Біртуар әдебиет, мәдениет қайраткері, арыстан жүректі абызымыз Тұрсынбек Кәкішевтің қазақ руханиятындағы орны бөлек болатын. Ол кісінің әдебиеттану ғылымына төккен тері бір төбе де, әлеуметке, қоғамымызға сіңірген еңбегі тағы ерекше еді.
Алаш қайраткерлерінің жанқиярлық істерін жариялады. «Садақ», «Айқап», «Қазақ» басылымдарын тірілткенін айтсаңызшы. Соңғы газет-журналдарды ардақты Қоғабай Сәрсекеев ағамыз іліп әкетіп жаңғыртты. Шын мәнінде, Тұрсекең принципшіл, турасын, әділін сөйлейтін азамат адам болатын.
Біз ол кісінің шығармаларымен ерте кезден, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сусындадық. Академик Серік Қирабаев екеуі Сәкен ағаны тұңғыш зерттеген ғалымдар еді. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарының аяқ шенінде Алматының іргесіндегі Калинин (қазіргі Тұздыбастау) кентіндегі орта мектепті бітірерде Сәкен Сейфуллиннің мұрасынан 36 беттік шығарма жазғанда кейбір тұстарында Тұрсекеңнің 1967 жылы шығарған монографиясын пайдаланып, шығарманың соңын өлеңмен бітірген едім, сөйтіп, комиссияда еңбегім еленіп, математика пәні бойынша сәтті шығарған есептерім ескеріліп, маған алтын медаль берілді. Содан 80-інші жылдары С.Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» хикаятындағы Хамит Токиннің кім екендігін зерттедім, өйткені, Тоқаның інісі Мырзакейдің ұлы Қуат біздің энергетика институтында қызмет істеді. Сол кісінің аузынан және мұрағаттарды ақтарып, Хамит туралы мақала жазып, ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі болып жүрген Тұрсекеңе көрсетіп, мақұлдамасын алғаннан кейін 1988 жылы «Білім және Еңбек» журналында жарияладым. Осылайша ақыл-кеңесін тыңдаған ұстазым еді Тұрсынбек аға. Тұрсекең Сәкенмен қатар, Сәбит, Мағжан жөнінде де тұшымды зерттеулерді оқырманға ұсынып, әдебиет беделін зәу биікке көтерді. Шынтуайтында, біреуі кеңес өкіметін, екіншісі Алаш үкіметін жақтағанмен, мақсат-мұраттары бір, ойлағандары қазақ халқының, ұлтымыздың болашағы еді ғой.
Соңғы жылдары әдебиет сардары болған рухани әкеммен, Күләш жеңгеймен етене араластым, дәмдес болдым десем артық емес. Себебі, бұл кісілер ғалым ағам, марқұм Жамбыл Тобаяқовтың Алматыдағы тұрған үйіне көрші болып көшіп келген еді. Әңгімесі қандай көшелі, дидары қандай нұрлы, еліне қандай сыйлы еді. Бір өзі 50-ге жуық ғылым кандидатын, оннан астам ғылым докторын даярлапты, 40-қа таяу кітап басып шығарыпты, қандай жанкешті еңбекқорлық!
Ерен еңбегіңіз, абыройлы атыңыз Алаш жұрты барда өшпейді, ұрпақтарыңыз, шәкірттеріңіз туыңызды асқақтата берері кәміл!
Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ақын.
Астана.