Танымал қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Қоянды орта мектебінің директоры Жәди Шәкенұлына Халықаралық Шыңғысхан Академиясының толық мүшесі-академик атағы берілді.
Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің бас кеңесшісі Еркінбайыр келіп, Шыңғысхан атындағы Алтын жұлдыз орденін табыс етті.
Елшілік өкілдерінің айтуынша Жәди Шәкенұлының көшпенділердің даңқын әлемге паш етуде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жәди Шәкенұлы баспасөз саласында ұзақ жыл қызмет еткен адам. «Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қандастар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақ балапан», «Жәнібек батыр» жинақтарының авторы. «Шыңғысхан әулеті және хан тұқымынан төре қою», «Шығыс Түркістан мәселелері», «Оспан батыр» тақырыбындағы зерттеу еңбектері өз алдына бір төбе. Қаламгер «Тәуелсіздік тағылымы», «Арманшыл бала» жинақтары үшін халықаралық кітап жәрмеңкесінде арнайы марапатталған.
Бөрікті елдің көрікті ұрпағын тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Жәди Шәкенұлына асыл ой, ұшқыр қарым, шығармашылық табыс тілейміз.
Екпін СЕРІКБОСЫНҰЛЫ.
Целиноград ауданы.