Ерліктері ел есінде
Қаланың ең әсем жері мәдениет және демалыс саябағына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қиықов, ҚазақстанРеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауған соғысы жауынгерлері қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Бақытбек Смағұл, Қазақстан Республикасының Ауған және оқшау соғыстар ардагерлері одағы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Тұлғаев, облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Жанат Ережепов және Ауған соғысы ардагерлері қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
–Ауған соғысында ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен ардагерлеріміздің есімі ешқашанда ұмытылмайды. Олардың есімдері бүгінгі ұрпақтың мәңгі жадында. Сондықтан, бүгін осы игі іске қол ұшын созып отырған азаматтарға алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Шара барысында ескерткіш стелланың маңына гүл шоқтары қойылып, қаза болған интернационалист-жауынгерлердің құрметіне бір минуттік үнсіздік жарияланды.
Ескерткіш стелланың авторы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Онда Ауған соғысында қаза тапқан Валерий Боголюбов, Қабылмәжит Бекжанов, Николай Дрыгач, Эдмунд Гирш тәрізді өзге де ардагерлердің есімдері тасқа қашалып жазылған. Осы орайда, стелланың орнатылуына Қазақстанның футбол федерациясының атқарушы директоры Азамат Айтқожин және «Астық Гарант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Темірғали Валиев және ел азаматтары қаржылай демеушілік көрсеткенін атап өткен жөн.
Аслан ОСПАНОВ
Еңбекшілдер ауданы.