«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қызметкерлері бастаған жұмыс тобы «Айқын тариф» жобасы аясында Көкшетау қаласының дәріханаларындағы негізгі дәрі-дәрмектің бөлшекті бағасына байланысты қоғамдық мониторинг өткізді.
Жұмыс тобының құрамына Ақмола облысы бойынша медициналық және фармацевтік қызметті бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық соғыс және еңбек ардагерлерінің кеңесі мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне арналған Көкшетау емханасының өкілдері қатысты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Еркебұлан Балбергеновтың айтуынша, партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келген зейнеткерлер дәрі-дәрмек бағасының көтерілгені жөнінде шағымданған. Осыған байланыс-ты қоғамдық мониторинг жүргізу жөнінде шешім қабылдапты. Дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен сапасы тұрғындардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік туғызады. Бұл партияның сайлауалды платформасында белгіленген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Роза Тілеспаева бізбен әңгімесінде биылғы жылы формацевтикалық фирмалар қауымдастығы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Ақмола облысы бойынша медициналық және фармацевтік қызметті бақылау департаменті арасындағы меморандумға қол қойылғаны жөнінде атап өтті. Мұндағы тізімге дәрі-дәрмектің 210 аталымы кірді. Жыл бойы әр дәрінің өзгермейтін бағасы белгіленді. Қоғамдық мониторингтен кейін сатылып жатқан дәрі-дәрмектің нақты бағасы шығарылады.
Жұмыс тобы қаладағы «Вита», «Здоровье», «Левзея» және «Мерей» дәріханаларын аралап көрді. «Мерей» дәріханасының менеджері Гүлмира Хамзина өз сөзінде дәрі-дәрмекті көтерме саудадан 20 пайыз төмен бағамен алатындарын айтты. Оның көбі дәрігердің тағайындауымен босатылады. Әзірше, бұрын сатып алынған дәрі-дәрмектердің бағасы өзгермепті. Көтерме саудадағы баға көтерілсе, бағаны ұстап тұруға дәріхана да дәрменсіз. Диспансерлерде есепте тұрған сырқаттар емхана арқылы дәрі-дәрмекті тегін алады. Емдік тағамдар, ана мен баланың медициналық қорапшасы да тегін босатылады.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ