Жерлесіміз Меруерт Сүлейменова кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды.
Ирландия мемлекетінің астанасы Дублин қаласында өткен байрақты бәсекеге әлемнің 39 елінен келген 700-ге жуық спортшы қатысты. Оның ішінде Қазақстан құрамасының сапында Астрахан ауданындағы жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің тәрбиеленушісі, 18 жастағы Меруерт Сүлейменова да болды. Жерлесіміз 68 келі салмаққа дейінгі қыздар арасында өткен жарыста жұлқи көтеру тәсілі бойынша жеңімпаз атанды.
– Меруерт 24 келі кір тасын 131 рет көтерді, – дейді жаттықтырушысы Бақтияр Жұмабеков. Жерлесіміз ұлттық құрама сапында болған жалғыз ақмолалық спортшы екенін атап өткен жөн. Аталған додада Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есеп бойынша ресейліктерден кейін екінші орыннан көрінді.
Қазір әлем чемпионы Семей қаласында өтетін республика кубогына дайындығын бастап кетті.