Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен жыл сайын желтоқсанның 1-і Дүниежүзілік СПИД-тің алдын алу күні болып аталып келеді. Осыған орай, «Көкшетау» мәдениет сарайында студент жастардың қатысуымен ауқымды акция болып өтті.
Шараға арналып фойеде тақырыптық материалдар мен суреттер, плакаттар орналастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – осы қатерлі дерт туралы нақты мәлімет беру, онымен ауыратындарға көмек-қолдау көрсетіп, қоғамдық ортадан шеттетпей, салауатты өмір салтын ұстану арқылы осы келеңсіздіктің алдын алу. Осыған орай, жоғары және орта білім беретін оқу орындарында көптеген іс-шаралар өткізіліп, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналған СПИД-тің қауіп-қатері туралы толық мағлұмат берілуде.
Акция барысында Ақмола облыстық СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов Дүниежүзілік СПИД-тің алдын алу күніне байланысты облыстағы барлық орта білім беретін мектептер арасында өткен сурет салу байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Айталық, жүлделі 1 орынды Сандықтау ауданы Лесная орта мектебінен Лаура Нұрбаева, ал, 2 орынды Аршалы аудандық Аршалы селосының №1 орта мектебінен Эмина Биджиева мен Краснояр селосының №2 орта мектебінен Ангелина Берестова, 3 орынды Көкшетау қаласындағы №21 орта мектептің оқушысы Ғабит Жанұзақ иеленіп, оларға диплом мен бағалы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледждер арасында өткен фотоконкурста 1 орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжі, 2 орынды Көкшетау медициналық колледжі және 3 орынды А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті қанжығаларына байлап, жеңімпаз атанды.
Акцияда слайд бойынша төбе құйқаңды шымырлатып, жан жүрегіңді ауыртатын қатерлі дерт туралы мәліметтер көрсетіліп, студент жас-тар арасында СПИД-ті жұқтыру жолдары мен оның алдын алу туралы сұрақтар қойылып, нақты жауап бергендерге ынталандыру сыйлықтары
табыс етілді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ