Астанада «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» республикалық шарасы аясында Chevrolet көлігі ойнатылды. Осынау ұтысты ақмолалықтар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде онлайн көрсетілім арқылы көрді.
Аталған акция биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап, 30 қарашасына дейін аудандық, облыстық деңгейлерде өткізіліп келген болатын. Осы жолы республикалық деңгейде өткен лотереяда өңірлік жеңімпаздар арасында 100 мың теңге, 200 мың теңге, 300 мың теңге және жеңіл көлік ойнатылды. Жүлдені ұтып алу үшін акция ережесі бойынша азаматтарға дүкендерде тауар сатып алу кезінде түбіртек талап етіп, кейін оны арнайы лотереяға айырбастап алу қажет еді.
Бұл жолы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен акцияның қорытынды рәсімінде Chevrolet көлігінің иесі анықталды. Қазақстанда шығарылған аталмыш көлікке шығысқазақстандық Әлібек Мусин ие болды.
–Жеңімпаздарды тағы бір рет құттықтап қояйық! Келесі жылы да осы акцияға белсене қатысуға шақырамын. Түбіртектерді жинау арқылы біз сапасыз тауарлардан сақтанып қана қоймаймыз, сонымен қатар бюджет кірісін көбейтеміз, көлеңкелі бизнестің үлесін азайтамыз. Сәйкесінше еліміздің тұғыры бекіп, одан әрі дами түседі, – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Дәулет Ерғожин.
Оның айтуына қарағанда, келесі жылдан бастап, аталмыш лотереяның форматы өзгеріп, жалпыхалықтық сипатқа ие болмақ. Осы мақсатта «Қазақтелеком» компаниясымен уағдаластық та жасалынып қойылған көрінеді.
Аслан НЫҒМЕТЖАНҰЛЫ.