Соңғы бірер жылда жаңа туған нәрестеге нағыз ер-азамат болсын деп ырымдап Ерұлан, Ерасыл деп ат қойып жүрген ата-аналардың қатары жиілесе, қыздарына Айғаным, Зере, Ұлжан аналарымыздың есімдерін беріп, азан шақыратын қазақ отбасылары да аз емес. Бұны балаға ат қою рәсіміне ерекше мән беретін дана халқымыздың салт-дәстүрінің сақталып келе жатқандығы деп түсінеміз. Ұрпағымызды еліне еңбегі сіңген, тарихта жақсы аты қалған ата-бабаларымыздың есімдерімен атаудың еш әбестігі жоқ. Олардың барлығы біз үшін қадірлі.
Алысқа бармай-ақ қояйық, Тұңғыш Президентіміздің есімі де халық арасында жылы айтылып, ыстық ықыласқа, лайықты құрметке бөленіп жүр. Әсіресе, 1991 жылдан былай қарай Нұрсұлтан есімді ұлдарымыздың көбеюі осы сөзімізге дәлел бола алады. Біздің облыста да Нұрсұлтандардың саны аз емес. Тұңғыш Президент күні қарсаңында олардың бір-екеуімен әңгімелесудің сәті түскен еді.
Солардың бірі – Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Әбішев. Ол 1991 жылдың он төртінші ақпанында дүниеге келген. Естеріңізде болса, бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-нің Президенті қызметіне тағайындалып, КОКП ОК Саяси бюросының мүшелігіне қабылданған кез болатын. Сол жылдары халық та өз көшбасшысын сайлап алуды, егемен ел болуды асыға күтіп жүрген-ді. Кейіпкеріміздің атасы Тінәлі де жақында ел өмірінде үлкен қуаныш болатынын, билік басына қазақтың рухын көтеретін, елімізді әлемге әйгілейтін азамат Нұрсұлтан Назарбаев келетінін іштей сезіп, немересінің де есімін солай атаймын деп шешкен екен. «Үлкеннің сөзімен келіспеу – әдепке жат» деп түсінген отбасы атасының бұл пікірін қостай жөнеліпті.
Сөйтіп, 1991 жылдың ақпанында қарапайым қазақ ауылындағы үлкен шаңырақта Нұрсұлтан есімді сәби шыр етіп дүниеге келсе, дәл сол жылдың желтоқсанында Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілген жалпыхалықтық Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың басым дауысын жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Осылайша, Тінәлі қарттың шаңырағына бір қуаныштан кейін көп ұзамай екінші қуаныш та келіп жетті.
Қазіргі таңда қарияның немересі өсіп-өніп, тәрбиелі азаматқа айналды. 2011 жылы Щучинск қаласындағы педагогикалық колледжді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдап, осы күні өзі туып-өскен Мәдениет ауылындағы Есмағамбет Ысмайылов атындағы орта мектепте тынбай еңбек етуде. Ұстаздық Нұрсұлтанның бойына қанмен дарыған мамандық десек те болатын шығар. Себебі, оның атасы Тінәлі кезінде мектепте оқушыларға физика, математика пәндерінен сабақ берсе, әкесі Жангелді көп жыл мектеп директоры болған кісі. Өкінішке орай, екеуі де өмірден ерте озғанымен, олардың ұстаздық жолын артында қалған тұяғы жалғап келеді. Бізді сүйсіндірген тағы бір жайт, Нұрсұлтанның анасы Үмітжан да, құдай қосқан жан-жары Гүлниса да мұғалім екен. Бұл мәртебелі мамандықты ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп, өмірлеріне серік етіп жүрген отбасына тек алғыс қана айта аламыз. Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында Нұрсұлтанға болашақ жоспары жайлы да аз-маз сұрақ қойған едік. Шынын айту керек, оның ауылда жұмыс істеуді жалғастыра беретінін естігенімізде қатты қуанып қалдық.
– Мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы қатысушыларының бірі – менмін. Бәлкім, туған ауылыма жұмысқа келгендіктен өзге замандастарыма қарағанда ауылдың тыныс-тіршілігіне үйреніп кету маған жеңілдеу болған шығар. Десек те, ауылға бағдарлама арқылы барып алып, кейін одан кетуге асығатын жас мамандардың ісін құптамаймын. Ауылда еңбек етемін деген шешімге келгеннен кейін айтқан сөзге берік болып, сол қызметті абыроймен атқара білу қажет, – деген пікірде кейіпкеріміз. Шіркін, барлық жастарымыз осылай ойлағанда ғой…
Бәлкім, адамның өмір жолы, ой-санасы, арман-тілегі де үлкендер ырымдап қойған атына байланысты болатыны рас шығар. 1991 жылы туылған келесі кейіпкеріміз Нұрсұлтан Әубәкіровпен әңгімелескенімізде де осыған көз жеткізгендей болдық. Онымен әлеуметтік желі арқылы біраз хат алмастық. Газет тілшісі екенімізді, әсіресе, аты Нұрсұлтан болғаннан кейін мерекеге орай сұхбаттасқымыз келетінін айтқанымызда жас жігіт бірден келісе кетті. Айтуынша, ол Көкшетау теміржол вокзалында өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Осыдан екі жыл бұрын Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» факультетінде жоғары білім алып шыққан екен. Жұмыста жүрген кезінде бар назары жүк вагондарында, соларды дұрыстап тасымалдауда болса, одан кейінгі бар бос уақытын анасына қамқорлық көрсетумен өткізеді. Себебі, Нұрсұлтан үшін бұл дүниеде анасынан асқан жан жоқ. Мұны жас жігіт анасы кенеттен жол апатына ұшырап, бір ай бойы ауруханада жатқан кезінде анық сезінген екен. Сол жол-көлік апатында анасы ауыр жарақат алса, көлікте бірге отырған әжесі мен ағасы бір ауыз тілге келмей қайтыс болыпты.
– Осы қайғы-қасіретті ешқашан ұмыта алмас-пын, сірә. Әйтеуір, Аллаға шүкір, анам аман-есен. Өмірімдегі басты арманым анам ұзақ жасаса екен деймін. Мені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген асыл анашыма деген махаббатым, алғысым шексіз, – деді кейіпкеріміз хат алмасу барысында ағынан ақтарылып.
Иә, ата-ананы құрметтеу әрбір адамның қастерлі борышы. Осындай адамгершілік, мейірімділік секілді ізгі қасиеттерді біз Нұрсұлтан Әубәкіровтің де бойынан байқадық. Оның бойында нағыз ер-азаматқа тән өжеттілік, ар-намыс та жоқ емес. Мұнымызды құр мақтау сөздер деп ойлап қалмаңыз. Өткен жылы ол теміржол саласы қызметкерлері арасында волейболдан ұйымдастырылған жарыста үздік ойыншылар қатарынан көрініп, басшылық тарапынан мақтау қағазбен марапатталған екен.
Нұрсұлтандардың алды жиырма беске толып, еліміздің игілігі жолында аянбай тер төгіп жүрсе, оқуларын енді аяқтап, еңбек жолына жаңада қадам басқалы жатқан жастарымыз да бар. Жиырма екі жастағы Степногорск қаласының тумасы Нұрсұлтан Оразбаев солардың қатарында. Университеттегі оқуын аяқтағаннан кейін ол әскерге барып, Отан алдындағы борышын ойдағыдай өтеп келсем екен дейді. Бос уақытында пікірсайыс клубына барып, замандастарымен бірге елде болып жатқан саяси маңызды оқиғаларды талқылағанды жаны сүйеді. Астана, Павлодар, Қарағанды қалаларында өткен пікірсайыс додаларында жақсы өнер көрсеткені үшін жүлделі орындарға қол жеткізген.
Мінеки, Нұрсұлтан есімін иеленген ұлдарымыздың аяқ алысы осындай. Келешектері де келелі істерге толы болып, әрқайсысын елі мақтан тұтады деген сенімдеміз.