Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қанатың талмасын, Қанатым! - АРҚА АЖАРЫ

Қанатың талмасын, Қанатым!

 Арғымақтың баласы,
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп.
Азамат ердің баласы,
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп.
                  
                 Қазтуған жырау.

 Мұны тағдыр тәлкегі демей не дейін?  Жоғары білім алып, қызметке орналасып, үйленіп, жаңа ғана өмір баспалдағының бір сатысына көтерілген шағында,  28 жасында мүгедектер арбасына  таңылады деп кім ойлаған.
Тағдыр неге мұнша қатал болды екен? «Ажал ажарыңа да, базарыңа да қарамайды» дегенге әбден көзі жетті. Әкесі Төлеген, менің туған бөлем, апалы-сіңлілердің баласымыз, екеуміз де бір жылдың төлдері едік, ойламаған жерден өмірден өтті. Алдында баласы Жанат бақилық болған. Артынша көп ұзамай жұбайы,  балаларының анасы Гүлфруза да (Гуля дейтінбіз) мәңгілік сапарға аттанды. Тегі бірінен соң бірі – бала мен жолдасының өмірден өтуі оны да осы сызыққа жақындатты ғой деймін.
Арттарында қалған қызы Сәуле мен ұлы Қанат. 1994 жылы Қанат Ақмола инженерлік-құрылыс инс-титутын тәмамдап, инженер-механик мамандығын алып шыққан болатын. Содан кейін ол екі жылдай өзінің туған қаласы Щучинскіде жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету стансасында слесарь болып қызмет істеді. 1996 жылдың желтоқсанында Қанатты офицер шенінде Қазақстан Рес-публикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарына міндетті әскери қызметке шақырды. Сол қызметте жүріп, жол апатына ұшыраған Қанат Төлегенұлы 2000 жылдың қазан айынан бері I топтағы мүгедек. Кеше ғана басқаларға қамқор болып жүрген абзал азамат бір сәтте басқаның көмегіне мұқтаж болып, төсекке таңылды. Облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде ота жасалды. Жағдайын біліп тұрсақ та: «Дәрігерлер қолдан келгенін істеп жатыр, Алла жазса жүріп кетесің» – деп көңілін жұбатып қайтатынбыз…     
Қанат өмірді сүйеді, мүгедек болып, арбаға таңылып, терезе мен есікке жалтақтап қарап отыру оған жат. 2006 жылы Көкшетау университетінің «юриспруденция» факультетін ойдағыдай бітіріп, заңгер мамандығын алып шықты. Бұл күнде Қанат Байбөров «Бурабай аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Өмірге құштарлық деген осындай болса керек. Мүгедек бола жүріп, 2012 жылдың қаңтарында Бурабай аудандық мәслихатына №14 сайлау округінен депутат болып сайланды. 2014 жылдың қарашасынан бастап Бурабай
ауданы әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.
Қанат жуырда үйге телефон шалып: «Аға, тәтем екеуіңіз бүгін «Астана ТВ»-дан «Дүние жарық» бағдарламасын көріңіздер» деп қысқа қайырды. Бірден білдім, Қанат жайлы бейнефильм болуы керек. Ол жайлы жергілікті газеттер де кезінде жазған, бірақ, бір өкініштісі, қазақ тілінде жазылғандарын кездестіре алмадым. Ал, бейнефильмге келсек, қуана да жылап отырып, 20 минут шамасында көріп шықтық. Табиғат аясында қолына гитара ұстап, өзінің қоңыр даусымен әкесінің сүйіп айтатын өлеңі «Ақ бантикті» шырқап отыр. Бұл әкеге деген сағыныш әні болар. Орысша оқыса да, қазақшаға жетік. Бұл да оның бір ерекшелігі, білімділігі. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді ғой. Қарындасы Сәуле, досы Біләл Сәкенов толқи, тебірене отырып сөйледі. Бейнефильмде сөйлеген Бурабай ауданының әкімі Төлеген Ташмағамбетов та: «Қанат Төлегенұлы өзі мүгедек болса да аудандағы барлық мүгедектердің қамын ойлайды, олардың мұң-мұқтажын бізге жеткізуге асығады. Депутаттық міндетін де мүлтіксіз атқарып жүр. Бір сөзбен айтқанда, қолға алған жұмысын аяқсыз қалдырмайды, көпке үлгі боларлық азамат» деген пікірде.
Қанат Байбөров «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 20 жыл» медалінің және «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.
Қанаттың бір ұл, бір қызы бар. Ұлы-21 де, қызы-19 да. Әсіресе, ұлы  Абай қолы босында әкесінен бір елі қалмайды. Әке мен бала бір-біріне сүйеу. «Мен бес балаға қамқор болып жүрмін», – дейді Қанат, өз балаларына інісінің, қарындасының балаларын қосып. Иә, айтса айтқандай, отбасындағылардың жанашыры да, ақылшысы да, қолынан келгенше көмек жасайтын да осы Қанат. Сәуле қарындасы көзіне жас алып: «Менің әкем де, шешем де
Қанат», – дейді. Ол бос уақытында стол теннисі және спорттық мылтық атумен айналысады. «Қайғыны қайрат жеңеді» деген осы емес пе?
Сөз соңында айтарым, қанатың талмасын, Қанатым, ұзағынан сүйіндірсін!
Совет ХАМИТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар