Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбекпен шыңдалған жан - АРҚА АЖАРЫ

Еңбекпен шыңдалған жан

Қабанбай батыр ауылының байырғы тұрғыны Магомед Сукаловты танымайтын адам кемде-кем. Балуан тұлғалы тау халқының өкілі қазақ топырағында туып, бүкіл саналы ғұмырын өткеріп келеді. Бала жасынан еңбекке бейімделген адамның өмірден өз орнын жаза баспай табатындығы анық.

Зұлмат жылдары тарихи Отанынан қуылған оның ата-аналары бір кездері Сарыарқаның төсінен қоныс тапқан. 1944 жылдың қақаған ақпан айында Магомедтің әкесі Бата мен анасы Рахият Есіл ауданына келіп орналасады. Бұл жерде біраз тұрғаннан кейін олар Қорғалжын төңірегіне, қалың қазақтың иманжүзді ортасына күмп ете түскен. Кейінгі дәм Нұра ауылынан бұйырды.
– Мен ес білгеннен қазақ балаларымен ойнап өстім, – деп өткенді еске алады Магомед ағамыз. – Көңілі шалқар, жүрегі жұмсақ қазақ халқы болмаса, біз сияқты тарыққан жандардың тағдыры не болар еді. Олар бізден ештеңесін аяған жоқ. Әкемнің шау тартқан шағында туған сүт кенжесі болғаннан кейін маған жергілікті ел ақсақалдары Сексенбай деп ат қойып, қалжыңдайтын.
1949 жылы дүниеге келген Магомед азаматқа тән барлық міндеттерін орындады. Әскерге барды, одан кейін үнемі тынымсыз еңбектің ортасында жүрді. «Октябрь» кеңшарында ұзақ жылдар қол үзбей жұмыс істеген жігіттің еңбектен мерейі өсіп, жауапкершілігі мен іскерлігі үшін қызмет сатысымен жоғарылатыла түсті. Әуелден осы іргелі кәсіпорынның мал шаруашылығы бригадасына жетекшілік жасайды. 10 жыл ішінде ол басқарған бригада озаттар қатарына қосылып, әлденеше рет марапаттарға ие болады. Жұмысының тыңғылықтылығын көрген басшылар Магомед Сукаловты Нұра бөлімшесінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Зейнеткерлікке дейін істеген жұмысы да табысты болды.
Магомед өмірде өз таңдауын дұрыс жасауға ерекше мән берген жан. Бүгінгі Қабанбай батыр ауылының күйеу баласы, ел ағасы атанған азамат кезінде Ғалия есімді қазақ қызымен шаңырақ көтерген. Екеуінің 10 баласы, 9 немересі бар.
– Әкеден төрт жасымда, шешемнен мектепке бармай жатып айырылдым, – деп әңгімесін сабақтады ол немересінің басын сипап. – Шүкір, қазір балалардың бәрі орнықты, өмірдегі өз жолдарынан адасқан жоқ. Ең бастысы, ата-анасын, елін ерекше қадір тұтады.
кіші ұлы Жохар әскери міндетін өтеп жүр. Үш ұлы Зелемхан, Беслан мен Ислам әке жолын қуып, мал шаруашылығымен айналысуда. Қабанбай батыр ауылындағы өз үйінің жанына балаларына да қос қабатты екі баспана тұрғызған Магомед аға немерелерінің тәлім-тәрбиесіне, сабағы мен бос уақыттарына ерекше мән береді. Бәрі көз алдында болғаннан кейін ата қамқорлығын сезінген жастар жақсылықтың жолынан ауытқымауды басты міндет санайды.
Магомед жездеміздің үйіндегі фотоальбомдарды ақтарып отырып, оның Шешенстанға жиі барғанын көріп білдік. Сондағы туыстарымен тығыз қарым-қатынаста екен.
–Тарихи Отаныма жиі барып тұрамын, – деді біздің қойған сауалдарымызға байыппен жауап берген Магомед Сукалов. – Ата-бабаларымыздың табаны тиген топырақты басу, кейінгілердің өскен ортасында болу – біз үшін үлкен бақыт.
Апамыз Ғалия Елешқызы бізді ең қадірлі бауырлары келгендей жаны қалмай қарсы алды. Қонақасы беріп, дастарханды түрлі дәмді тәттілермен көркейтіп жіберді.
Бұл кісінің тағы да бір ерекше қыры бар. Ол облыс пен ауданда шығатын газеттерді үзбей оқып тұрады. Мен ардагердің жеке кітапханасынан атақты тау халқының күрескерлері, батырлары туралы мұрағаттар мен кітаптарды, облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақмол ақпараты» газеттерінің сарғайған тігінділерін де көрдім. Ұнаған газет сандарын үнемі жинап отырады екен. Ойлап қарасаңыз, бұдан оның адалдығын, қазақ халқына, оның тілі мен мәдениетіне  деген құрметін аңғарар едіңіз.
Магомед Батаұлының туыстары аз емес. Әсіресе, емшектес туысы Серікбай Құрымбаевты ерекше құрметпен атайды. Оның себебін бізге өзі тарқатып айтып та берді. Секеңнің анасының сүті ерте қайтып, Магомедтің анасы емізген. Екеуі бір емшекті таласып емгеннен кейін өздерін туғандай санап кеткен. Қимас замандас достарының ішінде Айтан Байдалин, Мұқажан Шахин, Бағдат Жанұзақова, Баян Шәкірова сияқты абзал жандар да бар.
Ұлты шешен болғанымен, көңілі мен тілі, өмірлік дәстүрі қазақ Магомед Сукаловты елі әрдайым мақтаныш тұтады. Жас кезінде түрлі қызметтерді атқарумен қатар, ол 25 жылға жуық аудандық кеңестің депутаты болған. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының белді бір мүшесі.
Үйінің қақ төрінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты ілулі тұр. Бұл да үлкен жақсылықтың белгісі.
Біз дастархан басында әңгіме-дүкен құрып отырғанда ата-әжесінің үйіне немерелері мен келіндері, балалары сәлем беріп кіріп келді. Көпұлтты шаңырақтың шамшырағы айналаны жарқыратып жібергендей көрінді бізге.
Тіршіліктегі әдебі мен сыйластығы жарасқан шаңырақтан біз де көңіліміз жадырап жолға шықтық. Бақытты болу, ел ортасында қадірлі азаматтардың бірі атану – адамның өзіне байланысты ғой. Бұған осы Магомед ағамыздың өмірі айқын дәлел дер едім.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар