Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
24 келі кірдің тасын 131 рет көтерген - АРҚА АЖАРЫ

24 келі кірдің тасын 131 рет көтерген

жерлесіміз Меруерт Сүлейменова биыл әлем чемпионы атанды

Ирландия мемлекеті. Кір көтеру спортынан халықаралық жарыс жүріп жатыр. Әлемнің 39 елінен келген 700-ге жуық спортшы әлем чемпионы атағына талас үстінде. Бірінен-бірі озған өңшең мықтылар кезекпен өнерлерін көрсетуде. Бір кезде қаршадай қазақ қызы қолына салмағы 24 келі зілдей кірдің тасын алып, оны айналдырған он минуттың ішінде 131 рет көтергенде доданы тамашалап отырған жұрт аң-таң күйге енді. Бұл қарсыластарын шаң қаптырып, әлем чемпионы атанған жерлесіміз Меруерт Сүлейменованың жеңісті сәті еді.
Спортшы қыздың бұл жеңісіне ел болып қуанғанымыз рас. Облысымыздың Астрахан ауданына қарасты Жарсуат ауылынан шыққан он сегіз жасар бойжеткен әлемдік додада жеңіске жетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Міне, бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы. Меруерттің таза еңбекпен және қазақ қызына тән қайсарлығының арқасында келген осы жеңісі өтіп бара жатқан 2015 жылдың айтулы оқиғаларының қатарына енді десек, қателеспейміз.   
Көпшілік Меруертті әлем чемпионы деп білсе, ал, отбасы үшін ол  ибалы да инабатты қыз. Оның ақжарқын мінезіне, қарапайымдылығына  телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында тәнті болдық. Отбасында өзімен қатар, үш бауыры да спортпен кәсіби деңгейде  айналысады екен. Інісі Найзабек Сүлейменов күрестен облыс чемпионы. Ал, кейіпкерімізден спортқа қалай келгені жайлы сұрағанымызда ол былайша ой бөлісті.
– Мені спортқа жетелеп алып келген Жарсуат ауылдық округінің әкімі Құралбек Сағындықұлы болатын. Ал, қазіргі жаттықтырушым Бақтияр Жұмабеков қабілетімді одан әрі шыңдай түсті. Осы абзал ағаларға және шет елге жарысқа баруға қаржылай  демеушілік көрсеткені үшін аудан әкімі Талғат Ерсейітовке айтар алғысым шексіз. Әрине, мұндай дәрежеге оңайлықпен қол жеткізе салған жоқпын. Әлемдік жарысқа дайындалу мен әдеттегі жаттығулар мүлде екі бөлек нәрсе. Дублиндегі жеңісім ең әуелі Алланың арқасында болса, екіншіден ауылдағы ақсақалдардың ақ батасының қабыл болғаны деп білемін.
Иә, жеңіс ешқашан да оңайлықпен келмейді. Меруерттің небары он сегіз жасында халықаралық деңгейге көтерілуінде әжесінің де қосқан үлесі аз емес. Жасы жетпіске таяса да, балаларының қолы тимеген кезде ол кісі көлікті өзі тізгіндеп, немересін Жарсуат ауылынан Жалтыр бекетіне жаттығуға апарып жүріпті. Меруертпен қоса алғанда тағы он төрт немересінің барлығы да осы әжейдің қолында өскен екен.    
Бірыңғай ұлдардың арасында өскендіктен болар, кейіпкеріміз дала шаруасына жақын. Бауырларымен бірге мал жайлайды, шөп шабады. Алғашында бойжеткен кір көтеру спортымен шұғылданамын дегенде үй іші қарсы болыпты. Әсіресе, ағалары қыздардың бұл спорт түрімен айналысқаны оғаш көрінетінін айтып, райынан қайтарғысы келген екен. Әйтсе де, ауыл қызының айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезі оны дәл осы спорт түрінде зор жетістіктерге жетелеп алып келді. Биыл Ирландияда өткен жарысқа да Меруерт халықаралық санаттағы спорт шебері дәрежесін иеленемін деген мақсатпен барған екен. Әрі соған өзінің зор талабының арқасында жетті де!
Кейіпкеріміздің облыстық, республикалық жарыстардан алған жүлделі орындары аз емес. Мәселен, өткен жылы Ақсу қаласында қыздар арасында өткізілген кір көтеру спорты бойынша республикалық жарыста қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Алайда, ол жетістіктермен тоқмейілсігенді ұнатпайды. Себебі, болашаққа деген жоспарлары бұдан да маңызды. Аудандағы агротехникалық колледжді фермер мамандығы бойынша тәмамдаған ол жаңа жылда Астанада оқуын одан әрі жалғастырғысы келеді. Бұған қоса, қазіргі айналысып жүрген спорттан боксқа ауысатын ойы бар. Мұның себебін сұрағанымызда, ол кір көтерудің олимпиадалық спорт түріне жатпайтындығын, сондықтан, еліміздің көк байрағын Олимпиада ойындарында желбірету үшін спорттың басқа түріне ойысқысы  келетінін айтты.
–Қай жарысқа барсам да, алдымен Алла қолдаса екен деймін. Өзімнің туып-өскен ауылымды әлемге танытқаныма қатты қуанамын. Алып қалаларда ғана емес, шалғайдағы ауылдарда да дарынды ұл-қыздар барын көпшілік білсін, – дейді спортшы. Сөз соңында Меруерт осы мақаламыз арқылы барша ақмолалықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтауымызды өтініп, әр шаңыраққа бақыт, денсаулық тіледі. Жүрегі отансүйгіштік пен ізгілікке толы осындай өрімдей бойжеткенге жерлестерінің де айтар ақ тілегі көп деп ойлаймыз. Ендеше, Меруерт сіңілімізге жоспарларың орындалсын, жаңа жылда да алар асуларың биік болсын демекпіз!     

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар