«Жаңару» облыстық немістер қоғамы Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан немістері» деген тақырыппен фотокөрме ұйымдастырды.
Онда Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастарды айшықтайтын фотосуреттер қойылды. Көрмедегі мәліметтерге сүйенсек, елімізге алғаш рет ат басын бұрған немістер Петербор ғылым академиясының өкілдері, офицерлер, дәрігерлер мен инженерлер болған екен.
Ал, Поволжьедегі құрғақшылық пен аштық салдарынан неміс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуы 1891 жылы басталған. 1926 жылға қарай ел аумағында 51102 осы ұлт өкілі өмір сүрген екен. Бірте-бірте олардың тағдыры Қазақстанмен біте қайнасып, неміс тілін оқыту мектеп бағдарламасына да енгізілген. «Фройндшафт» атты мерзімді басылым жарыққа шығып, ұлттық театр өнері өркендеді. Келушілер немістердің драма театры, өнеркәсібі, білім мен ғылымы, діни жаңарулары жайлы да біраз ақпараттарға қанықты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.