Иә, әңгіме – айтыс туралы. Бұдан да нақтылай түссек, кейінгі кезде Ақмола, Көкшетаудың айтыстан кенжелеп қалғаны жайында. Соңғы кездері өтіп жүрген республикалық ақындар айтысынан біздің жақтың үні мүлдем шықпай, қарамыз әбден үзіліп қалса, осылай демегенде не дейміз?!.
Қысы-жазы өтіп жатқан айтыстарда кінә жоқ. Оның үстіне биыл мерекелі жыл. Республикалық ақындар айтысы өз алдына, аймақтық айтыстар да жиі. Ана бір кезде өз облысымызда өткен айтыстарда болмаса, солардан ақмолалық ақындардың ырымға бір дауысын естідіңіз бе? Жоқ. Әділін айтсақ, бұл күні Ақмола өңірі халқымыздың тамаша бір жыр кәусары – ақындар айтысынан мүлде шет. Не Жүрсін Ермановтың сұхбаттарында айтысқа қатысқалы отырған бір ақынымыздың есімі аталмайды, не газеттеріміздегі хабарландыруларда бір ұл-қызымыздың аты-жөні болмайды.
Сонда тап осылай дарынсыз, арынсыз біз бе едік? Басқалары айтысты бізден үйренсін, бізден білсін дейтіндей-ақ қауқарымыз бар еді ғой. Кешегі Сарамен айтысқан Біржан сал, одан бері де Шәкен Отызбаев, Мұса Асайынов, Көкен Шәкеев, бәрі осы жерден шығып, атағы осы жерден аспандап еді ғой. Аталы өнерде бүгін неге жоқпыз, жоқ болмасақ та, қалай соған жақындап қалдық?!.
Қарашаның 17-18 жұлдызында «Қазақстан» телеарнасы көрермендерге «Азаттықтың ақ бесігі» деген тақырыппен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысын ұсынды. Осы айтыс-та барлық аймақтардан сөз саптаған ақындардан тағы да көре алмағанымыз Ақмола өңірінің ақындары. Бұл енді дәл бүгінгі таңда бізде айтыс тоқырап тұр деген сөздің нақты дәлелі. Әйтпесе, осы жолы қазылар алқасының құрамында болған жерлесіміз, белгілі ақын Қорғанбек Аманжолов өз туған топырағынан да бір ақынды көріп, төбесі көкке жетіп отырғысы келмеді дейсіз бе? Келуін келгені, бірақ, онысы бола қоймағаны айдан анық.
Осы айтыстан кейін ойымыздан шықпай қойған осынау мәселе төңірегінде Алматыға әдейі телефон шалып, пікірлестік те. Маңыздылығынан шығар, әңгімеміз біраз жерге барып бір-ақ тоқтады. Ағамыздың бұл күнде Ақмола, Көкше өңірлерінен республикалық деңгейде сөз сайыстырар ақындарымыздың шықпай отырғанына келісіп қана қоймай, сонымен бірге, осыған кәдімгідей қынжылғанын да айтпасақ, мойнымызға борыш.
Бұл күндері бұқаралық ақпарат құралдары 5-6 желтоқсанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында жылдағы «Алтын домбыра» аламан айтысы өтетінін де хабарлап жатыр. 31 арна «Айтыс алаңы» шоу жекпе-жегін де соңына жақындатып тастады. Осы айтыстарда біздің жақтан тағы да қара көрсетер бірде-бір айтыскеріміздің болмай отырғаны өкінішті-ақ.
Рас, айтыс қазір бұрынғыдай емес, жасарды. Кешегі кәрілік келгенше Көкшенің намысын қолдан бермей өткен Көкен атамыздың қатарлары сол ерендігімен кетті. Осы өнердің майын ішкен Баянғали, Құдайберлі ақындар да айтысты қойды. Олар барда мұндай уайымымыз жоқ та еді. Бұдан кейін жарқ еткен Арман Бердалин мемлекеттік қызметке, Әлібек Серғалиев асабалыққа
ойысты. Сөйтіп, бұлар да айтыстан тізгінді біржола тартты. Ал, одан бергі үміт күткен Қуаныш Оспанов, Құрмет Құралхан сияқты жастар бап па, бақ па, үлкен дүбірге ілесіп кете алмай жатқаны шындық.
Осы орайда, ойымызға бір кездегі Көкен атамыздың ақындар мектебі, сондағы мектеп оқушыларының айтысы, сол айтыста суырылып шыққан Қанат Қыдырминдей бала мұзбалақтарымыз оралады. Қазір бұл өңірден республикалық деңгейдегі айтыс ақындарының шықпай қойғаны, бір есептен сол мектептің жоқтығы. Әлі жас Арман, Әлібектердің бүгінгі шаруаларымен де ұштастырып алып жүрулеріне болатын сол айтысты ерте тастап кеткені.
Басқа-басқа, айтыста ондай мектеп, оқушылар айтысы керек-ақ. Өйткені, осы жолға бұрып, тәрбиелеп көретін жастар бір шықса, сондай орталардан шығады.
– Мен Шығыс Қазақстан облысында қызмет істеп жүрген жылдары Павлодардан Серік Құсанбаевты алдырып, университетімізде ақындар мектебін аштым. Кейін сол мектептен осы өңірдің атын шығарған біраз ақындар шықты, – деп еді жуырда бір сөзінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров. Әбекеңе мүмкін, осындай мектепті енді Көкшетауда ашу керек шығар.
Қалай болғанда да, ақындық оты маздаған Ақмола, Көкшеге айтыс дегенде ауызды бұлай қу шөппен сүрту, бәйгеге бір жүйрігін қоса алмау тіпті ұят. Сондықтан, мұны облыстық мәдениет басқармасының да мықтап тұрып қаперге алғаны жөн ғой дейсің!..
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА