Облыс әкімінің атаулы шәкіртақысын тағайындау жөніндегі комиссия мәжілісінде осы шәкіртақыға лайықтылардың тізімі бекітілді.
Комиссия мәжілісіне төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов биыл бұл мақсатқа 65,5 миллион теңге қаржы бөлінгенін атап көрсетті. Бұл қаржыға бір балабақшасын қайта жаңартуға болар еді. Соған қарамастан, облыс әкімі өңірімізде кей мамандықтар бойынша кадрлар тапшылығын ескере отырып, жоғары оқу орындарының студенттеріне атаулы шәкіртақы тағайындауды жалғастыруды жөн көрді. Оның барысында халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарынан шыққан студенттерге басымдылық беріліп отыр. Әрине, бұлай істегенде, олардың оқу үлгерімі де ескерілген.
Бұл жөнінде облыстық жастар мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямов сөз алып, үміткерлердің қалай іріктелгендігі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Үміткерлерді іріктеу барысында 14 жоғары оқу орнынан 446 өтініш түскен. Олардың ішінде ең көп өтініштер берген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, гуманитарлық-техникалық академия және С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті бар. Бұлардан 51 өтініш қанағаттандырылса, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінен 21 өтініш, Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен 10, Астана медициналық университетінен 16, «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университетінен 6 өтініш қолдауға ие болды.
Бұл студенттердің бәрі Ақмола облысы мектептерінің түлектері. Келісім-шарт бойынша оқуларын бітіргеннен кейін осы өңірде еңбек етеді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде оларға қазірден бастап тәжірибеден өтетін, жұмыс істейтін орындарды қарастыра беру қажеттігіне тоқталды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.