Ақмола Медиа орталығында облыстық наркологиялық оңалту орталығының бас дәрігері Серік Әшімовтың үстінен жазылған арыз-шағымға байланысты баспасөз мәслихаты болып өтті.
Баспасөз мәслихаты өте қызу өтті. Арызда мекеме басшысы қызметкерлерді себепсіз жұмыстан шығарып, тырнақ астынан кір іздегені туралы айтылған. Орталыққа жетекшілік еткен үш айдың ішінде жиырма бес адам жұмыстан босатылыпты. Тіпті, қызметкерлердің мінезі көңіліне жақпаса, еңбекақысын төмендеткені туралы да деректер келтірілген. Арызға жұмыстан кеткен азаматтардың барлығы өз қолдарын қойған.
Жиын барысында орталықтың бас дәрігері аталмыш лауазымға тағайындалғаннан бері атқарған жұмысын баяндап берді. Оның айтуынша, қызметкерлер жұмысқа белгіленген уақыттан кешігіп келеді, кейбіреулері ішімдік ішеді. Орталықты қабылдаған кезде ғимарат қысқа да-йын болмаған, ал, бес автокөлік жүруге жарамсыз болып шығыпты. Есепшінің жасаған есебі негізінде үш жарым миллион теңге жетіспейтіні анықталған. Бұл қаражатқа мекемеге қажетті құрал-жабдықтар алынуы тиіс екен. Сонымен бірге, жұмыстан кеткендер өз тараптарынан болған қателіктерін мойындамай, арыз жазғандары дұрыс емес деген уәж айтты. Енді Серік Әшімов оларды сотқа бермекші. Ол барлық жалалар негізсіз, оны дәлелдеу үшін қажетті құжаттар қолымда деді. Бұл жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы да жоққа шығармады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.