Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қолжетімді баспанаға қол жете ме?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қолжетімді баспанаға қол жете ме?!.

Қазақ «үйі жоқтың күйі жоқ» деп текке айтпаған. Нарыққа көшкеннен кейінгі жылдарда бағасы шарықтап кеткен пәтерді сатып алуға екінің бірінің жағдайы жоқ. Бұл әсіресе, бюджеттік мекемелерде жалғыз жалақыға қарап отырған отбасылары үшін шешуі қиын түйткілді мәселе болып отырғандығы жасырын емес.

Осылайша, «шықпа жаным, шықпа» деп өлместің күнін кешіп отырған көптеген азаматтар алған жалақысының тең жартысын пәтерге төлеп келеді. Сатып алайын десе ақшасы жоқ. Қалалы жердегі тұрғын үй бағасы шырқырап тұр. Осы орайда, жарнама бойынша Көкшетаудағы пәтер бюросындағыларға қоңырау шалғанымызда, ондағылар бізге 1 бөлмелі ескі пәтерді кем дегенде 30 мың доллардан жоғары бағаға ғана сатып алуға болатынын айтып түсіндірді. Ал, екі бөлмелі пәтердің құны 50 мың доллардан асып түседі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бір сөзінде «елдегі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне орай, тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік туып отыр. Бірақ, көбісі дәмететіндей, мемлекеттік ақшаны таратпаймыз. Барлығы нарық талаптарына сай қайтарулы болады. Біз тек жеңілдіктермен несие береміз» деп атап өткен болатын.
Осыған орай,  соңғы кездері «Қолжетімді бас-
пана – 2020» бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы халық баспаналы болатынына үміт артып отыр. Мәселен, осы «Қолжетімді бас-
пана – 2020» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде мемлекеттің қолдауы есебінен 2012 жылы елімізде 605 мың, 2013 жылы 660 мың, 2014 жылы 690 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы берілсе, 2020 жылға қарай 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Ондағы пәтерлердің құны аймағына байланысты әр шаршы метрі 90000 теңгеден 142500 теңге көлемінде болып отыр.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға келетін болсақ, бұл – салымы 1 миллион теңгеден асатын адамдарға өтемақы төлеуге ниет білдіріп отырған еліміздегі жалғыз банк.
– Өтемақы төлемдерінің тетігі осы норманы қарастырады. Оны қазір Үкімет пен
Президент әкімшілігі қарастырып жатыр. Ол Қаржы министрлігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, Инвестициялар және даму министрлігімен, «Бәйтерек» Басқарушы Холдингімен және ҚР Ұлттық Банкімен бірге әзірленді. Құжат салым сомасына қойылатын шектеулерді қарастырмай-ды, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалы басшысының орынбасары Нұржан Әлібеков.
Осы орайда, әңгіме 2015 жылдың 18 тамызына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да ашылған депозиттер туралы болып отыр. – 1 миллион теңгеге дейінгі депозиті бар адамдарға өтемақы төлеу үшін жалпы сомасы 66 миллиард теңге болатын 435 мың шарт қарастырылған (бұл ЕДБ-дегі барлық салымдардың 25 пайызы). Осыған сәйкес салымшыларға бір жолғы өтемақы төленбек. Оның көлемі жалпы алғанда 20,9 миллиард теңге болады. Ал, депозиті 1 миллион теңгеден асқандарға жалпы сомасы 114 миллиард теңге болатын 57 мың шарт қарастырылған. Осыған сәйкес, бұл салымдарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қаражатынан және республикалық бюджеттен үш жыл ішінде өтемақы төлеу көзделген. Өтемақының жалпы сомасы 40 миллиард теңге шамасында. Сондай-ақ, банк өз қаражатынан 24 миллиард теңге бөлуді де ойластырып отыр, – дейді Нұржан Әлібеков.   
Тағы бір ұққанымыздай, төлем тетіктері бекітіле салысымен, ол туралы әр салымшыға хабарланады екен. Өтініш қабылдауға аз уақыт берілмейді. Салымшыларға қолайлы болуы үшін арнайы қызмет көрсету түрі әзірленді. Соның арқасында, электронды сандық қолды пайдаланып, онлайн режимінде өтініш беруге болады. Арнайы банктік шот ашудың қажеті жоқ. Депозит банкте бір жыл сақталса, бағамдық айырмашылық есептеледі.
Ал, тұрғын үй құрылысына келетін болсақ, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Амангелдi Смайыловтың айтуынша, облыс аумағында жыл басынан бері барлығы 202,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 183,5 мың шаршы метрі жекеменшік тұрғын үйлер. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144,5 пайызды құрап отыр.
Жыл басынан бері облыс бойынша тұрғын үй құрылысына 17,7 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі күні пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда Көкшетау қаласында 80,1 пайыз, Ақкөл ауданында 39,1 пайыз, Зеренді ауданында 36,2 пайыз және Целиноград ауданында 35,5 пайыз болды.Оның ішінде облыстық көрсеткіштегі үлесі Көкшетау қаласында 88,8 мың шаршы метр немесе 43,9 пайыз және Целиноград ауданында 56,4 мың шаршы метр немесе 27,9 пайыз болып отыр.
Жалпы,  облыс бойынша 1741 пәтер пайдалануға берілді. Оның 45,8 пайызы қала, ал, 54,2 пайызы ауылдық жерлерде. Дегенмен, бұл көрсеткіштер қанша айтқанымен, өңір тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі толық шешіліп отыр деуге болмайды. Жыл сайын жаңа үйлер тапсырылғанымен, пәтер кезегі өте баяу жылжуда. Жасыратыны жоқ,  тіпті,  кейбір жастарымыздың пәтерге қол жеткізбек түгілі, кезекке тұра алмай жатқан жайы бар. Осыған мысал ретінде,  мына бір жайтты айта кетсек.
Жуырда Көкшетаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде жұмыс істейтін Арман есімді жігіт жас отбасы ретінде баспана кезегіне тұрмақшы болып,  халыққа қызмет көрсету орталығына барыпты.  Сондағы мамандар болса, «Сіздер кезекке тіркеле алмайсыздар, өйткені, жекеменшік мекемеде қызмет атқарасыздар» деп құжаттарды кері қайтарыпты. Апта бойғы еңбектері еш кеткен олар «Бұл қалай? ЖШС қызметкерлері мемлекет қолдауынан қашанғы шет қалады? Баспана кезегіне тұруға ешқандай мүмкіндігіміз жоқ па?» деп сұраған екен. Орталық кеңесшілерінің айтуларына қарағанда, ЖШС қызметкерлері ешқандай санатқа кірмейді екен. Тек қана Қазақстанның «Тұрғын  үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға ақша жинау арқылы ғана баспанаға қол жеткізуге болатын көрінеді. Ол үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің тұрғын үй секторына барып, кезекке тұру керек екен.  
Осы орайда, Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында жас отбасылар үшін жалдамалы баспана алу талаптары өзгертілді. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін «жас отбасы» санаты 29 жастан 35 жасқа дейін көтерілді. Салынған тұрғын үйдің шамамен 50 пайызы жас отбасыларға беріледі деп жоспарланған болатын. Ал,  қазіргі кезде жағдай мүлдем басқаша. Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Наталья Бургомистрованың мәліметі біраз жайтты аңғартқандай болды.  Маманның сөзіне қарағанда, облыс орталығында биылғы жылы жас отбасыларға арналып салынған екі тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл жоспар бойынша 2014 жылы тапсырылуға тиісті. Ал, 2015 жылға белгіленген үйлердің құрылысы қаржыландырудың болмауынан уақытша тоқтатылған көрінеді. Бұл дегеніміз, келер жылы жас отбасыларға мүлдем үй берілмейді деген сөз емес. Алайда, жағдайдың онша мәз емес екенін білдіреді.
Жалпы,  жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында екінші деңгейлі банктер арқылы бірнеше бағдарламалар қолға алынып жатыр. Бірақ, айлық жалақысы орташа айлықтан аспайтындардың бұл игі шарадан өз несібелерін алуы екіталай. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да жеке есеп-шоттары бар болуы және оған кемінде үш жыл ақша аударулары шарт. Осы уақыт аралығында үй құнының шамамен елу пайызын жинап үлгеруіңіз керек. Үй алғаннан кейін айына кем дегенде 50-60 мың теңге құйып отыру керек. Сонда, айлық табысын пәтерақы мен күнделікті тұрмысына жеткізе алмай жүрген жастар қалай баспаналы болмақ?..
Одан қалды, пәтер алуға еңбекақы көрсеткіші жетпей жатса,  банк қызметкерлері оларға қарыз алушы (зайымшы) тап дейді.  Қарыз алушы біреу үшін ақша төлемейтінін ескерсек, өзімізді өзіміз қағаз жүзінде алдайтын болып отырғандаймыз. Осындай әдіспен бар ақшасын салып,  пәтерді алуын алар. Бірақ та, адам болған соң ішетін тамақ,  киетін киімі бар. Ертең оған да ақша керек. Сонда ол адам ертең қалай күн көрмек?..
Осы орайда,  тағы бір айта кеткен жайт, ол бағдарламаның кейбір түсініксіз тұстары болып отыр. Мәселен,  «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасына қолы жетпей отырғандар үшін үміт отын жаққан «Қазақстандық ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы берілетін пәтерлерге толық емес отбасылар да қол жеткізе алады екен. Толық емес  дегені,  яғни, сотпен ажырасқан немесе ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болғандар. Жетім-жесірдің жағдайын түсінсек екен. Ал, ажырасқанды қалай түсінуге болады. Пәтер алу үшін ажырасу керек пе, деген ой мазалайды. Бір жағынан жас отбасыларды құрметтеп жатсақ,  енді бір жағынан ажырасуды насихаттап жатқан жоқпыз ба деген ойға қаласың. Біз бұл жерде бағдарламаны сынайын деп отырған жоқпыз.  Тек бағдарламаның атына заты сай болса екен дейміз. «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы деген соң санатына қарамай, бюджетке салық төлеп жатқан еліміздің кез-келген азаматы үшін қолжетімді болғаны абзал. Осы орайда,  Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері,  оралмандарға, тағысын тағыларға пәтер алғанда басымдық беріле берсін. Тек, жаңағы ЖШС-да немесе өзге мекемеде  жұмыс істейтін адамдарды ала-бөтен қылмай, санатына қарамай, салық төлеуші ретінде пәтер кезегіне қойса дұрыс болар еді. Бүгін алмаса да,
әйтеуір, түбінде кезектің бір келетініне үміт болады ғой.
Сонымен қатар,  баспана қазір болмаса да, келешекте елдің көпшілік азаматтарының қолы жететіндей арзан болғаны абзал. Бүгінгі күнгі мемлекеттік тұрғын үй саясаты негізінен, қоғамның әлеуметтік жағынан аз қорғалған жіктерінің, мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилердің, бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндердің баспана мәселесін шешуге бағытталған. Бұл дұрыс та. Бірақ, жоғарыдағылар тұрғындардың айтарлықтай бөлігінің осы бақыттан сырт қалатынын да ескергені жөн.
«Үйің болмай, күйің болмайды» деп қазақ текке айтпаған. Баспана мәселесі бүгінде елімізде өте өткір тұр. Сондықтан да, ипотека қазіргі кездегідей адамдардың тұрмыс жағдайын ауырлатып, титықтатпауы тиіс. Қайта оларды баспанамен қамтамасыз етіп, жағдайын жақсартуға көмектескенде, яғни, тартымды болғанда ғана қазіргі бұл саладағы қалыптасқан тығырықтан шыға алатын боламыз.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар