Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын іскер әйелдер кеңесінің мүшелері бірге отырып тыңдадық.
Бұл жолғы Жолдауда Елбасы бүгінгі әлемдік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып отырғанына ерекше тоқталып, алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін атап өтті. Расында да, Мемлекет басшысы айтқандай мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы мен барша қоғамның ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігі маңызды екені сөз.
Президент өз сөзінде: «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз Қазақстанды Мәңгілік Ел ету», – деп атап өтті.
Осыдан-ақ, Елбасының биылғы Жолдауын тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға серпін беріп, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарларға құрылған стратегиялық құжат деп бағамдауға болады. Ұлт Көшбасшысы еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне қатысты па-йымдауларын ұсынды. Әсіресе, Қазақстанның экономикасын өркенді дамыту «Нұрлы жол» бағдарламасына сай жүргізілетінін тағы да ескертіп өтті. Елбасы өз Жолдауында болашақта ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған көптеген мәселелерді атады. Оған қазақстандықтар ынтымақ пен бірліктің және ел мүддесі үшін аянбай еңбек етудің арқасында қол жеткізеді деп ойлаймын. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің қиындықтарын еңсеріп қана қоймай, одан әрі қарыштап даму арқылы әлемнің дамыған алпауыт 30 елімен иық тірестіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел экономикасы өркендеп келеді. Елді мекендердегі мектептер, мәдениет ошақтарының жұмысы жанданып, көп шаруашылықтарда еңбек адамдарының алаңсыз жұмыс істеулеріне барлық жағдайлар жасалуда. Бұл әрине, ауылдың берік діңгегі іспеттес осындағы шаруашылыққа тікелей байланысты. Шаруашылық жұмысы шираса, халықтың жағдайы да оңалатыны сөзсіз. Бұған іскер әйелдер де үлестерін қосады.
Анар ҚАБЫЛДИНОВА,
аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Есіл ауданы.