Қорғалжын ауданының әкімі Қайыр Рыскелдиновтің Ақмола Медиа орталығында өткен баспасөз мәслихатының негізгі өзегі де өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы жұмыстарға қатысты болды.
Алдымен, аудан әкімі өңір өндірісінің тауарларын көбейтіп, азық-түлік белдеуін құру бойынша агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған тапсырманың орындалуына тоқталды. Қазіргі таңда өңірлік Индустрия-ландыру картасына екі жоба енгізілген. Бірі жауапкершілігі шектеулі «Астана-Агропродукт» серіктестігі болса, екіншісі «Agro Export LTD» мал бордақылау алаңы. Үстіміздегі жылы аталмыш серіктестік 2100 тонна ет өндірген. Ауданда қара мал саны көбейіп келеді. Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында мал өсіріп, табыс тауып отырған азаматтар көбейе түсті. Аталмыш аудан Астана қаласына жақын орналасқандықтан, өнімді сатуда мәселе туындамайды. Мұнда өндірілген ет-сүт өнімдерінің сексен пайызы елордадағы ірі сауда орындарында сатылуда.
Одан әрі әкім «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджеттен 8 миллион 673 мың теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Сәйкесінше, осы қаражатқа Қорғалжын ауылында ойын алаңы салынып, «Дәурен» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, Жантеке ауылында көше шамдары орнатылыпты. Сонымен бірге, биылғы жылы Сабынды ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 74 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Бұдан соң нақты кірістерді өсіру, тұрғын үй жағдайын, медицина мен білім қызметін жақсарту сияқты басты міндеттер сөз болды. Шараны қорытындылай келе, аудан әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жарияланған дағдарысқа қарсы бірқатар маңызды міндеттерді ойдағыдай орындау үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
Ырысгүл АШУОВА