Бүгінгі таңда облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы біршама даму үстінде. Ұн тартатын, нан-тоқаш, ет, сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындар саны жыл санап көбейіп келеді.
Осыдан тура 5 жыл бұрын Атбасар ауданындағы «Сочинск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өсімдік майын өндіретін зауыт іске қосылған болатын. Бүгінгі таңда кәсіпорын бұрын сырттан тасылып әкелініп жүрген осы өнімге деген халық сұранысын қанағаттандыруға игі ықпалын тигізіп отыр. Жылына 1200 тонна өсімдік майын шығаратын зауыт шетелдік жаңа құрылғылармен жабдықталуының арқасында ісі оңға басуда. Қазірдің өзінде кәсіпорын өнімі тұтынушылар тарапынан жақсы бағасын алып, көпшілік сұранысын туғызуда.
Осы зауытта шығарылған өсімдік майы бүгінде Астана, Көкшетау қалалары мен облыстағы өзге аудандардың сауда орындарына литрі 300 теңгеден жеткізілуде.
Астық және майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорын шикізатты да өздері өндіреді. Серіктестік басшысы Виктор Гофманның айтуына қарағанда, биылғы жылы 4,5 мың гектарға жуық алқапқа күнбағыс егілді. Зауытта 20-ға жуық адам еңбек етеді, олардың дені жастар. Жалақылары да жаман емес.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі, ол қалдықсыз жұмыс істеуінде. Сығылып алынған майдан қалған қалдықтар сұйық сабын ретінде қайта өңделсе, қабығынан мал азығы мен отын дайындалады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Атбасар ауданы.