Жуырда Астанадағы Ұлттық музейде Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің жүз жылдық мерейтойына арналған тағылымды кеш өткізілді.
Алдымен тағылымы мол ұлы тұлғаның өмірі мен өнегесін толайым қамтитын деректі фильм көрсетілді. Кештің бет-ашарын арнау өлеңімен айтыс-кер ақын С.Дүйсенғазин ашып берді. Ардақты аға жайындағы естеліктерді Қазақстан Респуб-ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Айтаханов, журналист М.Байғазин, тарихшы С.Дүйсен, тәшеновтанушы Е.Қабылдиндер әсерлі етіп әңгімелеп берді. Жазушы-драматург Б.Әлімжан аяулы ағаға арналған дастанынан үзінді оқыса, Қ.Қуанышбаев атындағы театр әртістері «Алдаспан» спектаклінен көріністер көрсетті.
Ақын Қ.Мырзалиев пен композитор Б.Жұманиязов «Ардақты аға» әнін әнші Г.Оразымбетова нақышына келтіріп орындады. Әйгілі Алаш перзентінің ұлы, энергетик ғалым Саян естеліктерімен бөліссе, ақын Б.Тобаяқов «Жолбарыс жүрек Тәшенов» атты өлеңін оқып берді.
Түйіндей айтқанда, Алаш үшін тілмен айтып жеткізгісіз еңбегі сіңген перзенттің періште рухын тебірентерлік тамаша кештен талайлар тобықтай ой түйіп, тағылым алғандығы анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.