Ауданда «Полимер Пласт» серіктестігінің полиэтилендік өнім шығаратын зауыты қарқынды жұмыс істеп, рынокты отандық өндірістің ең қажетті өнімімен қамтамасыз етуде. Жоба 2013 жылы индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірдің Индустрияландыру картасына енгізілді.
Отандық рынокта жағдай қандай болса да, «Полимер Пластың» өнімі бәсекеге қабілетті. Өйткені, мұнда жоғары технология қолданылады. Өнімнің түрлері де сан алуан. Зауыт жылына 1,5 мың тонна дайын өнім шығара алады. Өткен жылы кәсіпорын 1,07 мың тонна полиэтилендік өнім шығарды. Зауыт 2013 жылы Шортанды кентіне қоныс аударды.
– Бұған дейін кәсіпорын бірнеше жыл Астана қаласында жұмыс істеді. Цехтар тар болғандықтан, басшылар кәсіпорынды кеңейту және өндірісті толық жаңғырту жөнінде шешім қабылдады, – дейді өндірістің аға операторы Дмитрий Варга.
Жаңа кәсіпорын Шортанды кентінің шетіндегі арнайы индустриялық аймаққа орналасты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы екі мың шаршы метр алаңда орналасқан бұрынғы қойма қалпына келтіріліпті. Жеңілдетілген несиенің арқасында барлық қондырғы сатып алынған екен. Өнімділігі жоғары станоктар Тайваннан алынған. Тетіктер компьютер арқылы басқарылады. Оператор тек қана қажетті өлшемдерге тапсырма береді. Жұмысқа жаңа орналасқандар алдымен, тәжірибеден өтеді.
Дағдарысқа қарамастан, мұнда бірде-бір адам жұмыстан шығарылған жоқ. Барлық станоктар жұмыс істеп тұр. Мұнда кез-келген шаруашылыққа қажетті полиэтилен пакеттері өндіріледі. Олар қолданылатын барлық саланы тізіп шығу мүмкін емес. Полиэтилен пакеттері азық-түлік тағамдарын салуға өте қолайлы. Сондықтан, оған деген сұраныс тұрақты. Сапалы әрі арзан пакеттер Түркия мен Қытайда шығарылған өнімдермен бәсекелесе алады.
Технология тапсырыс берушінің талғамы бойынша әртүрлі пакет шығаруға мүмкіндік береді. Астана, Қарағанды және өзге қалалардың ірі сауда жүйелері тұрақты тапсырыс беруде. Әрбір тапсырыс берушімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен жеке-жеке жұмыс жүргізіледі. Полимерлік ұнтақ Ресей мен Кореядан сатып алынады. Өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді. Жарамай қалған өнім қайтадан ұнтаққа айналдырылады. Бұдан қоқыс төгетін қаптар жасалады. «Полимер Пласт» серіктестігі шортандылықтар мен өзге де елді мекеннің тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Еңбеккерлер үшін барлық жағдай жасалған. Негізгі цехта тұрмыстық бөлмелер мен асхана орналасқан. Орташа еңбекақы 70 мың теңгені құрайды.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Шортанды ауданы.