Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның соңғы жұлдызында Қазақстан халқына өзінің дәстүрлі Жолдауын жария етті.
Жыл сайынғы әрбір Үндеудің – бағдарламалық құжаттың түпкі мән-мақсаты егемендігімізді баянды етуге, алға қойған игі мақсатқа жетуге негізделеді. Оған қоса жаңа мыңжылдықтағы жаһандану дәуірінде, әлемді дендеген дағдарыс пен аласапыран беймаза кезеңде тәуелсіз елдің тыныштығын, халықтың амандығын бірінші кезекке қою арқылы халықаралық қарым-қатынастың реттеліміне жіті мән беріп отыр. Бәрі де, түптеп келгенде, алыс-жақын шет елдермен дәстүрлі тату көршілігімізді, барша мемлекеттермен ата-бабамыздан бойымызға дарыған бейбіт қарым-қатынасты, ынтымақ-бірлікті жақтайтын ел екенімізді паш ететін қадам.
Индустрияландыру кезеңі, отандық өндірісті, экспорттық әлеуетімізді нығайту мақсаты, 2017 жылға межеленген мәртебелі ЭКСПО көрмесіне тыңғылықты даярлығымыз Қазақстанды бар әлемге танытудың, мәртебесін асқақтатудың бірден-бір жарқын үлгісі болмақ. Келесі 2016 жылы осы межелі игі шара барлық қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау табатыны, ойға алынған ісіміздің ынтымақ-бірлікпен сәтті еңсерілетініне еш күмәніміз жоқ.
Әлеуметтік мәселенің оң шешімі, түрлі көздерден төленетін, тиісті шамасы өз ретімен жылда өсіріліп жатқан зейнетақы мен жәрдемақы да, мемлекеттік бағыт-бағдарламалар да, халықтың тұрмысын, демографиялық ахуалды жақсартуға, отбасының әлеуетін нығайтуға оңынан септесіп келеді.
Жаңа Жолдаудың да жасампаз ел игілігін, Отанымыздың гүлденуін көздейтін заманауи өміршең құжат екендігіне, тиісті бағыттары аясында атқарылып жатқан барлық іске баршаның көңілі толатынына біз, ереймендіктер, нық сенімдіміз.
Төлеген АБДИН,
Ерейментау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.