«Ақмола облысының Чернобыль ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Көкшетауда Чернобыль атом электр станциясында болған апатты ауыздықтаушыларға орнатылатын болашақ ескерткіштің орнына қойылған тас белгінің жанында митингі өткізді.
Шараны аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Марат Жетеров ашып, өз сөзінде Чернобыль атом электр станциясында орын алған апаттан адамдарды құтқаруға екі мыңға жуық ақмолалық қатысқанын, оның жүзден астамы Көкшетауда тұратынын атап өтті. Апатқа ұрынған мыңдаған адамның өміріне араша түсіп, ерлік көрсеткен жерлестеріміздің өнегелі ісі қашанда біздің жадымызда.
Келешекте еңселі ескерткішке айналатын тас белгінің жанына Чернобыль оқиғасының қатысушылары, қала тұрғындары жиналып, гүл шоқтарын қойды. Көкшетау қалалық әкімдігінен келген өкілдер де сөз алып, бұдан былай мұндай қайғылы жағдайлар орын алмауын тіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.