Ақмолалық полицейлер Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Мақтан тұтамыз және есімізде сақтаймыз!» акциясының аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, сол бір сұрапыл жылдары Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының адъютанты болған Айдархан Бәйкенұлын 90 жасымен құттықтады.
1925 жылдың 28 желтоқсанында бұрынғы Көкшетау облысының К.Маркс колхозында туған Айдархан Бәйкенұлы Ұлы Отан соғысының отты жалынымен 18 жасқа қараған шағында бетпе-бет келді. Сол бір сұрапыл жылдардың елесін бүгінде былай деп еске алады: «Бізді 8 гвардиялық дивизияға алып келді. Дивизияның командирі Бауыржан Момышұлы болатын. Күндердің бір күні мені қарулас жолдастарыммен барлауға жіберді. Бағытымыз өте ауыр болды, өйткені, жаудың тылынан өту керек еді. Небір қауіпті сәттер бастан өтті. Жауынгерлік тапсырма жақсы орындалғанымен, 26 жауынгердің ішінен 14-і ғана тірі оралды. Сол жолы мен ең бірінші марапатымды – ІІІ дәрежелі Даңқ орденін Бауыржан Момышұлының қолынан алдым».
– Соғыстың аты соғыс. Аш жүрген күндеріміз де аз болған жоқ. Бірақ, жаумен арпалысып жүрсең де, жадыңда ұмытылмастай жазылып қалатын ерекше сәттер де жадымда, – деп қарт ардагер өткен күндерін одан әрі есіне алды.
– Бауыржан Момышұлының адъютанты болып қызмет істеп жүрген кезім. Сол күні қарауылда тұру менің кезегім болатын. Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Байқамай қалғып кетіппін. Бір кезде неге ұйықтап тұрсың деп, дивизия командирі мұрнымды бұрап жібергенде көзімнен отым жарқ етті. Мұрынсыз қалатын шығармын деп ойладым. Алайда, бұл мен үшін өмір бойы үлкен сабақ болып қалды. Осындай жағдайда басқа емес, батыр Баукең ұстап алып жатса, не істесе де көтересің ғой. Осылай даңқты қолбасшының қол астында болғанымды өмір бойы мақтанышпен еске аламын.
– Соғыс кезінде үш рет жараландым, соңғысы – Латвия жерінде. Снаряд жарықшағы өкпемді тесіп өтті. 5 ай госпитальда жаттым. Соғысты 8-ші гвардиялық дивизияның инженерлік-саперлік батальонының командирі болып аяқтап, майдан жолында І, ІІ дәрежелі Отан соғысы, ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталдым. Кейін Ішкі істер министрлігінің Ташкент жоғары милиция мектебін бітіріп, білім алып, сан қилы еңбек жолынан өтіп, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметінен полковник шенімен зейнеткерлікке шықтым. Бірақ, қол қусырып қарап отыру маған жат. Сондықтан, 20 жыл бойы бұрынғы Көкшетау ауданында ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым. Басымнан небір қиыншылықтар өтті. Құдай қосқан қосағым ерте дүние салып, алты баламен жалғыз қалдым. Осы сол ұл-қыздарымның қызығын көріп, 15 немере, 13 шөбере сүйіп отырмын, – дейді сөзінің соңында Айдархан аға.
Облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәуітбек Аманжолұлы ержүрек майдангердің шаңырағында болып, қарияны 90 жасымен құттықтап, әлі де ұрпақтарының ортасында аман-есен, ұзақ өмір сүре беруіне тілектестігін білдірді.
Ақбота МҰҚАШЕВА,
Ақмола облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің маманы.