Облыс орталығындағы перинаталдық орталықта халыққа қызмет көрсету орталығының ұйытқы болуымен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында жарық дүние есігін ашқан сәбилердің ата-анасына баланың алғашқы мемлекеттік құжаты – тууы туралы куәлік салтанатты түрде табыс етілді.
Нәрестенің өмірге келуі ғажайып әрі қайталанбас ерекше оқиға. Ата-ана үшін бұдан артық қуаныштың жоғы белгілі. Мереке алдында облысымызда жиырмаға жуық ата-ана осындай бақытқа кенелсе, соның жетеуіне ресми түрде құжат алу сәті бұйырыпты.
Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Болат Бекқожиновтың айтуынша, бұл шара облыс аумағындағы барлық перзентханаларда жүзеге асырылуда. Туу туралы куәлікпен қатар, өңіріміздің үш азаматына жеке куәлік тапсырылыпты. Осы жиынның себепкерлерінің бірі – ерлі-зайыпты Дина және Дамир Кәрімжановтардың бұл екінші рет сәби сүюі. Бүгінде тұла бойы тұңғышы Самир бір жастан асқан. Осы күні туған қызының есімін Әдия деп қойыпты. Ата-ана нәрестенің 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні қарсаңында өмір есігін ашуын жақсылыққа жориды. Олардың өмірдегі басты қағидасы иманды ұл мен ибалы қыз тәрбиелеу. Ендеше, болашақта ұлт намысын жанитын, әділдігімен, қайсарлығымен танылатын ұрпақ көп болғай!
Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.