Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын облыстық аурухананың ұжымы терең түсіністікпен мұқият тыңдап, маңызды құжатта айтылған қоғамымыздың барлық салаларына қатысты жоспар мен талапқа қолдау білдірді.
Үлкен ұжымның мүшелері бір адамдай теледидар алдында жиналып, саяси маңызды оқиғаның басталуын тағатсыздана күтті. Елбасының әр сөзін ыждаһаттылықпен ұйып тыңдады. Жолдауда ел экономикасының дамуы мен оның бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы негізгі басымдылықтар белгіленді. Ең бастысы, қаржыны үнемдеп жұмсап, дағдарысқа қарсы стратегияны тиімді қолдану қажеттілігі жан-жақты сөз болды. Облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов Жолдауда айтылған әр мәселе бүгінгі экономикалық ахуалмен қатар, халықтың денсаулығын жақсартуға себеп болатындығын да атап өтті.
– Қазіргі таңда медицина тек шетелде ғана емес елімізде де дамып келе жатыр. Мәселен, жедел ота жасау үшін өзге елдің дәрігерлеріне жүгінудің қажеттілігі азайды. Астана және Алматы қалаларындағы білікті мамандар қиын оталарды жасауға қабілетті.
Денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің білімдерін жетілдіру мәселесі үнемі назарда. Бүгінгі Елбасының халыққа Жолдауы көпшіліктің көкейіндегі ойын, арман-мұратын дөп басты деп айтуға толық негіз бар. Аурухананың бас дәрігері ретінде, қаражатты үнемдей отыра емдеу үдерісі өте орынды деп ойлаймын, – деді мекеме басшысы.
Аурухананың аға медбикелері Алмагүл Сағиденова мен Роза Сәдуақасова Елбасының биылғы Жолдауы өз көңілдерінен шыққанын, онда айтылған барлық міндеттер мен талаптарды елдің әрбір азаматы мен азаматшасы бұлжытпай орындап, ортақ мүдде үшін аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосу керектігін айтып өтті.
Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.