айтыс ЮНЕСКО тізіміне енгізілді
Намибияның Виндхук қаласында ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясы аяқталды. Оның жұмысы барысында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс – импровизация өнері» атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді, – деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл шараға Қазақстан Республикасы
ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының өкілдері және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізге белгілі айтыскерлер Б.Имашев пен А.Тұрсынбаева қатысты. Олар сессияның отырысында сөз болған асыл өнердің таныстырылымын көрсетті.
Еске сала кетейік, комиссияның былтырғы отырысында елімізден ЮНЕСКО тізіміне «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялар енген болатын.