Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңарған Оразақ - АРҚА АЖАРЫ

Жаңарған Оразақ

Өтіп бара жатқан жылдың көктемі Оразақ ауылының тұрғындары үшін естен кетпес оқиғаларға толы болғандығы белгілі. Ерте көктемде еріген қар суы ауылдың жартысынан астамын басып қалып, екі жүзге тарта үй тұруға жарамсыз болып қалды. Көктемнің қара суығында баспанасынан, барлық мүлкінен айырылып, бала-шағасымен далада қалған адамдардың уайымдарын сөзбен айтып жеткізу қиын әрине.

– Жылдар бойы тұрған үйім су астында қалып, шарасыздықтан не істерімді білмей абыржығандардың бірі менмін, – дейді Оразақ ауылының тұрғыны Жамбыл Тасыбеков. – Топан су қаптағанда үйім құлап, төсек-орын, жиһаз, мүлік дегендей, жылдар бойы жинап-тергеннің бәрі жарамсыз болып қалды. Әйелім екеуіміз төрт баламен далада қалғанымызда қандай күйге түскенімді қазір есіме де алғым келмейді. Құдай бетін аулақ қылсын, екі-үш үй құласа ауыл тұрғындары жабылып, көрші-қолаң көмектесіп дегендей, уақытша қиындықты тез арада жеңуге болатын шығар. Ал енді ауылдың жартысына жуығы су астында қалғанда қайда барарыңды білмей сасады екенсің.
Рас, алғашқы сәттерден-ақ, жан-жақтан көмек келе бастады. Аудан, облыс басшылары қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Сондай-ақ, топан судан аман қалған тұрғындар, басқа елді мекендер тұрғындары мен шаруашылық басшылары көмекке келді. Алғашқы күндері тіпті қиын болды. Айнала айқай-шу, қайда барарын білмей абдыраған жұрт, жылаған әйелдер мен балалар… – Бірнеше ауылды басып қалған су екі ай бойы тұрып, жұмысқа қол байлау болды, – дейді бізбен әңгімесінде Оразақ ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қосымбеков.
–Бұл бұрын-соңды болмаған табиғат апаты еді. Көнекөз қарттардың өзі мұндай су тасқынын көрмеген екен. Сонау 1993 жылы да көктемде мол су келген, бірақ, тап осындай орасан зор шығын әкелген жоқ. Әрине, мұндай жағдайда тұрғындардың, әсіресе зардап шеккендердің көңіл-күйлері қандай болатындығы белгілі ғой. Біреу шүкіршілікпен қараса, енді біреулер есеңгіреп қалды. «Неге тез көмектеспейсіңдер?» деп шу шығарғандар да, жан-жаққа шағымданғандар да аз болған жоқ. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің проб-лемаларды жедел шешуге кірісуі, барлық мүмкіндіктерді толық пайдаланып, тиісті органдардың бәрін жұмылдыра білуінің арқасында топан судан зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетілді.
Шынында да, Оразақ ауылының биылғы көктемдегі жағдайы өте аянышты еді. Бір сәтте екі жүз отбасының  далада қалуы апаттың қаншалықты ауқымды болғанын аңғартады. Мұндай  кезде шарасыздықтан оңды-солды сенделген жұртты тыныштандырып, мән-жайды түсіндірудің өзі оңай шаруа емес.
Абырой болғанда, аудан, облыс басшылары Үкіметке апаттың қаншалықты зиян әкелгендігін бүкпесіз жеткізіп, арнайы қаржы бөлуге қол жеткізді. Бүгінде оның бәрі ұмытыла бастады, дегенмен, айта кету артық болмас. Мәселен, Үкімет бөлген қаржы уақытында түспей, облыс әкімі Сергей Кулагин Оразақ ауылында жаңадан 100 үй салу үшін тендерден өткен құрылыс компанияларын ақша түскенше өз қаржылары есебінен жұмысты бас-
тай беруге көндіре алды. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, екі ай бойы тартылмай тұрған су да жұмысты бастауға кедергі болды.
– Өзімізге тиесілі  екі пәтерлі 87 үйдің құрылысын толық аяқтадық, –  дейді «Искер ТТЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Автахун Маметьяров. –Енді ол үйлерді, аулаларды, көшелерді абаттандыруға кірістік. Рас, үйлерді арнайы комиссия әлі толық пайдалануға қабылдаған жоқ. Қарапайым тілмен айтсам, құжаттары  толық рәсімделмеген. Дегенмен, жаз бойы палаткаларды паналаған жұрт суық түсе өздеріне тиесілі пәтерлерге кіріп алды.
Бүгінде Оразақ ауылына жолыңыз түссе жаңадан салынған, көшелерінде электр жарығы орнатылған бір шағын ауданға тап боласыз. Екі пәтерлі 100 үйдің әр пәтері 83 шаршы метрден. Ыстық су, суық су, кәріз жүйесі бар. Су жылытатын қондырғы мен газ плиталары да орнатылған. Алғашқыда әр отбасына 59 мың теңгеден бір реттік ақшалай көмек көрсетілсе, алдағы жылдың ақпан айына таман әр жанұяға жарамсыз болған мүліктерінің орнын толтыру үшін тағы да қаржылай көмек көрсетілуге тиіс. Енді осыған әр үйге мал қорасына дейін тұрғызылып бергендігін қоссақ, шынын айту керек, зардап шеккендер үшін «шүкір» дейтіндей жағдай бар.
– Шынын айтайын, Үкімет беріп отырған қазіргі үйімнің сапасы бұрынғы баспанамнан көш ілгері, – дейді қоныс тойын тойлаған Жамбыл Тасыбеков. – Өзі бүгінде осы үйлерді тұрғызған құрылыс компаниясында жұмыс істеймін. Яғни, құрылыстың басы-қасында жүргендердің бірімін. Әрине, жоғарыда айтып өткенімдей, үйім су астында қалғанда өзім сияқты қиындыққа тап болған көршілерім сияқты мен де қиналдым. Әйтеуір, жан-жақтан келген көмектердің, аудан, облыс басшыларының қамқорлықтарының арқасында басқа түскен ауыртпашылықты жеңе білдік. Бұл тұрғыдан алып келгенде 2015 жыл біз – Оразақ ауылының көптеген тұрғындары үшін қиындығы да, қуанышы да мол жыл болды. Ал, келе жатқан Мешін жылы тек жақсылықтарға толы болғай. Аудан, облыс басшылары да, құрылысшылар да, тұрғындар да бір сыннан өттік. Ең бастысы – қиындықтарды бірлесе жеңе білдік. Сол қуантады.
Бір назар аударарлығы, Оразақ ауылы тұрғындары арасында апатты жағдай туындағанда «кім көмек береді?» деумен шектелмей, су тасқынының зардаптарын жоюға құлшына кірісіп, ісекерлік танытқан тұрғындар да аз болған жоқ. Солардың бірі – Шарифолла Әбенов.
– Әрине, басымызға қиындық түскенде жан-жақтан,  аудан, облыс басшылары мен түрлі кәсіпорындар мен мекемелерден көмек келетіндігіне күмәніміз болған жоқ, – дейді ол. – Дегенмен, өзіміз де мүмкіндігімізше қимылдауымыз қажет қой. Осындай оймен мен қолынан іс келетін жігіттерді жинап арнайы бригада құрдым. Осылайша, «Искер ТТЖ» серіктестігінің  құрамында жаңадан салынған үйлерге су құбырын жүргізумен айналыстық. Өзіңіз көргендей, бүгінде жаңадан салынған ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Біздің жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта біз осы ауылдың  су құбыры мен үйлердегі су жүйелеріне қызмет көрсетіп, ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеміз.
Біз Оразақ ауылына ат басын тіреп, жаңа ауыл құрылысымен айналысатын «Искер ТТЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанымызда жаңадан салынған үйлердің сапасы, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар тұрғысында көптеген сұрақтарымен келіп жатқан тұрғындарды көрдік. Рас, кейбір тұрғындар тараптарынан әлі де болса аз-кем шағымдар жоқ емес. Үйлер салынып біткенімен құрылыс барысында орын алатын кейбір ақаулар да бар. Бірақ, олардың бәрі өз кезегінде орын-орындарына келтірілуде.
Шындығында айналдырған екі-үй айдың ішінде жаңадан бір ауыл тұрғызу  айтуға ғана оңай. Зер салып байқасақ, мұндай ауқымды жобаны іске асыру үшін қаншама қаржы, қаншама ұйымдастырушылық жұмыстар қажет. Абырой болғанда, мұның бәрі іске асырылды. Бүгінде Оразақ ауылының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары жаңа баспанаға ие болып, Жаңа жылды жаңа үйлерінде қарсы алғалы отыр. Ауылдың байырғы тұрғыны Жамбыл Сауытжанұлы Тасыбеков айтқандай, 2015 жыл қиындығы да, қуанышы да өте мол жыл болды. Ал, ең бастысы, басқа түскен қиындықты жеңе білдік.
      Талғат ҚАСЕН
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар