Ауданымыз Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуіне кіреді. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің біз үшін маңызы зор.
Осы орайда, «КазГруХолдинг» серіктестігі шұжықтың 50 түрін өндіруде. Жыл басынан бері кәсіпорында 200 тонна ет пен шұжық сатылған. «Темеш» шаруа қожалығы да жыл басынан бері 150 тонна қымыз, 80 тонна жылқы етін саудалапты. Аталмыш аудан Астана қаласына жақын орналасқандықтан, өнімді сатуда мәселе туындамайды. Мәселен, жеке кәсіпкер Харсиевтің ірімшігі мен майы өтімді. Бұл жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін білдіреді. «Төңкеріс» астық қабылдау кәсіпорны мен «Капитал Траде Хаузе» диірмен кешендері жобалық қуатында жұмыс істеуде. Алғашқысы биыл 12,5 мың тонна, екіншісі 207 тонна ұн өндірді.
Келесі жылы Новокубан ауылдық округінде 1200 бас шошқаға арналған қазіргі заманғы кешен пайдалануға беріледі. Жобада құрама жем цехы мен қасапхана да қарастырылған. Шортанды кентінде жылына 60 тонна құс етін өңдейтін құс фабрикасының құрылысы басталды. Бозайғыр селосындағы «Элит Жер» серіктестігі өз жұмысын жандандырып, жаңа қоймалар, екі тауарлы сүт фермасы мен мал қораларын салды. Алдағы уақытта бұлар етті мал шаруашылығын дамыту үшін асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуды көздеп отыр. Егіншілік шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемін көбейту, жер өңдеу мәдениетін арттыру және қазіргі заманғы егіс кешендері мен комбайндар сатып алу жоспарланып отыр. Биылғы жылы өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 10,7 миллиард теңгені құрамақшы. Жыл басынан бері 6 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндірілген.
Жолымбет кенішінен алынатын кеннің құрамында металл азайыпты. Техникалық және өзге де себептерге байланысты қиыршық тас қойнауы жұмысын уақытша тоқтатқан. Осының салдарынан алтын мен қиыршық тас аз өндірілді. Ауданда инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Төңкеріс» астық қабылдау кәсіпорнының диірмен кешені, «Полимер – Пласт» серіктестігінің полиэтилен өнімдерін өндіретін зауыты тұрақты жұмыс істейді. Биылғы жыл соңында «Центрпласт» серіктестігінің металдан жасалған сэндвич – панелін жасайтын зауыт іске қосылмақшы. Шағын және орта бизнесті дамытуға назар аударылуда. Аудандағы 1600 кәсіпкерлік субъектілерінде 3700 адам еңбек етеді. Құрылыс материалдары өндірісін арттыру есебінен өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 2,4 миллиард теңгені құраған. Осының арқасында салық түсімі екі есе көбейді. Жыл басынан бері 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында келесі жылы қиыршық тас өндіретін және табиғи тас өңдейтін зауыттар іске қосылмақшы.
Татьяна СЫТНЫХ,
Шортанды аудандық кәсіпкерлік
және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.