Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр Жолдауы еліміздің әрбір азаматы үшін жол сілтеуші темірқазықтай. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында әлемді шарпыған дағдарыс уақытында қандай шараларды қолға алу қажеттігі кеңінен сөз болады. Сонымен бірге, Жолдау еліміздің даму деңгейін анықтап, болашаққа деген бағыт-бағдарды неғұрлым ұтымды жоспарлауға мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекет басшысы дамудың жаңа моделін белгілей отыра, мұнай-газ қоры арқылы табысқа кенелетін заман өткенін айтты. Өркендеудің сара жолы адами капитал Елбасы саясатының басты бағдарына айналды. Тарихи құжатта Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың күрмеуі қиын мемлекеттік сектор, бәсекелестіктің әлсіздігі, банкротқа ұшырау үдерісінің машақаттығы, банктердегі проблемалық активтер сынды мәселелерді тез арада шешу қажеттігін шегелеп тапсырды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарындағы институционалды және құрылымдық шешімдері аз уақыттың ішінде дамудың жаңа моделіне көшуге оң ықпал жасайды. Жолдауда айтылған бәсекелестікті ширату, банкроттық үдерістерді жеңілдету, жеке сектордың бастамашылдығын күшейту сынды мәселелер елде қиын жағдайда тұрған компанияларға қажетті инвестициялық белсенділікті арттыруға көмек береді.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының облыстық филиалының қызметкерлері Жолдаумен жете танысып, Мемлекет басшысын толықтай қолдап отыр. Жолдау әлемдегі саяси ахуал ушыққан кездегі ең қажетті құжат екені сөзсіз. Мұнда Елбасы адами капиталдың даму сапасы мен әлеуетіне баса мән беріп, сапалы техникалық мамандарды даярлауда еліміз көшбасшы атану қажеттігін ескертті. Біздің ойымызша, техникалық және кәсіптік білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналу үшін еңбек қызметін жетілдіре түсу қажет. Бұл тұрақты дамуға бастар маңызды стратегиялық қадам болмақ.
Қазіргі заманда мамандық таңдауда қандай салаға мән беру қажеттігін саралап, жас толқынды тәрбиелеуде бағыт-бағдар беру мәселесі өзекті болып отыр. Жұмысшы мамандығын таңдау кемел болашаққа жетуде үлкен рөл атқаратынына шүбә жоқ. Біздің ұжым бүкіл әлемде кең қолданыста жүрген жоғары технологияларды кіріктіру бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылудың алғышарттары екенімен толықтай келісіп отыр. Елбасының Жолдауы қазақстандықтарға жаңа күш-қуат беріп, оларды одан әрі жігерлендіре түсті. Соның әсерінен, еліміз дағдарыстың құрығынан сытылып шығып, гүлдене түсеріне кәміл сенемін.
Бүгінгі таңда инжиниринг, жобалау, ақпараттық технологиялар секілді жоғары технологиялық қызметтерді қоса қамтитын салалардың ауқымын кеңейту қажет. Бұған тек ғылыми-инновациялық жүйені тиімді құрастырған уақытта ғана кірісуге болады. Одан басқа, Елбасы индустрияландыру бағдарламасын тұралатпай, экономикалық жағдайды ескере отырып, оны мемлекеттік әріптестік тұрғысынан қолға алу жөнінде де келелі әңгіме өрбітті. Сонымен бірге, мұнда келер жылға арналған жоспар толықтай нақтыланып, жұмыс орындарын қысқартпау, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуі сынды мәселелер көрініс тапты.
Жаһандық дағдарыс жағдайында қажетті тауарлардың бағасы шарықтап жатқанда, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселесі назардан тыс қалмады. Жолдауда Елбасы 2016 жылдың басынан бастап медицина саласының қызметкерлерінің еңбекақысы 28, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы тиісінше 29 және 30 пайызға көбейетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының белгілеген нақты мақсат-міндеттері дамудың жаңа сатысына көтерілуге әрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға түрткі болып, көлденең кезіккен кедергілерге мойынсұнбауды нұсқап отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған міндеттерін орындау –баршамызға парыз.
Еркін ИСІМБАЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру
ұлттық орталығы» филиалы
Ақмола облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институтының директоры.