Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бізден бетің қайтып болды-ау, туған тіл!.. - АРҚА АЖАРЫ

Бізден бетің қайтып болды-ау, туған тіл!..

Жуырда, атын атамай-ақ қояйын, редакция тапсырмасымен бір үкіметтік емес ұйым өткізген  жиналысқа қатыстым. Шақырушылар азаматтық сектор мен журналистердің арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды талқылаймыз, шараға Астанадан арнайы маман келеді дегесін, кәдімгідей құлшынып-ақ барғанбыз.

Амал не, бұл жиналыс та әдеттегідей басынан аяғына дейін ресми тілде өтті. Несін жасырайын, сол күнгі кездесуде ана тілімізде бір ауыз сөздің айтылмағаны арқама аяздай батты. Жиналыс біткесін әлгі үкіметтік емес ұйым жетекшісіне жолығып, «Шараны тым болмаса екі тілде қатар өткізуге болмас па еді?» деп сұрадым. Өзінің де ана тілі – қазақ тілі ғой, менің айтқанымнан кейін сәл ойланар деп үміттенгенім бекер болып шықты. Оның: «Өзіңіз ойланып көріңізші, қазақ тілінде сөйлейтін маман шақыртсақ,  оны бәрі бірдей түсіне бермейді. Сөйтіп, қомақты қаржыға ұйымдастырылатын шарамыз текке кетеді» деген жауабын естігеннен де естімегенім жақсы еді.
Ұят-ай! Қазақ бола тұра, ана тілімізге өзіміздің жанымыз ашымаса, өзгелерден нендей амал күтуіміз керек? Қазақ тілін ешкім түсінбейді деп өзіміз кері тарта берсек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы ешқашан да кеңеймейді. Жалғыз осы қоғамдық ұйым емес, қазіргі таңда қай жиналысқа барсаңыз да кездесуді жүргізіп отырғандар «Бәріне түсінікті болуы үшін орысша пікір алмасайық» деуді әдетке айналдырып алған.
Редакциямызға да кейде қазақтың әп-әдемі ұл-қыздары келіп, банк жұмысы, атап айтқанда, несие, депозиттер жайлы әңгіме өткізеді. Олардың қазақ басылымына келіп алып, жаңағындай «Бәріне түсінікті болуы үшін біз орысша сөйлейік» дегеніне аң-таң болмасқа амалымыз жоқ. Кейде ескерту жасалса, әп-сәтте ұмытып кетіп, қайтадан орысшаларына басады.
Шыны керек, не шықса да, бәрі өзімізден шығып жатыр. Тіліміздің әлі де тасада қалуына кінәлі мына сіздер мен біздер. Осы қазақты қазақша түсінбейді деуді қояйықшы. Бәрі түсінеді. Бұл мемлекеттік тілге жаны ашымайтын, халқының болашағын ойламайтындардың қазақша сөйлемеу үшін қасақана ойлап тапқан айла-тәсілі.   
 «Тіл жоқ жерде ұлт жоқ» деген даналық сөз текке айтылмаған, ағайын. Бүйте берсек, оған да таяу шығармыз…

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар