Жасыл бел, жер жәннаты Көкшетауым,
Алады орман, көлі көздің жауын.
Сағынып, аңсап келдім, өзіңе арнап,
Босатам енді азырақ жырдың бауын.
Өзіңнен жаралған соң менің қаным,
Адалдық пен пәктікке құмар жаным.
Сұлулық пен биіктік нысанасы –
Сен күткендей қалыпта ождан-арым.
Қозғар ем арғы тектен сөздің басын,
Зар заман, ел бейнеті, көздің жасын.
Біздерге жеткізіп тұр ол тарихты,
Сырға толы ой-қырың, әрбір тасың.
Тарихта Көкшенің зор үлесі бар,
Бір ісінен асатын бір ісі бар.
Орда ғып кемеңгерім хан Абылай,
Ту тіккен елдік үшін күресі бар.
Асылдар мекен еткен осы жерде,
Таратып жан шуағын тәмам елге.
Өнегелі істері әлемге аян,
Бәріне соның куә сексен көл де.
Бұл күнде саған ауған ғашық көздер,
Талай бір жан толқытқан арнау сөздер.
Мәңгілік сұлулықтың мекені боп,
Қуантып жер бетінде сен тұра бер!
Ибатолла АРЫСТАН.