Асыл ағамыз, ұлтымыздың абызы, КСРО Халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық Қаһарманы, Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі болған Әз-ағамызбен жақынырақ танысуыма сол жылдардағы «Астана» журналының бас редакторы, жазушы қаламдасым Жұмагүл Саухат себепкер болып еді.
Жұмыс істейтін мекемелеріміздің арасы онша алыс болмағандықтан, Әз-ағаммен жиі жолығысып тұрдық. Ұлы адамдардың кішіпейіл болатыны белгілі. Әз-ағама журналдың тапсырысымен шығармашылығы туралы жазбақ мақсатымды айттым. Кейіннен ол мақалам «Әз-ағаның әлемі» деген атпен «Ару мен Арлан» атты кітабыма кірді, журналға жарияланды.
– Жақсы жазылған екен, інім. Кел,
коньяктан бірер жүз грамм алып қоялық – деді ағамыз, кабинетіне кіріп, кітабымды тапсырып тұрғанда. Сол жылы Әз-ағаға еріп, Қызылжар қаласына да бардым. Өзге ұлттары басым шаһардағы Погодин атындағы орыс драма театрында Әз-ағаң ұлы Ғабеңнің «Қозы көрпеш – Баян сұлуын» қойғаны есімде. Спектакльдің дайындығы кезінде орыс актерлерінің бірі Қозы сөзін Қазы деп шатастырғанын естігенде, Әз-ағаң: – Сіз менің есіме қазақтың қазы-қартасын түсіре бермеңіз, – деп, әзілдегені есімде қалып қойыпты. Сірә дә Петропавл басшылары сол жолы Әз-ағаңды дұрыстап қарсы ала алмаған болды-ау деп, ойлағам сонда. Артынан Әз-ағаң мені «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» атағына ұсынған.
Ұлтымыздың осынау ұлы перзентімен аз ғана уақыт болса да, таныс болғанымды күні бүгінге дейін мақтан тұтамын. Тағдырыма мың алғыс айтамын!
Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы.