1936 жылдың күз айы. Сайын далаға алыс-жақын елдерден жер аударылғандар қоныстанып жатты. Сол кездері береке-бірлігі жарасқан Каменка ауылының іргесі қаланады деп кім ойлаған?!.
Сонау қиын-қыстау жылдары ата-бабаларымыз болашақтарының қандай болатынын білмесе де, келер күнге үмітпен қарағаны анық. Тастай қараңғы, мұздай суық вагондармен елімізге Ресейдің ішкі аудандарынан, Белоруссия, Украинадан еріксіз жер аударылған мыңдаған отбасының да тағдырларын жалғап келген сол үміт сәулесі еді. Қазақстанға көшіп келгендердің кейбіреуі дайын үйлерге қоныстанса, біразы баспананы өз қолдарымен қайтадан тұрғызуға мәжбүр болды.
Мінеки, Астрахан ауданына қарасты Каменка ауылының да тарихы осы кезден бастау алады. Қазіргі таңда мұнда қуғын-сүргіннің ауыр зардабын тартқан ондаған ұлт өкілдерінің ұрпақтарын қосқанда бас-аяғы 800-ге жуық адам тұрып жатыр. Солардың бірі ауыл тұрғыны Галина Синкевич бізбен әңгімесінде өзінің анасы Анна Райковская жайлы естелігімен бөлісті. Оның айтуынша, анасы 1936 жылы Қазақстанға, дәлірек айтсақ, Астрахан ауданына Украинаның Житомир деген облысынан ата-анасымен бірге жер аударылған екен. «Тездетіңдер» деп қоймаған сталиншылар дұрыс киім-кешек, тұрмыстық заттарды да жинап алуға мұрша бермей, жүздеген отбасыны жүк пойызымен біздің елге жеткізеді. Бір жұма бойы жол азабын тартып, шаршаған, ашыққан халыққа Каменкаға жақын орналасқан Жамбыл ауылының тұрғындары көмек қолын созғанын күні бүгінге дейін каменкалықтар зор ризашылықпен айтып жүреді.
–Анам осы ауылға отбасымен бірге 1936 жылдың күз айында көшіп келген. Қазір бізге айтуға оңай ғой. Алайда, сол кезде бұл жерде үй түгілі ауыл деген атымен болмаған. Жер аударылған жандар әйтеуір бірдеме қылып күндерін көру үшін саман үйлерді өз қолдарымен тұрғызғанын әке-шешемізден жиі естуші едік. Анам, бауырмалдығы, қонақжайлылығы мен қиындықта тіреу болғаны үшін қазақ халқына алғысын айтып отыратын. Әсіресе, Жамбыл ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Баки Күлеитовтың есімін аузынан тастамайтын, – деді Галина Синкевич.
Туған жерін тастап, жат жұртқа үйрену оңай емес, әрине. Біреулері бөтен елдің табиғатына үйрене алмай, ауру-сырқаудан көз жұмса, Ұлы Отан соғысы жылдарында да елімізге қоныс аударған азаматтардың біразы ұрыс далаларында жау қолынан қаза тапты. Асыл ерлер Отан қорғау үшін майданға аттанса, елде қалған әйелдер мен қарттар, балалар тылдағы еңбекке араласты. Дінге, ұлтқа бөлінбей барлығы бірдей Жеңіс күнін жақындатуға күш салды. Олардың қазақ жеріне бауыр басып қалғандары сонша, қуғын-сүргін аяқталғаннан кейін де көбісі Каменкада қаламын деп шешкен.
Қуғын-сүргін, одан қала берді сұрапыл соғыс жылдары жағылған достық шырағы әлі күнге дейін сөнбей келеді. Ауылда поляк, украин, қазақ, орыс, кәріс, өзбек, татар ұлтының өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мұнда барлығы 278 үй бар. Ауыл әкімі Людмила Огневская да әңгіме барысында тұрғындардың ауызбіршілігін ерекше атап өтті. 2000 жылы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін француз және қазақ тілінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, біраз жыл мектепте балаларға мемлекеттік тілді үйреткен неміс қызы Людмила жастың да, кәрінің де тілін тауып, бірде-бір өтінішті қараусыз қалдырмайтынын тұрғындардан естіп білдік.
1936 жылы іргесі қаланған бұл ауыл қазіргі таңда дамудың жаңа белесінде деп айтсақ, артық болмас. Бұл сөзімізге, ауылда жұмыс істеп тұрған тас ұсақтайтын карьер мен жақында пайдалануға берілетін құс фабрикасы дәлел бола алады. Соның арқасында 80-нен астам каменкалық жаңа жұмыс орындарымен қамтылмақшы. Оның үстіне, ауылға жаңа инвесторлар ат басын бұрып, егін шаруашылығын да дамытып жатқанын ауыл әкімі Людмила Огневскаяның сөзінен аңғардық.
Иә, киелі қазақ даласының ешқашан да ешкімді жатсынбайтынына осы бір мысалдан кейін де тағы бір көз жеткізе түскендейміз. Қуғын-сүргін жылдары қазақ халқын да небір арда ұлдарынан айырып, талай азап шектірсе де, сол бір жаралы жүректерден өзге ұлттың өкілдеріне де жылулық, мейірімділік табылды.
Каменка ауылы,
Астрахан ауданы.