықпен де мейманының есімін жария етпей, жасырған шығар-ау.
Міне, сол Жақия есейе келе өзін жаратқан Алла тағаланың сүйікті құлы боламын деп бар өмірін имандылық жолына арнады. Бала күнінде ақ жол нұсқаған аузы уәлі сол атасының: «Діншіл болсаң, шыншыл бол, өзімшіл болсаң, оңбайсың» деген сөзін қаперінен  еш шығарған емес.
«Дін десе, ауылдағы шал-шауқанның шала қайырған «құлхуалласы» ойға келетін бұрын. Сосын… әнебір баяғыда жанармай орталығы болған орынды сол аталар «селсебетке» кіргіштеп жүріп, сұрап алған екі бөлмелі ескі мешіт еске түсетін.  Біздің сол бала түсінік «дін» сөзінің мағынасы бұзылған бір дүбәрә кезеңнің соққысына ұшырады. Бұл кезеңнің адамдары Құдайға сенді, бірақ, құлшылықты зейнетке шыққаннан кейінгі жоспарына кіргізді.
Шелпек пісіріп, өлген адамға жаназа асын берумен шектелді. Құран кәрім төрден, биіктен орын алды, һәм сол биігінен төмендемей, шегеге ілінген қалпы қалып қойды. Шаң басты… «ата-бабамыз» дегенге саятын дәйексіз әңгімелер сол соққыға ұшыраған ұғымның салдары еді. Қазақ аса қадір тұтатын, дара тұлғалы данышпан, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған Абай қайда қалды?» деп толғанады Жақия қажы бір естелігінде.
Міне, сол ислам даналығын насихаттаған Жақия қажы Бейсембайұлы 1932 жылы Омбы облысының Любин ауданына қарасты қазақ ауылында дүниеге келді. Кішкентайынан имани жолды таңдап, 1959 жылы Өзбекстанның  Бұхара қаласындағы «Мир-араб» медресесіне оқуға түсті. Осы білім ордасында он жыл оқыған Жақия Бейсембайұлы оны үздік бітіріп шығады. Сол кездегі Өзбекстанның бас мүфтиі Бабахан Ишаннан тәлім алған ол өзінің бала күніндегі Алла тағала жайлы сырларына одан сайын қаныға түскен еді. Кейін Алматы қаласының бас имамы болып,  дінді насихаттап, адамдарды Алланың жолына салды.
Ал, араға бірер жыл салып Сирияға сапар шекті. Дамаск  Ислам университетінде «Шариһат» факультетінде оқып, онда да өзінің білімдар шәкірт екенін танытты. Қызылдар өкіметінің  айы аспандап тұрған кезінде бұлай шетел асып, дін білімін алу дегенің екінің бірінің тағдырына бұйыра бермейтін  бақ еді. Жақия Бейсембайұлы сол бақыттың өзіне оңайлықпен келмегенін де білді. Себебі, осы беделді білім ордасын тәмамдағаннан кейін Қазақстан мұсылмандары қазиятын басқаруға мүмкіндік алды. Қазақтың ата-бабаларынан ұстанып келе жатқан дінін жаңа көкжиекке көтеруге атсалысты. Имандылықтан алшақтап бара жатқан ұрпағын арашалап қалудың қамына ден қойды.
Бұл оның ислам дінін өркендетудегі ең бір қажырлы тер төккен жылдары еді. Кеңес  билігінің саясаты дінді мемлекеттен аулақтату болса да, халықтың діни сеніміне қылау түсіру қиын болатын. Бірде ол кеңес делегациясы құрамында Африканың Нигерия, Мали және Сенегал елдеріне сапар шекті. Ондағы мұсылмандық жағдайға қанықты. Өзі де қазақ жеріндегі исламның әлеуеті туралы әңгімелер айтты. Сол естелігінде: «Мен африкалық бауырларыма кең байтақ қазақ жерінің  тарихы мен халқы жайлы ой қозғадым. Ұлттық және діни дәстүрлердің біте қайнасып,  қазақтардың шариғат ілімдерін өздерінің күнделікті өмірлерінде басты ұстаным ететінінен де хабардар еттім. Шынында, қазақ жұрты атеистік өмірге кіріксе де,  Алласын ешқашан аузынан тастаған емес. Елімізде көп мешіттер салынып жатқанын, осындай іргелі Алланың үйінің Абай елінде құрылысы басталғанын да жеткіздім» дейді ол.
Қажы өмірінің өнегелі бір соқпағы Көкше жерінде  жалғасты. Осында он жеті жыл облыстық мешіттің бас имамы болып қызмет атқарды. Бұл сексенінші жылдардың басы еді. Кешегі кеңестің идеология  коммунистік сенімді басты нысана етіп, бар ұлттық құндылықтарды орыс шовинизміне жығып берген аласапыран кезең еді ол. Алаш десең, ұлтшыл атанып, қудалауға түсірген тар заман-ай дейсің. Жақия қажының исламды насихаттау арқылы ұлттық арнамыздан алыстамауға құлшына кіріскен жылдары да осыған тұспа-тұс келеді. Өзінің уағыз сөздерінде қазақ ұлты руханиятының негізгі арнасы – ислам діні екенін де тайсалмай айта алды. Имандылық күшейсе,  біз ұлт ретінде күшейетінімізді де  әркез еске салды.
Ол Көкше жеріне алғаш имам болып келгенде облыста бар-жоғы бір ғана мешіт бар еді. Кейінгі жылдары Көкшетау қаласында екі, Қызылту, Ленинград,   Ленин аудандарында мешіттер ашылды. Ал, алғаш алдынан діни сауатын ашқан шәкірті Еркін қажы Көкшетау қаласында сол жылдары 140 шәкірт Жақия Бейсембайұлының алдынан білім алғанын айтады.  Тіпті, өз қаражатына діни оқулықтар да шығарған.
Кезінде Көкшетау қаласындағы қазіргі Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің ашылуына да куә болған едік. Облыс басшыларына қайта-қайта барып, бұрынғы мешіт ғимаратын өзіне қайтартқызды. Сондықтан, қасиетті дініміз үшін ерен еңбек еткен Жақия қажының өнегелі өмірі кімге болсын үлгі бола алады. Кешегі қым-қуыт заманда исламның кең таралуына аянбай тер төккен абзал жанның әр ісіне Алла разы болсын деп дұға етеміз.
Оның  өз естелігіндегі «Зады ислам діні ешқашан жамандықты, зұлымдықты уағыздап көрген емес. Қайта ондай іске аяқ баспа дейді. Егер өз басыңа пайда істей алмасаң, не үшін өмір сүресің. Жалғыз-ақ өз басыңның  қамын ойласаң, онда кім үшін өмір сүресің? Ал, қолыңнан келер бар жақсылық жалғыз басыңнан артылмаса, өзгеге қалай қамқор боласың!» деген сөзін оқып отырып, шынында, дін үшін жаратылып, Алланың құдіретін өз бауырларына жеткізуге бар ғұмырын арнаған жанның есімін есімізден шығармау абзал іс болар еді дегіміз келеді.

Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар