Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Табиғаты сұлу, тарихы бай Мақпалым - АРҚА АЖАРЫ

Табиғаты сұлу, тарихы бай Мақпалым

Әркімге өзінің туған жері ыстық. Өйткені, ол сенің сәбилік кезің, балалық дәуренің, жастық шағың өткен алтын бесігің. Ауылымыздың атауы Мақпал, бұрынғы аты Карл Маркс.

Ал, егер сол туған жеріңнің табиғаты, атақты Бурабайдың әсемдігіндей, сұлулығындай көркем болып келсе ше? Тіпті, де тамаша емес пе! Тау десе тауы бар, көл десе көлі бар, орман десе орманы бар. Тастары ше, беттері теп-тегіс, ұзындығы 4-5, көлденеңі 2-3 метр, шебер қолдардың өңдеуінен өткендей. Осы
тастарды Ақмола облысының әр жерінен келіп, зираттың басына қоюға алып кетіп жатады. Жазуын ауылдағы шеберлерге жаздыртып алады.
Орман – кәдімгі  атақты Бұланды орманы. Мақпал ауылы Бұландының шығыс жақ іргесінде орналасқан. Бұланды Бурабай орманына дейін жалғасып жатыр. Қарағайлары оқтаудай тіп-тік, бүршік жарып, өсіп, көбейіп жатыр. Қайыңдары қыпша белді жас арулардай, бастарына жасыл шәлі оранып, сыбыр-сыбыр сөйлесіп жатқандай. Мақпал тауы екеу. Біреуін кіші Мақпал, екіншісін үлкен Мақпал дейді. Кіші Мақпал жақын болғандықтан, бала кезімізде жиі барып тұратынбыз. Төбесінде тас орындық бар болатын, біреу қолмен қашап, әдейі жасап қойғандай. Ауылдың шығыс жағында Мақпал көлі бар. Көл шағын ғана, кішіректеу.
Үлкен Мақпал тауы ауылдың солтүстік батыс жағында. Бергі жағы ылдилау, арғы жағы құлама тік жар. Аңыздың айтуы бойынша Мақпал деген қыз шалға тигенше өлгенім артық деп, осы жардан құлаған дейді. Содан тау Мақпал деп аталған, көлдің де, ауылдың да аты – Мақпал. Үлкен Мақпалдың үстіне шыққанда, көкжиек кеңейіп, алыстағы ауылдардың төбелері көрініп тұрады. Ауыл маңы қасиетті жер атауларына толы: Қосағаш, Аяққұдық, Жалғыз топ, Жаман шоқ, Шегебай, Байбағыс, Орта тау, Аю төбе, Жыланды-Қарагер, Шоқай өзегі. Осыған байланысты аңызға бергісіз, ертегідей жаныңды еліктіріп әкететін әңгімелер қаншама.
Соның бірі – Байбағыс төбесі туралы. Ертеде Кереку жағынан бір топ адам Петропавлға дін съезіне бара жатып, осы төбенің басына қоныпты. От жағып, ошақ қойып, ас ішіп, кешке қонаға жатқан екен. Іштерінде Байбағыс деген діндар адам ауырып қалып, осы жерде жан тапсыратынын сезіп, жанындағыларға «мені ешқайда тасып әуреленбеңдер, бұйырған жер осы шығар, осы жерге қойыңдар» деп өсиет айтады. Бертін ұжымшар құрылғанға дейін қойылған белгі тасы болыпты. Құрғақшылық жылдары әкелеріміз осы киелі төбеге келіп, тасаттық беріп, дұға оқып, тілеген тілектері орындалып жүрген.
Аю төбе атауы Аю атамыздың құрметіне қойылған. Бір кездері орманның ішінде аюлар пайда болып, зираттағы адамдардың қабірлерін қопарып, елге тыныштық бермепті. Аю атамыз батыр, өжет кісі болса керек, сол аюларға қарсы шығыпты. Кездескендерін қуып, ел маңына жолатпаған. Қорыққан аюлар үркіп, Бурабай жағына ауып кетіпті. Аю ол кісінің лақап аты. Ауылымыздағы Әли Әлиқұлұлының, Қалима Шәйкенқызының, Рамазан Тайшықовтың, Тұрғанбек Нұрғалиевтің, Сағындық Нұржанұлының аталары осы Аю атадан тарайды. Кәрім Шоқаевтың, Жәтәй Қинаятқызының аналары да Аю атаның ұрпақтары.
Жыланды-Қарагер біздің үйдің төбесінен қарағанда өте әдемі, суретшінің қаламынан туындаған керемет құбылыстай көрінетін. Біз өзіміз де бала кезімізде суретін салуға құмар болатынбыз. Жыланды деп аталатын себебі, бұл төбеде бұрынғы уақытта жыланның ордасы болыпты. Кейін жердің бәрі жыртылып, трактор гуілі үдеген кезде басқа жаққа ауып кеткен.
Көңілге жылы тиетін Шегебай, Аяққұдық, Жаманшоқ атаулары да бір-бір тарих. Аталарымыз бен аналарымыздың белдері бүгіліп, табан ет, маңдай терімен адал еңбек еткен жерлерінің осы атаулары кейінгі ұрпақтарға, біздерге қалдырған ескерткіш іспеттес. Ауылдың әсем табиғатына арналған, жүректі тербетіп, балалық балауса кездерді еске түсіретін жырлар да баршылық. Соның бірін мысал ретінде келтірейік:
Мақпал тау, Мақпал ауыл, Мақпал көлім,
Сыртыңнан сені айтып, мақтан көрдім.
Туған жер, сенің ыстық құшағыңды,
Жырлай бергім келеді, жырлай бергім.

Батысыңда Орта тау өрлеп жатыр,
Шығысыңда Қарагер көлбеу жатыр.
Мақпал тауы екеуінің ортасында,
Өр тұлғалы бейне бір дара батыр.

Сенде өтті достармен жастық шағым,
Сенде жақтым алғашқы білім шамын.
Сағынышпен, аңсаумен еске аламын,
Балалықтың балауса жасыл бағын.
Біздің ауылдың тағы бір ерекшелігі, түрлі себептермен әр жерден көшіп келіп, сіңісіп кеткен ағайындар да баршылық. Айталық, Қарағандының арғы жағынан, Нұра ауданынан Арғынға жататын Тоқа руының бір бұтағы көшіп келген. Найманға жататын Сәрке руынан тараған ағайындар мекендеген. Жергілікті жердегі Ақсары Керей, Арғын ақсақалдары ата баласы келіпті деп жылы қабақ, кең пейіл танытып, жер бөліп беріп, бауырларына тартқан екен. Кейін Сәрке, Шуылдақ, Құстек, Мақпал, Көшербай ауылдарын біріктіріп, колхоздастырған уақытта, осы ағайындар шаруашылықтың өркендеуіне көп үлестерін қосты.
Соғыстың алдында ауылға мордвалар да көшіп келді. Бұл он шақты үй де елге сыйысып, тонның ішкі бауындай араласып кетті. Қазақша сөйлеп, балалары қазақ мектебінде оқыды. Қолдары да шебер еді, әсіресе, техникаға жетік болатын.
Елге танымал атақты тұлғалардың туысқандарының тұруы да біздің ауылдың шоқтығын көтере түседі. Мақпал ауылының негізін құрайтын аталар Ақсары Керейден тарағандар, яғни, Біржан салдың аталас
туыстары.
Үйсін Қазанғаптың он баласы болған, екінші баласы Жарықшақтан Балуан Шолақтың әкесі туған. Көрнекті мемлекет қайраткері Әбілқайыр Досовтың атасы Достан Ысқақ, Бәшір атты екі ұл туған. Ысқақ Әбілқайырдың әкесі.
Осындай табиғаты тамаша, текті ауылдардың дамуына жеткілікті көңіл бөлініп, тиісті шаралар қолға алынса, еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосқан болар еді.

Айтпай САҒЫНБАЕВ,
зейнеткер.  

    Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар