Тұңғыш Президент күні құрметіне «Жасыл ел – Елбасының табысты бастамасы!» атты жастар мен студенттік жасақтарының ХІ еңбек маусымының жабылу рәсімі болып өтті.
Шараға жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіби білім беру мекемелері, қалалық, аудандық «Жасыл ел» экологиялық отрядтарының мүшелері мен әдістемелік-қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ең алдымен жиналғандарға «Жасыл ел» бағдарламасының 10 жылдығына арналған бейнефильм көрсетілді. Әрі жас сарбаз Жасұлан Тастанов облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямовқа рапорт беріп, еңбек маусымында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өз кезегінде өңірімізді көгалдандыру, абаттандыру кезінде белсенділік танытқан бірқатар студенттер «Үздік командирлер», «Үздік жауынгерлер» және «Үздік жасақтар» аталымдары бойынша марапатқа ие болды.
Айта кетерлігі, он жыл ішінде еңбек жасақтарында 8691 адам жұмыс істеп, 10196 гектар жерге ағаш отырғызылған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.